«Жетім деп кемсітеді»: алматылық азамат қайын енесінен қалай құтыларын білмей жүр

0
2 226

«Әйелім шешесін жалғыз тастамаймын деп отыр»


«Жетім деп кемсітеді»: алматылық азамат қайын енесінен қалай құтыларын білмей жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленіп өскен жігітпін. Үйленгенмін, бес балам бар. Айрандай ұйып отырған отбасымның шырқын қайын енем бұзып отыр», - дейді ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Қанат есімді азамат.


Қайынжұртында, енесімен бірге тұратын жігіт көпшіліктен кеңес сұрап отыр.


«Туған әке-шешемнің кім екенін, тіпті руымды да білмеймін. Мені көшеде қалдырып кеткен екен, Салима деген балалар үйінің тәрбиешісі жұмысқа барар жолда тауып алып, өзі істейтін мекемеге апарып тапсырыпты. Басында Салима апайдың өзі асырап алғысы келген екен, бірақ күйеуі көнбепті. Сонда да ол кісі мені ерекше жақсы көрді. Басқа балаларға қарағанда маған ерекше мейірім көрсетіп, үйінен өзі пісірген тәттілерін әкеп беретін. «Жаман жолға түспе, жат әдеттен аулақ бол» деп бар ақылын санама құйып, түзу жолмен жүруіме көп үлес қосты.


Әуелі Алла, сосын осы Салима апайдың арқасында сабақты жақсы бітірдім. Сосын балалар үйімен қош айтысып, университетке, сыртқы бөлімге оқуға түстім. Сосын қаладағы бір супермаркетке тауар реттеуші, жүк тасушы болып орналастым. Бағыма орай, дүкен қожайыны жақсы адам боп шықты, ол дүкеннің бір бөлмесінде тегін тұруға рұқсат етті. Сол жерде үш жыл адал қызмет еттім. Менің еңбекқорлығыма, адалдығыма риза болған Сәкен аға өз танысының жеке жүргізуші етіп орналастырды.


Сәкеңнің танысы үлкен бір компанияның қожайыны екен. Құдайға қараған адам болып, өз ауласындағы кішкентай үйінде тұруға рұқсат етті. Жұмысым аса қиын емес, бастықты кеңсесіне апарамын, үйдегі апайдың шаруаларына жәрдесемемін. Есесіне айлығым тәуір болды. Жалақымның біраз бөлігін ай сайын Салима апайға апарып беріп тұрдым. «Мына ақшаны жинай беріңізші, үйленуге керек болып қалар» деп табыстап тұрғаным абырой болған екен. Көп ұзамай өз сүйіктімді кездестірдім. Ол бастықтың мекемесінде есепшінің көмекшісі боп істейтін. Ә дегеннен сөзіміз жарасып, арамызда сезім пайда болды. Менің балалар үйінде өскенімді, жетімдігімді білді. Сонда да өзі ұнатып, әке-шешесімен таныстырды.


Обалы не керек, қайынатамды Құдай бере салған-тұғын. Мені бірінші күннен-ақ өз баласындай қабылдап, бауырына басты. Үлкен екі қыздарының бірі Таразға, екіншісі Астанаға күйеуге шыққан. Жылына бір-екі мәрте келіп кетеді екен. Содан ба, мені ерекше жақсы көрді.


Көп ұзамай бар жиған-тергенімді шашып, жетпегенін марқұм Салима апайым қосып, той жасадық. «Үш қызым бар, ұлым жоқ деп жүр едім, Құдай маған ұлға бергісіз үш күйеу бала берді» деп тойымызда жылаған. Үйленген соң бөлек шығып, пәтер жалдап тұрам ба деп ем, атам қатты ренжіп қалды.

«Кемпір екеумізді жалғыз қалдырып, мына даңғыраған үйді кімге тастамақсыңдар?» деп екі күн сөйлеспей қойған соң, сөзін жерге тастай алмадым. Екі жыл атамның алдын кеспей, ол кісі маған бар мейірімін төгіп, тату-тәтті өмір сүрдік. Екіжылдан соң жүрегі ауырып, қайтыс боп кетті.


