«Үш қызымды 3 еркектен туғаныма өкінбеймін»: тараздық келіншек күйеуі білмейтін құпиясымен бөлісті

0
16 817

Қыздары оң жақты отырып қалғанын қаламаған әйелдің әңгімесі.


«Үш қызымды 3 еркектен туғаныма өкінбеймін»: тараздық келіншек күйеуі білмейтін құпиясымен бөлісті

Фото: mignews.ru

Адамды айыптамас бұрын, оның орнына өзіңді қойып көр. Иә, «Біреудің тағдырын талқыламас бұрын, оның аяқ киімін киіп, ол жүрген жолдармен жүріп көр» деген сөз бекерге айтылмаған ғой. Әр нәрсенің өз себебі, әркімнің өз құпиясы бар.

Тараздық Ақбала есімді әйел сырын айтқанда, алдымен кінәлай бастап едік, соңына дейін тыңдаған соң оны түсінгендей болдық. Ана байғұс перзенттерінің болашағы үшін не істемейді десеңізші?! Әйтсе де оныкі дұрыс емес сияқты. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?


Ақбала ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген оқиғасында күйеуі бола тұра неліктен басқа еркектерден бала сүйгенін айтты:

«Біз үйде бес қызбыз. Бесеуміз де оң жақта ұзақ отырып, тұрмысқа шыққанбыз. Себебі бар. Көріксізбіз. Біреулер өзінің кемшілігін мойындамайды ғой, ал мен білем сұлу емес екенімді.

Мейлі сұлу болмасам да, тым болмаса сүйкімді болғанымда ғой деп, өміріме нала болған күнім көп еді. Өйткені әпкелерім жігітпен танысуға, кездесуге барған соң мұңайып қайтатын. Жігіттің ұнатпағанын қыз бірден байқайды ғой. Бірақ ол кезде мен жас болғандықтан, әпкелерімнің мұңын түсіне қоймайтынмын.

Кейін өзім де бойжетіп, жігітке қырындай бастадым. Бірақ жігіттер маған қыз деп те қарамайтын. Көңілім түседі. Психологиялық тұрғыдан әсер етіп, торығып, жаным жабығып жүретін болдым.

Айнаға қарап отырып, қысық көз, жалпақ бет, қысқа мойын, быртиған қол мен аяғыма жыным келетінді шығардым. Кейбір қыздарда сымбат болмаса да, түрі, көзі әдемі болады. Ал тағы бір қыздар бар, түк түр болмаса да, аяғы ұзын, көкірегі алмадай. Ал біз, әпкелерім де, мен де еркек сияқтымыз. Пошым да, дауыс та, бәрі-бәрі.

Бір әпкем 40-қа жақындағанда үш баласы бар бір еркектің етегінен ұстады. Одан кейінгі екі әпкем де амал жоқ, «ұрмаса, тудыра алса болды» деп, ажырасқан, жұмысы да, үйі де жоқ біреуге тиді де кетті.

Төртінші әпкем көркімен жігіттің жүрегін жаулай алмайтынын ертерек білді де, уақытын білімге, карьераға арнады. Ол мен жоғары сыныпта оқып жүргенімде «Әке даңқымен қыз өтеді. Ал біздің әке-шешемізде даңқ та, байлық та жоқ. Құдай әдемілік те бермеген соң, жақсы оқы, ертең қызметіңмен, жоғары табысыңмен ғана күйеуге тие аласың» деп айтқан. Ол расында да, қызметінің даңқымен жақсы жігітке жар болды.

Менің оқу-білімге ынтам болмады. Қолыма кітап ұстасам, басым ауырып кететін. Сондықтан да мен мектептен соң білімімді жоғарылатпадым. Мен жұмыстың емес, үйдің адамымын. Бала туып, үйдің тірлігін дөңгелетіп отырғанды жақсы көрем.

Жастық шағым өтіп бара жатқан соң «Түрге қарамаймын, таз болса да бастысы жағдайы жақсы жігіт жолықса, ойланбай тұрмысқа шығып кетем» дейтінмін. Сөйтсем, түрі, бойы болмаса да еркектің қай-қайсысы да тартымды, сымбатты қызға үйленгісі келеді екен ғой.

