​«Жұмысына сап-сау кетіп, мүгедек боп оралды»: шымкенттік бойжеткен әкесін сабап кеткен қылмыскерді іздейді

0
1 285

«Камераға түрі көрініп қалған қылмыскерді ұстай алмай отыр»


​«Жұмысына сап-сау кетіп, мүгедек боп оралды»: шымкенттік бойжеткен әкесін сабап кеткен қылмыскерді іздейді
суреттер жәбірленушінің қызының рұқсатымен салынды


«Бәле қайда деме, бассаң, аяқ астында» деген сөз текке айтылмаған. Кейде біреуге жақсылық жасағың келіп, қол ұшыңды созасың, бірақ ол адам сенің жақсылығыңа жамандығымен жауап қайтарып, өміріңнің тас-талқанын шығарып жібереді. Ойламаған жерден опық жеп қалуың мүмкін.


Мәселен, Шымкент қаласында тұратын Б. есімді кісіні осыдан төрт ай бұрын жұмыс орнында әлдекім аяусыз соққыға жығып, өлім аузында тастап кеткен. Бүгінде төсекке таңылып, ас-суын әзер ішіп отырған жан әлі күнге дейін әділдікке қол жеткізе алмай келеді. Болған жағдайды жапа шеккен азаматтың С. есімді қызы ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бұл оқиға біздің өмірімізді өзгертіп жіберді. Жұмысқа өз аяғымен, сап-сау кеткен әкемізді Құдайын ұмытқан бір оңбаған аяусыз сабап, көк ала қойдай етіпті. Әріптесі келіп қалып, көмек бермегенде, әкем жатқан жерінде өліп кете берер екен.


Оқиға төртінші желтоқсанда, түнде болған. Әкем Рашидов көшесіндегі «РИМ» дүкенінде қарауыл боп істейтін. Сол күні түнде өзінің дүңгіршегінде отырған екен, бір уақта жолдың ортасына бір еркектің отыра қалып жылап, аһілеп-уһілеп, түсініксіз дыбыстар шығарып отырғанын естиді. Дала суық, жерде қар бар, әкем әлгіге жаны ашып, «Балам, суықта, қардың үстінде отырып қалдың ғой, мында, құрғақ жерге келіп отырсайшы» деп айтқаны сол, әлгі еркек «шешеңнің... маған ақыл үйрететіндей сен кімсің» деп орнынан ұшып тұрып, әкемді ұрмақшы болыпты. Әкем дереу дүңгіршегіне кіріп, ішінен кілттеп алайын деген, бірақ үлгермепті. Дүкеннің камерасында бұл жағдай анық түсіп қалған.


Әкемнің жасы алпыс тоғызда, онкологиялық ауруға шалдығып, былтыр ота арқылы өкпесінің үштен бір бөлігін алып тастаған. Кейін осы жағдай бойынша іс қозғаған полицейлер «қашып кетпей ме» деп айтыпты. Өзі тәлтіректеп әрең жүрген адам болса, өкпесінен дұрыстап дем ала алмайтын дімкәс жан болса, таңғы бестің шамасында қайда қашып, кімнен жәрдем сұрайды. Айтуға оңай, ақыл айтуға шебер әйтеуір.


Ішіп алған ба, әлде шегіп алған ба, әйтеуір анау еркек әкемді жерде жатқан профнастилдердің үстіне жатқызып ұра берген ғой. Қолындағы дубинкасын тартып алған. Бақылау камераларынан бәрі анық көрініп тұр. Бір уақта әкем қашып, сытылып шығып, қайтадан өзінің дүңгіршегіне кіріп, есікті кілттеп алады. Бірақ әлгі еркек терезені сындырып, сол жерден басын тығып, тағы да ұрады. Есікті бұзып кіріп, әкемді басынан, кеудесінен тебе берген. Айтқан сайын денем түршігіп, қорқып кетемін.



