«Үйленбесе сотқа берем» деді: шымкенттік жас келін қайынағасы жайлы шындықты жайып салды

0
7 040

«Әке-шешесінен бездіріп жіберді»


«Үйленбесе сотқа берем» деді: шымкенттік жас келін қайынағасы жайлы шындықты жайып салды
иллюстрациялық фото интернеттен алынды


«Адам кейде басына қонған бақты білмей қалады. «Бұдан да жақсы өмір сүрсем» деген оймен басын тауға да, тасқа да соғады. Ақырында дымсыз қалып, айналасындағы адамдарға да қадірсіз болады. Сондай жандардың бірі – менің қайынағам...»


Шымкенттік Нұрсәуле есімді келіншектің айтуынша, бір байдың қызы айрандай ұйып отырған шаңырақты шайқалтып жіберген. Оқиғаның қалай болғанын ERNUR.KZ тілшісіне өзі баяндап берді.


«Қайынағам былайша жаман адам емес, ішпейді, шекпейді. Тек ойнаймын деп от басты. Сол әрекеті оны орға жығып, қолындағы барынан айырылып қалды. Оның бұл тірлігі өзге еркектерге сабақ болсыншы деп хабарластым.


Мен келін болып түскенде Рауан абысыным басыма орамал салып, күтіп алған. Беташарда қолтығымнан сүйеп, осы әулетке сіңісіп кетуіме бар жағдайды жасаған кісі сол абысыным еді. Обалы не керек, керемет жан еді. Тірлігінен де, тамағынан да, тілінен де, түрінен де мін таппайсың. Екі келін бір үйде тұрсақ та, бірде-бір рет ренжісіп, сөзге келіп көрмеппіз. Ағайын-туғанның бәрі «Рауандай келініміз болса арман жоқ» деп мақтап отыратын. Жас келін түссе төсегін абысыныма салдырып, «сенің жолыңды берсін» деп бәрі бәйек болатын. Қайынағам екеуінің сыйластығына, әңгімелеріне қарап, «Шіркін-ай, Құдай екеуін құп қосқан ғой» деп қызығатынмын. Сөйткен кісілер қазір екі бөлек жүр, ажырасып кетті.


Оған қайынағамның теріс жолға түсуі себеп болды. Жұмыс бабымен іссапарға жиі шығатын еді, сол жақтан бір келіншекпен әмпей-жәмпей болған екен. Онысы жүкті болып, артынан ауылға іздеп келді.


Түс мезгілі болатын, балаларды ұйықтатып қойып, ата-енемізбен шүйіркелесіп шай ішіп отыр едік, іші әжептеуір шығып қалған бір әйел кіріп келді. «Аманның үйі осы ма? Мен Жадырамын. Іссапармен келіп жүріп, екеуміз көңіл жарастырып едік. Аяғым ауырлап, алдарыңызға келіп тұрмын. Баланы алдырар ойым жоқ, маған үйленбесе соттатамын! Ағам прокуратурада істейді, менің жағдайымнан хабардар, «өзі келіп, алдымыздан өтіп, сені алып кетсін» деп талап қойып отыр. Ал Аманның маған үйленетін ойы жоқ», - деп, мән-жайды жайып салды.


Мұны естігенде біздің есіміз шықты. Шай ішіп отырған абысынымның қан қысымы көтеріліп, енем мен атам не айтарын білмей абдырап қалды. Қайынағам аудандық ішкі істер бөлімінде, әжептеуір қызметте еді. «Қыз зорлап, жүкті етті» деген әңгіме тараса, бүкіл ауылға масқара болып, қызметінен босатылатыны, тіпті түрмеге қамалатыны анық. Әлгі келген қыздың жібитін түрі жоқ, киіміне, сөйлеген сөзіне қарап мінезді әрі бақуат екенін аңғаруға болады.


