12 МҮШЕҢІЗ үшін жасауыңыз ҚАЖЕТ 6 әрекет

0
5 270

2019 жылы ауруыңызға ауру жамағыңыз келмесе, 365 күннің көп бөлігін ауруханада өткізуден сақтанғыңыз келсе, кеселге қалқан болатын, дерттің алдын алып, өміріңізді ұзартатын мынандай жақсы дағдыларды күн тәртібіне енгізгеніңіз жөн


 12 МҮШЕҢІЗ үшін жасауыңыз ҚАЖЕТ 6 әрекет

фото: jobmarket.com.

Міне, Ит жылы да аяқталғалы тұр. Жаңа жылды қарсы алар сәтте жыл бойы сізге қызмет еткен 12 мүшеңізге алғыс айтуды ұмытпаңыз!

Бұл мүшелеріңіз тағы да сізге қызмет етуге дайын, ал сіз олардың тынымсыз жұмысын ауырлатпаудың, тым қатты қинамаудың жолдарын қарастырдыңыз ба? Жалпы, сіздің бір жылға арналған денсаулық күнтізбеңіз бар ма? Мысалы:


ҚАҢТАР- АҚПАН


Әр күніңіз қалай басталып жүр? Кофе ішумен? Таңғы аспен, телефонды шұқылаумен бе?.. 2019 жылы әр күніңізді 250-300 мл жылы су ішумен бастаңыз. Тісіңізді жуып болған соң ауыз күйдірмейтіндей бір стакан ыстық суды асықпай ұрттап-ұрттап ішіңіз. Одан кейін 1 сағат бойы ешнәрсе татып алуға, ішуге болмайды.

Бұл емдік тәсіл ішкі ағзаңызды ұйқыдан «оятып», жаңа күннің тынымсыз жұмысына дайындайды. Ішек қабырғасында қақтың жиналуының алдын алады. Метаболизмді белсенді етіп, іш қатуды болдырмайды. Артрит, артроз, остеопороз, қант диабеті, қан қысымының қалыпсыздығы, семіздік, тіпті тұмау секілді кеселдердің асқынуына бөгет болады. Сондай-ақ, бұл әдісті ішкі ағза мүшелеріне арналған таңғы жаттығу деуге де болады.

«1 стакан жылы су» деп аталатын қарапайым ғана осы әдісті бір ай бойы үзбей қайталаңыз. Сосын ол сіздің күнделікті әдетіңізге айналады. Есесіне, жыл бойы аурудан аулақ боласыз. Сонымен, әр күнді жылы су ішумен бастап, жылы су ішумен аяқтаңыз.


НАУРЫЗ-СӘУІР


фото: w-ip.ru

Кез келген ауруды анықтау үшін, денсаулығыңыздың күйін білу үшін де қан сарапатамасын тапсырасыз. Солай ғой. Олай болса, саулығыңыз бойыңыздағы 5 литр қанмен тікелей байланысты.

Бүкіл табиғат жаңарып жатқан көктемнің алғашқы айында сіз де ағзаңыздағы ескірген, шаршаған, тозған қан жасушаларынан арылып, жаңартыңыз. Яғни, қан орталығына барып, 350 мл қан алдырыңыз.

Біріншіден, қан орталығына қан тапсырғанда, сіз ешқандай ақы төлемейсіз. Қан тапсырар алдында сіздің қаныңызға сараптама жасалады. Осының нәтижесінде қаныңыздың тобын, қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін, денсаулығыңыздың жалпы күйін тегін біле аласыз.

Екіншіден, алынған қан орнын толықтыру үшін ағзаңыз белсенді жұмыс істеп, жаңа қан түзіліп жаңарады. Бұл жүрек ауруларын жеңілдетеді, қан қысымының реттелуіне де сеп бола алады. Сонымен қатар, кейбір тері аурулары, қатерлі ісік, асқазан жарасы, көз аурулары, бастың сақинасы, іштің кебуі, аяқ-қол дерттері өздігінен жойылуы да әбден мүмкін. Өйткені, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Қан алдырған адамның басқа емге жүгінбеуіне болады» деген.

Әсіресе, зейнет жасындағы қимыл қозғалысы кеміген қарт адамдар, климакс кезеңі басталған әйелдер әр 4-6 ай сайын қан алдырып тұрғаны абзал. Қан алдыру арқылы кәріліктің салдарынан туындайтын аурулардың бірқатарын ауыздықтай аласыз және пайғамбарымыздың сүннетін орындаған боласыз.


МАМЫР- МАУСЫМ

«Ауру – астан, дау – қарындастан» деп дана ата-бабамыз бұдан қаншама ғасыр бұрын асқан көрегенділікпен айтқанына қалай таң қалмайсыз?! Бүгінде бұл сөздің растығын бүкіл дүниежүзі ғалымдары да мақұлдап отыр.

