​«Үйімізді банкке қойып, ақшамен қашып кетті»: қартайғанда қарызға батқан ана келінін кінәлайды

0
2 938

«Баласына да қараған жоқ»


​«Үйімізді банкке қойып, ақшамен қашып кетті»: қартайғанда қарызға батқан ана келінін кінәлайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген сөз бар, балаңның таңдап, алған жары адал болса, ата-ана үшін одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Десе де адамның ниеті мен пиғылын бірден табу қиын. Жымысқы оймен, бақай есеппен тұрмысқа шығып, одан пайда табуды көздейтіндер қазір көбейгендігі ел арасында көп айтылады.


Алматылық Жұпаркүл есімді апа ERNUR.KZ редакциясына хабарласып, келіннің кесірінен қарызға белшеден батқанын айтып отыр. Ол оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ айтып берді.


«Отызға келген балам «мама, мен үйленемін» дегенде жүрегім жарылардай қуандым. «Мама, келініңіз өзге ұлттың өкілі» дегенде де уайымдаған жоқпын. Қандай ұлт екенін айтпай-ақ қояйын, бастысы мұсылман еді. «Екеуің жарасып кетсеңдер бопты» деп той қамына кірісіп кеттік. Күйеуім сол кезде қарсы болған еді. «Үйленем десе қазақтың қызы құрып қалып па?» деп шу шығарған. Әрең көндіргенмін. Таныстарым да, «байқашы, сыры мәлім жерден алмадың ба?» деп айтқан. Бірақ мен ешкімнің сөзін елемедім.


Үлкен ұл мен келін еншісін алып кеткен-тұғын. Олар ай бұрын үйге келіп, үйдің іші-сыртын сылап, менімен бірге қаражаттап, әбден шабылдық. Қыздың ата-анасы «біздің салтымыз бойынша келіңіздер» деген соң барынша тыраштандық.

Алғашқы айларда келінім өте жуас, елгезек еді. Мен мектепте мұғаліммін, зейнетке шығуыма бес жыл қалған. Жолдасым да, балам да жұмыста. Келін таңнан кешке дейін үйде. Бірақ бір тындырымды тірлігін көрмедім. Салақ екен, таңертең біз ішкен ыдыстар кешке келсек тау болып үйіліп тұрады. «Балам-ау, мынауың не? Кешке дейін бір ыдысты жуа алмай не бітіріп отырсың?» деп бір-екі мәрте сөйлегенмін. «Апа, мен үйде отырып жалықтым, сауда жасасам қайтеді?» деп шықты. Баламды да көндіріп қойған екен. Шалым екеуміз тапқан-таянғанымызды екеуінің қолына ұстаттық. Базардан орын алып, киім-кешек сата бастады. Негізі келіннің ақшасына қарап қалған жеріміз жоқ. Бәріміздің айлығымыз бар. Сонда да келін қарайып қалмасын, бірдеңемен айналыссын деп ойлағанмын. Соным бекер болған екен.


Келін тауарға барып келемін деп төркініне барып, апталап жатып алады. Саудадан қолым енді босады деп үйге кеш бата, қас қарая бір-ақ келеді. Онысына да көз жұма қарадым. Бар ойым «балалар тату болып, бір отбасына айналып кетсе, өздерінен өсіп-өнсе» деп тіледім. Үйленгеніне екі жыл болғанда келінім «апа, менің аяғым ауыр» деп қуантты.


Айы-күні жетіп келінім шекесі торсықтай ұл босанды. Дүрілдетіп шілдехана тойын жасап, құдаларды қонақ етіп, барынша шашылдық. Бірақ ол үшін еш өкінген жоқпын. Немерелі болғаныма шын қуанып жүре беріппін.


О баста жолдасым «менің жүрегімнің жиі сыр беретінін білесің. Бала да жас емес, сондықтан көзімнің тірісінде мына үйді баланың атына аударып қояйын» деп ақылдасқан. Онысын құптап, бүкіл құжатты баламыздың атына ауыстырып қойғанбыз. Орда бұзар жастан асса да баламда ақыл жоқ екен. Әйелі сауда бастарда «Мына үйді банкке тігіп, несие алайық, саудамыз жақсы жүріп жатса тез-тез төлеп, құтылып қоямыз» деген. Оны балам құптап, екеуі біз тұратын үлкен үйді кепілге қойып жіберген. Келінімнің ол ақшаны саудаға салғанын да, салмай, басқа мақсатта пайдаланғанын да білмеймін. Балалы болған соң саудасы ақсап қалды да, банктен алған қарыздың үстемесі өсіп кетіпті.


Оны біз кейін білдік. Балам ішімдікке үйір бола бастады. Келін екеуі бөлмесіне кіріп алады да, ұрыса жөнеледі. «Сендерге не көрінді?» деп сұрасақ, ашылып ештеңе айтпайды. Бір күні балам шыдай алмады, «Мама, мен сіздердің сенімдеріңізден шыға алмадым. Мына қара шаңырақты банкке тігіп, несие алып едік, соның қарызынан құтыла алмай күйіп-пісіп жүрмін» деп жылады. «Алған ақшаларың қайда?» деп ашуым басыма шапты. «Саудаға салып едік, банкрот болдық» деп келін екеуі міңгірлеп тұр.


Құдай өзі кешірсін, сол ақшаның саудаға салынғанына күмәндандым. «Жарытып тауып жатқан табыстарың жоқ, базардағы заттарың да пәлен миллионның заты деуге келмейді. Сен төркініңе асырып жіберген шығарсың?!» деп келінімді біраз қыспақ болғанмын.


«Менің төркінім тиын-тебенге зәру емес. Мені ұры санайтын үйде бір минут та қала алмайды екенмін» деп киім-кешегін жинады да, үйден кетіп қалды. Бір жастағы баласына да қараған жоқ. «Мына үйдің табалдырығын енді аттамаймын, баланы өздерің бағыңдар» деп, баладан түбегейлі бас тартты.


Сөйтсем келінім кететінін біраздан бері жоспарлап жүрген сияқты. Базардағы заттарын көтерме бағамен айналасындағы адамдарға өткізіп қойыпты. Оны пұлдап, банктен алған ақшаны жамбасына басып, тайып тұрды. Содан бері келіннен еш хабар жоқ. «Маған ұры қатын керек емес. Басында бекер үйленген екенмін» деп балам күйіп-пісіп отыр.


Асылық етсем Алла кешірсін, осы күні немереме қараймын да, «осы бала шынымен баламдікі ме» деп ойланып қаламын. Қайдан білейін, келінім тауарға кеттім деп апталап жоқ болып кетеді, ол жақта немен айналысқанын кім білсін? Әйтеуір бізді тақырға отырғызып кетті. Көптің бетіне қарай алмай, жерге кіріп кете жаздадық.


Қазір күйеуім мен балам тапқан табысын банкке құйып отыр. Менің жалақым күнделікті тамаққа жұмсалады. Осылай өмір өтіп жатыр. Балама жақсы қыз іздеймін, тұрмысқа шығып, бағы ашылмаған, бірақ мінезі жайлы, жүрегінде иманы бар қыз-келіншектер болса, келін қылып алар едім...»