​«Ұлымның келіншегі мен інім үйленіп алды»: астаналық әйел келінінің әрекетін арсыздық деп санайды

0
2 792

«Төркініммен қарым-қатынасым мәңгіге үзілді»


​«Ұлымның келіншегі мен інім үйленіп алды»: астаналық әйел келінінің әрекетін арсыздық деп санайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазіргі кей қыздар ақша үшін бәрін істеуге дайын. Оларда ар-ұят, кісінің наласы, көз жасы деген түсінік жоқ. Кімнің қалтасы қалың, кімнің беті жылтырап тұр, соның құшағына құлауға икемделіп тұрады», - дейді Мархабат есімді оқырманымыз.


Үш перзентті өсіріп, бүгінде зейнетке шығып, немере бағып отырған кейуана кенже келінінің өрескел тірлігін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Отыз үш жыл мектепте жұмыс істеп, биыл құрметті демалысқа шықтым. Шал бес жыл бұрын иті жоқ ауылға аттанған. Жүрегі ауыратын еді. Содан бері үш перзентке өзім бас-көз болып отырамын. Қызымыз Қарағандыға тұрмысқа шыққан. Үлкен ұлым отбасымен бөлек тұрады. Кенже балам екеуміз қоңырқай тіршілігімізді жалғастырып жатырмыз. Өзім сабаққа дайындайтын арнайы орталықта оқушыларға дәріс беремін. Қарап отырғанша деп тауып алған тірлігім ғой.


Ұлымның аты – Еркебұлан. Саудамен айналысады. Биыл жиырма тоғызға толады. Екі жыл бұрын жұмысында бір қызбен танысып, сөйлесіп жүрген. «Мама, үйленемін» деп қуантқан соң қыздың -шешесінің алдынан өтіп, сырғамызды салып, үйге әкеліп алдық. Аты – Мадина, ол да сауда орталығында киім сататын. Бір қарағанда қарапайым, аңқылдап қалған еді. «Мама, ішіңіз, жылы киініңіз» деп іші-бауырыма кіріп кете жаздайтын. Мен де оны өз қызымдай қабылдадым. Баламның бақытты болғанына шын қуанып, кейбір балалықтарына көз жұма қарадым. Бәріміз таңертең кетеміз, кешкісін келеміз. Арамызда ешқандай түсінбеушілік, кикілжің болған емес.


Арада төрт ай өткенде келінімнің аяғы ауырлады. Балам екеуміз қуаныштан жылап жібердік. Ал құрсағындағы сәби ұл екенін естігенде, қуаныштан есім шығып кете жаздады. Үлкен ұлымда үш қыз еді, қызым да екі қызды тәрбиелеп отыр. Ұл немерені иіскейтін болдым деп күтіп жүрдім. Мадинаның жүктілігі ауыр өтті, алғаш босануы болған соң дәрігерлер кесарь тілігін жасауға мәжбүр болды. Сол себепті құдағиым «Сіз қарсы болмасаңыз Мадинаны қырық күн өзім күтіп, терлетіп, белін қатайтып берейін, ақыры үйде отырмын ғой» деп қиылып тұрып алды. Жоқ дей алмадым, оның үстіне жұмыстамын, келінім мен немереме біреу қарап берем десе нем бар деп келістім.


Не керек, сол кеткеннен келінім үйге қайтып оралмады. Бастапқы бір айда балам күнара барып, жандарында болып, керек-жарағын жеткізіп тұрды. Қырық күн өткенде балам әйелі мен баласын әкетпек болған. Мен де немерем келеді деп тыпыршып, бір қазан етті асып, бала-шаға, туған-туысты шақырып қойғам. Күткен келінім мен немерем келмеді. «Мен сенімен тұра алмаймын, саған деген сезімім шынайы емес екен. Сүймейтін адаммен өмірімді қорлағым келмейді» деп баламды қайтарып жіберіпті.


Не болғанын түсінбей қалдық. Ертеңіне ұлымды ертіп өзім бардым. «Мама, сіз де, Еркебұлан да жақсы адамсыздар. Бірақ мен сіздерге лайық емеспін. Келін болып жарытпаймын. Немерелеріңізді қалаған уақытта көріп тұра аласыздар» деп шығарып салды. Мардымды жауап ала алмадым. Баламды ары да, бері де тергедім. «Мен Мадинаның көңілін қалдыратындай ештеңе істемедім» деп ант-су ішті. Балам ашумен барды да сотқа арыз тастай салды. Ойламаған жерден, ұрыспай-таласпай екеуі ажырасып кетті.


Бұл оқиғадан туған-туыстың бәрі құлағдар болды. Жұрттың өсегіне шыдап, болған жағдайдан енді есімізді жиып, қалыпты тіршілігімізге оралғанымыз енді еді. Тағы бір сұмдықтың куәсі болдық.


Өзімнің соңымнан ерген жалғыз інімнің Нұрғали деген баласы бар-тұғын. Өзі Алматыдан кәсіп ашып, бизнестің соңына түсіп, үйленуден кешеуілдеп қалған. Келінім «Нұрғали үйленетін болды, әпке. Бір қызбен бұрыннан кездесіп жүрген екен. «Құдалық, ештеңе болмайды, өзім әкеліп, беташар жасай саламын» деп айтты. Пәлен күні үйге, беташарға өтіңіз» деп хабарласты.


Белгіленген күні Еркебұлан екеуміз менің төркініме тарттық. Ағайын-туыстың бәрі жиналыпты, аулаға ұзыннан ұзақ дастархан жайып тастаған. «Келін құтты болсын!» деп дауыстап кірген мені інім мен келінім кібіртіктеп қарсы алды. Бірдеңеден қуыстанып, ұялып тұрғандай көрінді. Бір кезде інім «мына бала алдыңызда айыпты болып тұр, әпке. Оңбаған десе осынша жыл жүріп дым таппай қалғандай Еркебұланның бұрынғы әйелін үйге келін етіп түсіріп тұр. «Әкелген жеріңне қайта апарып таста» десем, көнбейді. Сүйіп қалыпты, «үйленбесем, өлемін» деп болмай жатыр» деп бар шындықты жайып салды.


Мен не дейін, айтарға сөз таппадым. Тіпті сол жерде басым айналып, құлағым шыңылдап, естен танып қала жаздадым. Дереу баламды ертіп келген ізімізбен қайтып кеттік. Мына сұмдықты көргенше көрге кіргенім дұрыс еді. Адалым, аппағым деп мақтанған келінім кәсіпкер інімнің байлығына қызығып тиген шығар. Әйтпесе менің баламнан асып бара жатқан жері жоқ. Ол адалдықтан гөрі ақшаны таңдаған екен. Екеуінің қашан, қалай байланысқанын білмеймін. Бір білетінім, інімде де ес жоқ екен, жиенінің бұрынғы әйелі екенін біліп тұрып үйлене салды. Енді біз үшін төркінімнің есігі мәңгі жабылды...»


«Бірінші күйеуім екі баламмен бірге қабылдаймын дейді»: алматылық әйел ешкімге ұқсамайтын тағдырынан сыр шертті


«Қалай жатасың, жиіркенбейсің бе?»: тағдыры қиын келіншек енесінен көрген қорлығын жайып салды


«Қайта тіріліп келгендей болды»: астаналық азамат жан жарымен танысқан кезін еске алды