Аурудан алыс жүргіңіз келсе, қолыңыз аузыңызға салатын әр асты қадағалап отырыңыз. Сонымен бірге, тоя тамақ жеуді доғарыңыз. Тамақтанғанда асқазанның 1/3 бөлігі сумен, 1/3 бөлігі аспен және 1/3 бөлігі бос қалу керек. Сонда ғана ас дұрыс қорытылып, сүзгіден өтпей қалған қажетсіз бөлігі уақытылы сыртқа шығады және ас қорыту мүшелерінде сырқатқа орын болмайды.


ШІЛДЕ-ТАМЫЗ


фото: kk.diabetes-education.net

Адамның денесін, басын, аяғын тік ұстап жүруі, тіпті көздің көруі, қол саусақтарының қимылы бәрі де омыртқа жұмысымен байланысып жатыр. Омыртқаға зақым тисе (жол апаты т.б.) аяқ-қол жансызданып, ағзаның көптеген мүшесінің қызметі бұзылады. Демек, бүкіл ағза саулығы омыртқаға да байланысты.

Ал, тибеттік дәрігерлер адамның биологиялық жасын омыртқаның иілгіштігімен байланыстырады. Олар қай жаста да қиналмай еңкейіп (тізені бүкпей) еденге және аяқ ұшына қолын жеткізе алған адамның денсаулығын жақсы деп бағалайды.

Егер, 70-ке, 80-ке келгенде де көздеріңізден от, жүрегіңізден жылу шашылып тұрсын десеңіз, 90 жасқа толғанда сұрақ белгісі сияқты иілмей, леп белгісі секілді тік жүргіңіз келсе, омыртқаның иілгіштігін сақтаңыз. Бұл орайда сізге «халасана», «карна пидасана», «триконасана», «падахастасана», «ардха чакрасана» сияқты омыртқаға арналған жаттығулар көмектеседі. Күніне бір мезгіл 10-15 минут уақытыңызды омыртқа жаттығуларына арнауды күн тәртібіне қосыңыз.


ҚЫРКҮЙЕК-ҚАЗАН

Күрең күздің айларында күлкі терапиясын жаныңызға серік етіңіз. Таңертең сіз тұрған кездегі алғашқы сөзіңіз, ойыңыз? Бұл сіздің күні бойғы көңіл күйіңізге әсер етеді. Ұйқыдан оянғанда күлімсіреп төсектен тұруға әдеттеніңіз.

Қазақта «көңілсізден көріксіз бала туылады» деген сөз бар. Бұл ісіңіз де, пісірген тамағыңыздың дәмі де, бәрі-бәрі адамның сол кездегі көңіл күйіне байланысты көрікті немесе көріксіз болатындығын меңзейді. Көңілді жүруге тырысыңыз.

Сонымен қатар, «өлтіріп кетіпті», «атып кетіпті», «өртеніпті», «пышақтапты» деген сияқты жаңалықтарды естімеңіз, оқымаңыз. Теледидардан тек концерттік бағдарламаларды тамашалап, ән тыңдағаныңыз дұрыс-ақ.


ҚАРАША-ЖЕЛТОҚСАН


фото: trendtwitter.com

Тән мен жан саулығын бірдей сауықтыру үшін, күнде түнде ұйқыға жатарда 12 мүшеңізге алғыс айтуды ұмытпаңыз. Әлдекімнен алғыс естісеңіз, көңіліңіз семіріп, қуанасыз ба? Сол сияқты ағзаңыздың әрбір жасушасы сізден алғыс естігісі келеді.

Бұл туралы өзіндегі рак ауруын дәрісіз емдеп, дүниежүзі медицина мамандарын таңқалдырған психолог, психотерапия ілімінің профессоры американдық Луиза Хей өзінің кітаптарында жазған.

Мысалы: бүгін көздеріңізге алғыс айтыңыз. Үлгі: «Екі көзім, мен сендерді өте жақсы көремін. Жақсы адамдарды, өмірдің ғажайыптарын көруге мүмкіндік бергендерің үшін, алғыс айтамын. Егер, мен жаман оқиғаны көрсем, дамылсыз жұмыс істеп шаршатсам, кешірім сұраймын. Бұдан былай тек жағымды, әдемі, қуаныш сыйлайтын нәрселерді көремін».

Осылай күнде әр мүшеңізге алғыс айтыңыз. Әсіресе, ауру белгілері байқалып жүрген дертті мүшеңізге күнде алғыс айтыңыз, кешірім сұраңыз.

Ғалымдардың зерттеуінше, ағзасына алғыс айтқандар алғыс айтпай-ақ ем-дом қабылдағандарға қарағанда сырқатынан жылдам айыққан екен. Олардың ағзасында мамандарды таңқалдырған жасару, аурудан айығу процестері дәрісіз-ақ жүзеге асқан.

Иә, денеңіздің де, отбасыңыздың да әр мүшесіне көбірек алғыс айтуды күнделікті әдетке айналдырыңыз деймін.

Жазира СМАҒҰЛОВА

«ERNUR.KZ»

Тағы да оқыңыз:


ЖҮКТІ бола алмай жүрген жұбайлар ҚАРдан аққала соғу КЕРЕК екен

2019 ЖЫЛҒА сізге ҚАЖЕТТІ 9 өмір САБАҒЫ

КҮЙЕУІМді беремін, КІМГЕ КЕРЕК?