Ортаға түсіп таныстырған құрбыларымнан, жеңгелерімнен жігіттің неге хабарласпай кеткенін сұрататынмын. Бәрінің жауабы бір – түрімді, бойымды ұнатпаған. Әкем де, шешем де көріксіз болғандықтан, біз қайда барамыз?!

Қысқасы, мен тұрмысқа шыға алмай жүргенімнің себебін нақты білдім. Әпкелерім «Бала туып алсай тым болмаса» дей бастады. Бірақ мен некелі жар болғым келді. Ешнәрсесі жоқ, түрі де өзіммен тең сыныптасыма тұрмысқа шыға салдым. Жаман да болса күйеуімнің болғанын қаладым.

Тұңғышым қыз болды. Үш жасқа келгенде оның түріне қараймын да, күйеуімді көрем. Сосын «Түу, қызым да ертең мен сияқты әр жігітпен танысудан соң өзін жек көретін болды-ау» деп уайымдаймын. Тек қыз емес, ұлдың да көркі болмаса үйленуде сол кемшілігі мәселе боп алдынан шыға береді. Бұны басына түспей ешкім түсінбейді. Көріксіз қыздың жігітпен танысқанда, күйеуінің алдында қандай күйде болатынын менен артық ешкім білмейтін шығар?! Бұл өте ауыр жағдай.

Қыздарым мен сияқты бәрінен өзін төмен санап, түнде жылағанын қаламадым. ӨЗім ондай жағдайды бастан өткізіп шыдағаныммен, қыздарым «Неге мен әдемі емеспін?» деп жылағанына шыдай алмасымды ұқтым. Көп ойланып, ендігі перзенттерімді сұлу еркектен тууға бекіндім.

Жүктілікті жоспарламас бұрын, айналамнан келбетті еркек іздедім. Қыздарымның болашағы үшін осындай әрекетке бардым. Перзенттерінің өміріне, болашағына ата-ана жауапты ғой. Олар ертең маған ренжімесінші, кінәламасыншы дедім.

Несін айтайын, отбасылы бір көрікті жігіттен екіқабат болдым. Үшінші қызымды да таксист боп жұмыс істейтін бір келбетті еркектен тудым. Олар да, күйеуім де бұл құпиямды білмейді. Қазір үш қызым да бойжетіп қалды. Тұңғышым университетті бітіріп, жұмыс істеп жүр. Жігіті жоқ.

Одан кейінгі екі сұлу қызым біреуі студент, біреуі мектепте оқиды. Әлі жас болса да осы екі қызыма ғашық жігіт көп. Екі қызым сұлулығын біледі, сондықтан да кез келген жігіттің алдында басын көтеріп сенімді сөйлейді, талабын да айта алады. Ал бірінші қызым жігіттермен танысқанда ыңғайсызданып, өзін төмен санап, көңілі түсіп қайтады. Оған жұмысыңның даңқымен өтесің, сондықтан жұмысыңа жақсылап көңіл бөл деймін. Ал сымбаты да, түр-әлпеті де келіскен екі қызымның оң жақта отырып қалмайтынына мен сенімдімін. Бірақ қайынәпкелерім «Мынау екі қызың сұлу боп бойжетіпті, сендерге ұқсамайды ғой» дегенде ішім қылп ете қалады. Құпиям ашылып қала ма, күйеуім күдіктене ме деп қорқып жүрмін. Әйтсе де, бұл қорқыныш қыздарымның тұрмысқа шықпай күйеусіз, баласыз өткен бақытсыздығының қасында түк те емес деп ойлаймын. Қазақта «Қыз өтпесе шеше сорлы» деген сөз бар, мен қыздарымның ертерек тұрмысқа шығып, бесік тербеткенін қалаймын...»

Ақбаланың қыздары үшін күнәлі іске барғаны ерлік пе, әлде...


Ұқсас оқиғалар:


«Көлік соқты, полицейге ұсталды»: Алғашқы кездесуде болған жайттардан шымкенттік қыз әлі ұялып жүр


«Тоңазытқыш аламын деп сотталып кете жаздадым»: шымкенттік жігіт қалай алданып қалғанын айтып бердіі