«Төсекті қаламаймын, бірақ ажырасқым келмейді»: ақтөбелік келіншек шаңырағын сақтап қалудың амалын іздеп жүр

0
57 341

«Жүйкем сыр бере бастаған сияқты»


«Төсекті қаламаймын, бірақ ажырасқым келмейді»: ақтөбелік келіншек шаңырағын сақтап қалудың амалын іздеп жүр
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Жасым – 32-де, үш баланың анасымын. Сырттан қарағанда біздің отбасы өте бақытты сияқты көрінеді. Бірақ мен өзімді бақыттымын деп айта алмаймын. Ішімдегі жан сырымды біреумен бөлісуге де ұяламын. Сол себепті өздеріңізге хабарласып отырмын», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Жарқынай есімді келіншек.


«Біз күйеуім екеуіміз бір-бірімізді ұнатып, екі жыл жүріп, сүйіп қосылдық. Алғашқы уақытта біздің отбасылық қарым-қатынасымыз әжептеуір жақсы еді. Ол да, мен де жұмыс істейміз. Бірге барып, бірге келеміз. Әлі бір-бірімізге деген сезіміміз басылмаған, керемет уақыттарды бастан кешірдік.


Бірақ мен көп ұзамай декреттік демалысқа шықтым да, үйде отыруға мәжбүр болдым. Әбден жұмыс істеп, сыртта жүрген адамға декреттік демалысқа шыға салу оңай емес екен. Оның үстіне үйде енең, енеңнің енесі бар болса, олардың әр сөзіне төтеп беру, келіндік қызметті мінсіз атқару оңай тимейді. Мен де кішігірім күйзелісті бастан кешірдім. Күйеуім ауданда істейді, таң атпай кетеді, содан түннің бір уағына дейін келмей қояды. Ондайда неше түрлі ойлар келе бастайды.

«Жұмыстамыз, тексеру келетін болып, бәріміз қағаздарымызды реттестіріп жатырмыз, маған қарама, ұйықтай бер» деген әңгімелер жиілей бастады. Осындай жағдайлар арамызды алыстатып жіберді-ау деймін, менің оған деген сезімім, ынтызарлығым бәсеңдеп қалған сияқты.


Бір жолы ішіп келіп, «Сен мені айыптамашы, жігіттермен саунаға барып едік...» деп ішіндегі сырын ашып қойды. Оны естіген соң, маған жасаған опасыздығы үшін ішім мұздап сала берді. Содан бері көңілім су сепкендей басылып қалған. Бұрынғыдай алып-ұшқан сезім жоқ.


Жо-жоқ, былай ұнатамын, тәп-тәуір күйеу, негізі. Жұмысы бар. Бір жылдан бері жұмысы қалаға ауысқан. Бір бөлмелі пәтер жалдап тұрамыз. Үш баламен аядай үйде тұру оңай емес. Өзім қазір де декреттік демалыстамын. Отбасымыздың асыраушысы жалғыз өзі. Әйтеуір барынша тырысып жүр. Тапқан табысының бір бөлігін банкке жинап, баспаналы болуға барынша әрекет етіп жатыр. «Үй алғанша қоя тұр» деген сөзі санама сіңіп қалған, әйел болып, еркелеп «Маған көйлек керек, алтын керек» деп сұрамаппын. Бітпейтін күйбең тіршілік әйтеуір...


Соңғы кездері өзіме қараудан қалдым. «Енді ғана босандым ғой» деген сылтаумен артық салмақ қосып алдым. Несін айтайын, қыз күнімдегі сымбатым жоқ. Десе де күйеуім ешқашан оны бетіме басқан емес. Керісінше, төсекке сүйреуден шаршамайды. Ал мен оны мүлдем қаламаймын. Жұбайы ретіндегі парызымды орындауда қатты қиналамын.


Күнде бір сылтау ойлап тауып жүрмін. Бір күні басым ауырады, тағы бірде балалар ұйықтасын деймін... Кейде амалдың жоғынан міндетімді атқарамын... Онда да күйеуімнің намысына тимейіші, көңілі қалмасын деп көнемін. Әйтпесе төсек қатынасына деген құмарлығым мүлдем өшіп кеткендей.


Осындай селқостығым енді өзіме сор болып жабысты. Күйеуім қит етсе қызғанады. Сәл боянып, киініп, көшеге шығар болсам, кешке міндетті түрде сұрақ-жауап, ұрыс болады. Сондағысы «сенің біреуің бар ма, маған келгенде үнемі басың ауырып тұрады, көшеге шықсаң, құлпырып кетесің» деп кінә артады. Ал менің төсек қатынасын мүлдем қаламайтынымды оған айта алмай жүрмін. Бұл әңгіме оны менен суытып жіберетін сияқты.


Осындай жағдайлар енді менің жүйкеме әсер ете бастағандай. Соңғы кезде тым қатты ашуланшақ болып кеттім. Балаларыма да жөнді-жөнсіз айқайлайтын болыппын. Оны өзім білемін, бірақ дер кезінде ашуға бой алдырамын да, өзімді ұстай алмай қаламын.


Қысқасы, әжептеуір отбасымның күннен күнге берекесі кетіп жатқан сияқты. Оған кезінде менің сезімімді сыйламай, баламен декретте отырғанда қыдырып, көңіл көтеріп жүрген күйеуім кінәлі ме, әлде өзім бе? Түсіне алар емеспін. Ажырасқым келмейді, онсыз өмір сүре алмаймын. Бірақ әйелі ретінде парызымды өтеуден қиналамын. Бұл тығырықтан шығатын жол бар ма?»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Құдамыз қорадағы малды ұрлады»: түркістандық әйел отбасындағы ұятты жағдайды жайып салды


«Сені көрсем ұрғым келе береді» дейді»: алматылық келіншек күйеуінен ажырасқанына өзін кінәлі сезінеді