​«Үйіңді тартып аламын»: Қайынәпкесінің сөзінен қорқып жүрген келіншек күдігін жасырмады

0
2 631

Дүние-мүлікке қатысты болып жатқан дау-дамай аз емес. Соның ішінде мұраға қалатын жылжымайтын мүлікке байланысты істер де көп.


​«Үйіңді тартып аламын»: Қайынәпкесінің сөзінен қорқып жүрген келіншек күдігін жасырмады

Атында жылжымайтын мүлік тіркелмеген отбасылар мемлекеттік түрлі бағдарламамен баспаналы болатынын болжап, барын басқаның атына тіркейтіндер туралы ел арасында жиі айтылады.


Сондай бір оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген келіншек (есімі мен тұрғылықты мекенін жазбауымызды өтінді) ендігі жердегі күдігін айтып қорқатынын жеткізді.

- Не істесек те, осы балаларымыздың қамы ғой. Болашақта баспанадан қиналмасыншы деп барымызды жасап бағудамыз. Ашығын айту керек, қазір депозитке ақша құйып жатырмыз бар тапқанымызды. Көпбалалыларға арналған бағдарламамен бір пәтер алып қойсақ деген ниетіміз бар. Сол себепті де жер алып, салған үйімізді әу баста енемнің атына тіркеткенбіз.

Әр кірпішін күйеуім екеуміз құйып, жүкті кезімде бар қиындығын көтерген сол үйіміз өзімізге бұйырмайын деп тұрған сияқты, - деп мұңайды ол.


Айтуынша, тұрмыстан қайтып келген қайынәпкесінің сөзінен далада қалып кетеміз бе деп қорқады.

- Өткен жылы бір қызымен ажырасып келді. Күйеуімен жараспапты. «Үлкен үй, бөлме жетеді» деп оларға уақытша біреуін босатып бердік. Жалғыз бауырынан аясын ба, көңіліндегі кірбіңді шаю үшін барымызды салдық. Ас-ауқатын, керек-жарағын түгелдеп, жұмысқа да тұрғызды күйеуім. Жалақысына дейінгі қаражатының барлығын көтеріп, енем екеуі алдында зыр жүгірді.

Жасырып қайтемін, менің балаларымның аузынан жырып жеп отырғаны маған сол кезден ұнамаған. Менің де бала-шағам оның жалғыз қызы сияқты курсқа барғысы келеді, қымбат дүкеннен киінгісі, апта сайын үлкен қалаға қыдырып, смартфон ұстағысы келеді. Бірақ оның бірі де болмайды бізге.

Жалақысын алса да әйтеуір ақшасы жетпейді. Күйеуім «соған бердім, саған кейін» деп отырса жаныма тимегенде қайтеді? Мен не үшін өзіме қимай тер төгіп, балаларымның аузынан жырып тамағымызға, басқасына жетсін деп жүрмін?! Осыны айтамын деп екеуміз әжептеуір сөзге кеп қалдық. Ешқашан дауыс көтермеп едім, балалардың алдында сәл қаттырақ шықты дауысымыз.

Оған енеміз араласты, аяғы екі әйелдің жылауымен, күйеуімнің есікті тарс жауып далаға шығып кетуімен аяқталды. Кешкісін анасымен сөйлескен қайынәпкем маған келіп ұрыс шығарды. Иә, анасының реніші кімді де болса ашуландырады ғой. Бірақ, басқасының барлығын көтергенде, «үйіңді тартып алам» дегені қатты өтіп кетті, - деген көліншек көзіне жас алып қалды.


Заңды тәптіштеп айтып, түсіндіріп берген қайынәпкесі анасының атындағы үйден үлесі бар екенін жеткізген.

- Сол үйімізді салу үшін бес балама жүкті кезде, оларды емізіп жүріп күйеуімнің қасында бірдей жұмыс істедім. Бірдей ақша таптым мен де. Отымен кіріп, күлімен шығып жүргендегі тапқаным «Үй анамның атында екенін ұмытпа, енді аузыңды ашсаң бес балаңмен далада қаласың!» дегенді есту болды.

Енемнен «әй, қой!» дегенді күткем, бірақ ол да теріс айналды менен. Осы уақытқа дейін бір рет те ренжіспеген енеммен, анамнан кейінгі қадір тұтатын екінші жан менің өз балаларым үшін шырылдағанымды түсінбеді. Бір ғана қызымен емін-еркін өмір сүріп, бар жалақысын қыдыруға жұмсап, қалғанын інісінен сорып отырған қызына болысты. Әділ болудың орнына маңдай терім төгілген үйде өзімді өгейсітіп жатыр. Тіпті, немерелеріне дейін жиан қызынан бөлектейтінді шығарғанда жүрегіме ыстық май тамғандай боламын бүгінде.

Өзім де кінәлімін, осы үйдің құжатын аларда күйеуіме «пәтер аламыз, апамның атына жазайық» деген мен едім. Сонша жыл еңбекпен тапқанымды депозитке құймай, бала-шағамның балалық шағына еркін жұмсамағаныма бармақ тістеп өкіндім. Енді қайынәпкем мына түрімен анасының атындағы үйдің жартысын талап ететін сияқты, - дейді келіншек жыларман болып.

Бүгінде шаңырағында бір жыл бұрынғы шаттық пен береке жоғалғанын, күйеуінің де тоң-торыс болып алғанын айтқан ол өзін жазғырады.

- Күйеуім не істерін білмей дал. Маған да, әпкесіне де, анасына да алаңдайды. Көңіл-күйі жоқ. Оны менен артық кім түсінсін?! Өз баласының жайын түсінбеген енеме таңданам осы күні. Неге тек қызына ғана болысып кетті? Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген баласын да, одан туған немерелерін де неге ойламайды? Кейде депозиттегі ақшаны алып кетіп қалғым келеді. Оның дұрыс емес екенін сезем. Бірақ енем мен қайынсіңлім бұдан әрі де қинай берсе менің де шыдамым таусылады ғой?! Әзірге шыдап жүрмін, үндемеймін..., - деген ол алдағы күнінің не боларын білмей отыр.

"Барымен базар етпей, мемлекеттен жеңілдікпен баспана алам деген ниетімнің жазасы ма бұл?" дейді ол...


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Анасын көріп қызын ал» деген өтірік!»: Шымкенттік келіншек өз анасына ұқсағысы келмейді


«Нумерологияға сеніп отырып қалды»: Қызы тұрмысқа шықпай жүрген ана мұңын шақты