Сонымен не керек, абысыным «Мен мына үйде бір күн де қалмаймын, опасыз адаммен бір шаңырақ астында тұра алмайды екенмін» деп киім-кешегін жинап, екі баласын алып, төркініне кетіп қалды. Ата-енем «Кетсе, балам кетсін, немерелерімнен айырма» деп ата-енем сонша жалынды, тыңдаған жоқ. Бір жағынан дұрыс істеді, сыртынан сатып кеткен адаммен түк болмағандай қалай өмір сүресің?


Әп-әдемі отбасы осылайша тас-талқан болды. Абысыным қалаға көшіп келіп, өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып алды. Пәтер жалдаса да өлетін жерде емес, қазір мұғалімнің жалақысы жақсы ғой. Балаларын түрлі үйірмелерге беріп, гүл-гүл жайнап жүр. Жиі хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз. Кейде, қалаға жұмыстармен келгенде арнайы барып қайтамын.


Ал қайынағам әлгі әйелдің соңынан кеткен. Қалада үйі бар екен, қайынағасы қызметін ауыстырып берген. Сонда тұрады. Ата-енем айтпақшы,«шіріген жұмыртқа болды». Міне, үш жылдан асты, әке-шешесінің жағдайын білу үшін көп болса бес мәрте келген шығар. Миы айналып қалған адамдай, қайынжұртына беріліп кете барды.


Шындығына келсек, әлгі әйелі өте қызғаншақ адам болып шықты. Күйеуінің әр қадамын аңдып отырады. «Сен ауылға барсаң басқаша болып кетесің, балаларыңмен араласа бастайсың» деп жоқ жерден ұрыс шығарады екен.


Баласының мұндай күйін көрген енем бірден қартайып кетті. Уайымы солар. «Ақ сүтімді беріп, барымды салып өсірген балам бір хабарымды алуға жарамады ғой» деп жылап отырады.


Бір күні енемнің мынадай күйіне шыдай алмай, әлгі екінші әйеліне хабарластым. «Бізді мақұл, апамнан ұялмайсыз ба, қайынағамыз екеуіңіз келіп, апамыздың халін біліп кетпейсіздер ме? Еш болмаса мерекелерде хабарласып, құттықтап қойсаңыз болады ғой» деп едім, байдың қызы «Шаруаң болмасын, маған ақыл үйрететіндей кім едің? Аман өз таңдауын жасады, оның жағдайы жақсы. Кімге не айтатынымызды, кімге барып, кімге қоятынымызды өзіміз шешеміз» деп шапылдай жөнелді.


Мен де қарап қалған жоқпын, «Құдай бар болса осы тірлігіңізді анау балаңыз алдыңызға келтірсін! Алтындай абысынымның орнын тартып алып, опа табамын деп отырсыз ба? Ұлыңыз үйленіп, дидарын бір көруге зар болып қалыңыз» деп қарғап жібердім. Қайтем енді, бетпақтың айтқандары жаныма батып кетті.


Кейде осы қайынағам дуаланып қалған-ау деп қаламын. Әйтпесе сұп-сұлу, өзі сүйіп, аялап жүрген әйелін оп-оңай тастап, өзгемен кете салуы мүмкін емес еді. Екеуі шын бақытты болатын.


Қазіргі кейбіреулерден абайлау керек. Үйленгенсің бе, балаң бар ма, жоқ па, қарамайды. Басын айналдырып ала салады. Нәтижесінде шаңырақ шайқалып, балалар жетім қалып жатыр. Сондықтан еркектер бір сәттік қызыққа барарда ертеңін ойласа екен».


Нұрсәуле есімді оқырманымыз өз ойын осылай қорытындылады. «Қолда бардың қадірін біл, есің барда еліңнен ажырама», - дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Оқуының ақшасын жоқ қып жіберген»: түркістандық әйел келінінің өтірігіне әбден тойғанын айтады


«Сүйрей беріп шаршадым»: алматылық әйел күйеуін табысты етудің жолын іздеп жүр