«Кеуде тұсымнан бір тепкенін білемін, ауа жетпей, тынысым тарылып, есімді жоғалтып қойдым» деді әкем ауруханада. Таңғы сегіздер шамасында дүкенге әкемнің әріптесі, ауысымды қабылдап алу үшін келіп, ес-түссіз жатқан жерінен тауып алыпты. Содан дереу анама хабар беріп, жедел жәрдем шақыртып, сонда апарыпты.

Дәрігерлер жабық бас-ми жарақатын алған, ауыр дәрежелі бас сүйегінің сынуы, мидың екі жақты контузиясы, жабық кеуде жарақаты, сол жақ қабырғаларының бірнеше жерден сынуы, мұрын сүйегінің сынуы... бұрын мүлдем естімеген осындай диагноздың түр-түрін қойды. Жан сақтау бөлімінде жатып, үш аптадай емделіп, кейін үйге шығарып алдық.

Қазір әкем төсекке таңылып қалған. Өздігінен қозғала алмайды, протез тістерін көшеден тауып алдық, сынып, быт-шыты шыққан. Мұрнының сынғанынан дұрыстап демала алмайды. Ота жасатпақшы болып едік, дәрігерлер «жасы келген, онкологиялық ауруы бар, өкпесі сыр беруі мүмкін, наркозды көтермеуі ықтимал» деп ота жасаудан бас тартты. Бар ауыртпашылық анама түскен, жанынан бір минут кете алмайды. Әкеме қарап отыр.


Шынын айтқанда әкем жасы келген шақта еріккеннен жұмыс істемейтін, қу жетіспеушілік қой, әйтеуір нан-пұл шықсын деп қарауыл боп жүрген. Енді одан да айырылды, алдағы өмірі қалай боларын, кім асырап, кім емдейтінін ойласам мазам кетеді. Ұрып, сабап кеткен адам аяғын алшаң басып бір жерде жүрген шығар, ал менің әкемнің халі мүшкіл, рахаттанып ауа жұта алмай жатыр.


Ал біздің Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасы әлі күнге дейін камерада түр-тұлғасы ап-анық көрініп тұрған қылмыскерді құрықтай алмай отыр. «Біз оның кім екенін әлі анықтай алмадық» деген жаттанды жауапты төрт айдан бері естіп келеміз».


Жәбірленушінің қызымен сөйлескен соң Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеушісі Айзат Тойлыбаймен байланыстық. Ол бізге істің не үшін тоқтап тұрғанын былайша түсіндірді:


«Бұл істі біз о баста қылмыстық Кодекстің 107-бабы, 1-бөлігі бойынша қозғадық. Кейін аурухананың дәрігерлері жәбірленушіге өте ауыр дәрежедегі диагноз қойған соң, іс 106-бапқа ауыстырылды.

Жалпы, мен сізге былай түсіндірейін: біздің елімізде бақылау камераларына түсіп қалған адамды әп-сәтте анықтай салатын техника әлі шыққан жоқ, яғни түрі анық көрінген адамды ұстап ала салу оңай емес. Бұл бойынша қазір біздің жедел уәкілдеріміз жұмыс істеп жатыр, соққыға жығып, кетіп қалған күдіктіні жан-жақты іздестіруде. Сол себепті біз істі уақытша үздік. Яғни егер екі ай мерзім ішінде іс тергеліп, не сотқа жіберіледі, не қысқартылады. Ал бізде қылмыскердің түр-тұлғасы анықталмағандықтан, істі тоқтатып қойдық. Бұл туралы Қылмыстық процесуалдық кодекстің 45-бабы, 7-бөлігі, 1-тармағында анық көрсетілген. Күдікті ұсталған жағдайда іс қайта жанданып, тиісті шараларды жалғастырамыз».


P.S. Айдың-күннің аманында таяқ жеп, төсекке таңылған азаматтың амандығын тілейміз. Сондай-ақ оны осы жағдайға жеткізіп, ізін суытқан күдіктіні полицейлер тауып, тиісті жазасын алады деп сенеміз. Бұл оқиға ERNUR.KZ тілшілерінің назарында болады.