Ажырасқан ата-аналар НЕНІ білуі керек?

0
2 275

Бұл баланың толыққанды дамуы үшін өте қажет


Ажырасқан ата-аналар НЕНІ білуі керек?

фото: www.syl.ru

Ата-ананың басты міндеттерінің бірі – бір-бірін құрметтеу. Екеуінің қарым-қатынасында мәселелер болса да, ажырасып кетсе де бір-бірін сыйлауы керек. Бұл арадағы балаларының психологиясы, тұлғалық дамуы үшін өте қажет.

Әрине, сезімге опасыздық жасаған, орта жолда басқамен кетіп қалған жарды кешірмек түгілі, оны сыйлау қиын шығар?! «Бірақ балаңыздың көзінше оны жамандауға болмайды» дейді психолог мамандар.

Осы орайда жантану мамандары ажырасқан ата-аналар мынандай қателіктерге жол бермеу керектігін білуі тиіс екенін айтады.



ҚАТЕЛІКТЕР

1. Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан соң көбінесе біреуі (әсіресе әйелдер) тек біржақты қарым-қатынас орнатуға тырысады. Яғни, сот белгілеген күндері ғана бала мен әкенінің (немесе анасымен) көрісуіне рұқсат беріп, қалған күндері қарсы болады.

Балаға әкенің де, ананың да мейір-махаббаты теңдей қажет. Әрине, егер перзентіңіз толыққанды тұлға боп қалыптассын десеңіз, бөлек тұратын әкесімен (анасымен) араласуына бөгет болмаңыз.


2. Ажырасқаннан кейін әйелдер «Неге әкеңді сұрай бересің, мен ғой сені туған, мамаң жақсы» деген сықылды сөзді көп айтады. Бала ата-анасының екеуін де жақсы көреді. Сондықтан оған «Ол жаман, мен жақсымын» деп айтпау керек.


3. Әкесі туралы естеліктерді жою да – қателік. Кейде бала қасында жоқ әкесін сұрамауы да мүмкін. Себептері: анасын ренжітіп алмау үшін, әкесіне ренішті немесе әкесі қайтыс боп кеткен т.б.

Мұндайда анасы «Балам, сенің әкең дастарханға ас келгенше нанды турап қоятын еді. Сен де сол жақсы әдетке үйрен», «Қызым, сенің бойың әкеңе ұқсапты, ол да сұңғақ бойлы ғой» деген сияқты мысалдар тауып, папасын есіне салыңыз.

Перзентіңізге бақыт тілесеңіз, ол әкесі туралы сұрағанда «Әкең (анаң) екеуміз екі бөлек өмір сүріп жатсақ та, ол бәрібір сенің әкең боп қалады», «Әкеңнің қарым-қатынасы анаңмен жақсы болмаса да, сенімен әрқашан дос, жанашыр болса тек қуанамын», «Біліп қой, мен әкеңді бұрынғыша құрметтеймін. Сен біздің ортақ баламызсың!» деп айтып отырыңыз.

Осындай қарапайым сөздердің өзінен-ақ бала оның жоқтығын аса сезінбейді. Әкесі туралы сөздер балаға сенім береді. Психологтардың айтуынша, бұндай еске салу, жақсы сөздер баланың өзін толыққанды сезінуіне жәрдемдеседі екен.


4. Екі бөлек кеткен ата-аналар баланы тәрбиелеуді бәсекеге айналдырып жібереді. Мысалы, әкесі «Менің балам дәрігер болады» десе, анасы «Жоқ, менің ұлым заңгер болады» дейді. Я болмаса біреуі «Сабағыңды жақсылап оқы, қазір тек білімділер жақсы өмір сүреді» десе, екіншісі «Оқымай-ақ менің балам талай жетістікке жетеді» деп тайталасады.

Бұл да ата-аналлардың тағы бір қателігі. Ата-ана бұндайда «алтын орталықты» ұстануы қажет. Ал «алтын орталық» бұл – ата-аналардың бір-бірімен тең дәрежеде келісуі, бір-бірінің сөзін құрметтеуі.


Есте ұстаңыз, тәрбиедегі басты ұстаным – толеранттық қатынас. Сонда бала манипулациялауды, жағымпаздануды, алдауды үйренбейді.

Баланы мінсіз етіп тәрбиелеуді емес, оның өмірге келуіне себепші болған екі адамның көңілі, назар аударғаны бірдей қажет екенін ойлаңыз. Бала екеуінен де керекті мейірімді, уақытты ала білуі керек. Сонда ғана балабақшаға, мектепке, яғни жаңа ортаға барған баланың бойында адаптация жылдам жүреді және ол толыққанды тұлға боп қалыптаса алады.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


АТА-АНАның бала тәрбиесінде жіберетін 4 ҚАТЕЛІГІ

ЖАЛҚАУЛЫҚпен күреспейді, оны ЕМДЕЙДІ