Айтайын дегенім, енем жайлы. Ол кісінің мінезі тік. Бір көргеннен мені жақтырмағанын ішім сезген. Бірақ күйеуінен аса алмайтын. Атамның жылдық асы өткен соң Жұлдыздың мамасы мінез көрсете бастады. Папасының жылын берген кезде әйелім екінші балаға аяғы ауыр еді. Алғашқы түсініспеушілік осы арадан басталды. Бір күні жұмыстан келсем, «мамам баланы алдырып таста» деді» деп тұр.

Мына сөзге селк ете қалдым, өзім жетім өсіп, бауырдың, туыстың қадірін сезініп өскем, қандай жағдай болмасын перзенттерімді жетім етпейм деп іштей серт еткем, әйелімнің келте ойлағанына ренжіп қалдым. «Тумай жатып баланың өмірін қалай қиямыз? Мен оған жол бермеймін» деп кесіп айттым. Әңгіме осымен біткен. Дүниеге қызымыз келді.


Алайда бұл тыныштық ұзаққа бармады. Жансаяның үшінші балаға аяғы ауырлағанда тағы ұрыс-керіс басталды. Ауладағы жерді аударып, су ішейін деп үйге кірсем, енем қызын алдына отырғызып қойып, ақыл айтып жатыр. «Жетімнен туған балаларды жеткізем деп бар өміріңді қор қылдың. Осы уақытта білдей бір мекеменің есепшісі болып, шалқып жүрер едің» деп қояды. Не айтарымды білмей қалдым.


Кешкісін бөлмемізде «Бізде ұл да, қыз да бар ғой, мына баланы тумай-ақ қойсам қайтеді. Біраз жыл жұмыс істейін» деп қалды. Шешесінің сөзі әсер еткенін біліп тұрмын. Ашуды сабырға жеңдіріп, барынша сабырға шақырдым. Расында олар ештеңеден таршылық көрмейтін. Балаларымның несібесіне орай, жан-жақтан қосымша табыстар түсіп тұрды.


Қазір енді әйелім төртінші перзентімізге аяғы ауыр. Бірақ үйден береке кетті. Бұрын әйелім шешесінің сөздерін жұқалап, мапаздап жеткізетін. Қазір шешесіне қосылып алып айқайлайды. Тексізсің, жетімсің деп жиі бетіме басады. Кейде қатты кеткенін біліп кешірім сұрайды. «Жансая, табыс таба алам, сендерді де асырауға шамам жетеді, бөлек кетейікші» деп айтамын. Шешесін жалғыз тастай алмайды. Кейде, «кетем десең, кете бер» деп ашуға басады. «Менің маңдайыма жетімнен туған жетімдерді бағу жазылған шығар» деп жүреккке онға келді. Біздің ұрыс-керісімізге куә боп өсіп келеді. Енем балаларымды аямайды, «жетімектер» деп ұрғанда енемді жұдырықпен қойып қалғым келеді. Бірақ ит те болса әйелімнің анасы ғой деп ашуға булығып қала берем.


Кеше үлкен балам жылап келді. «Папа, өз ата-апамыз бар ма, соларға кетейікші, мына апамыз бізді жақсы көрмейді» деп тұр. Сөмкесін есіктің аузында, жолға қалдырып кеткен екен, әжесі алып, далаға, лайға лақтыра салыпты. Не айтарымды білмедім, осынай әйелмен марқұм атам қалай пәлен жыл сыйласып, сырласып өмір сүрген, түсіне алар емеспін.


Мына жағдайды өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай етіп шешудің жолын білмей отырмын. Салима апам да өмірден өтіп кетті, әйтпегенде дұрыс шешім қабылдауыма ақыл айтып, бізді жөнге салар еді-ау...»


Бөлісу