Байлыққа қол жеткізе алмай жүрсіз бе?

0
3 395

Бай болу - әр адамның өз қолында. Әрекет етсеңіз, өзіңізді дамытудан жалықпасаңыз түптің түбінде мақсатыңызға жетесіз.


Байлыққа қол жеткізе алмай жүрсіз бе?

фото: 3.bp.blogspot.com

Бүгінгі қоғамда байлыққа қол жеткізе алмай жүрген адамдар көп. Олар қай жерде, нендей қателіктер жіберіп алғанын өздері де түсінбейді. Ал, американдық фотограф әрі блогер Эрик Ким мұны дер кезінде ұғынып, байлықтың қайдан келетінін, ақшаны қалай табу керектігін зеректігімен аңғара білген. Ақшаға деген қарым-қатынасы өзгерген күннен бастап, фотографтың өмірі де оң жаққа қарай ойысыпты. Кедей отбасынан шыққан Эриктің отбасы өте қиын жағдайларды басынан өткізген. Пәтер жалдап тұратын оның ата-анасы пәтер ақысын тауып бере алмаған күндері өзара сөзге келіп, араларында кикілжің туындап, ұрыс-керіске ұласады екен. Осының бәрін көріп өскен Эрик Кимнің асыл арманы бай адам болу еді.

Қазіргі уақытта жас та болса бас болып жүрген ол зор еңбегінің арқасында жалақыдан-жалақыға күн көрмейді. Тіпті, миллионер болып кетпесе де, ештеңеден тарлық көрмейді. Тапқан табысы өмір сүруіне, армандарын жүзеге асыруға жетеді. Осы орайда Ким кедейліктің қамытынан шыққысы келетіндерге, бай болуды армандайтындарға біраз кеңестер берген екен. Ендеше, бұл кеңестер сізге де қажет болуы мүмкін. Егер қалталы адамға айналғыңыз келсе, өзіңіздің қандай қателікке бой алдырып жүргеніңізді білуді қаласаңыз, Эрик Кимнің кеңестеріне құлақ түріңіз. Өкінбейсіз!


фото: psi-technology.net

  1. Байлыққа қол жеткізе алмай жүрген адамның ең бірінші қателігі – қажетсіз затты сатып алуында. Көп адамдар солай жасайды. Мысалы, жаңа киім, телефон немесе компьютер сатып аламыз. Мұның бәрі айналамыздағылардан қалып қоймау үшін болмаса өзін сәнді көрсету мақсатында ғана керек. Бірақ біз сол заттарға қатты мұқтаж емеспіз. Сондықтан қандай да бір затты сатып алмас бұрын ойланыңыз. Сіз ол нәрсеге шын мұқтажсыз ба?
  2. Сәнге қызықпаңыз. Автокөліктің немесе смартфонның жаңа үлгісі шықса, оны сатып алуға асығудың қажеті жоқ.
  3. Көбірек ақша табыңыз, азырақ жұмсаңыз! Көптеген адамдар жалақысы көбейген сәттен бастап, оны жұмсауды да көбейтеді екен. Мәселен, күнделікті асханадан тамақтанып жүрген болса, енді кафеден тамақтанады. Шетелге саяхатқа шығады. Сонымен бірге автокөлігін ауыстырады. Ақыр соңында олар байымайды. Сол қалпында қалып қояды. Егер ақшаны көп тауып, аз жұмсайтын болса, онда қор жинала бастайды. Мұндай артылған немесе үнемдеген ақшаны банктен счет аштырып салып қою керек.
  4. Ең алдымен ақшаны көп табуды ойлаңыз, Қосымша жұмыс істеңіз, жұмысыңызға жұмыс қосып алыңыз, әйтеуір әдеттегіден екі-үш есе көбірек табуға талпыныңыз. Содан соң оны бекерге шаша бермеңіз. Үй жағдайында дайындалған ас-ауқатты жеп, жаңа үлгідегі киімге қызықпай қоя тұрсаңыз, тез-ақ ел қатарына қосылып кетесіз.
  5. Қарыз алуды ойламаңыз. Сіз қаншалықты бай болсаңыз да қарызыңыз көп болса, сіз кедей саналасыз. Өйткені мұндай қарыздың өтемі бар. Барлығына өз күшіңізбен, ақылыңызбен жетуге талпыныңыз. Мәселен, ойыңызға бір идея келіп, сізге ақша керек болды делік. Осындайда несие алып, тірлік бастайтындар көп. Сол идеяны жүзеге асыруға қашан шамаңыз келеді сол уақытта ғана іске кірісіңіз.
  6. Қолда бардың қадірін біліңіз. Бай болу – барлық нәрсеге қол жеткізу емес. Нағыз байлық – ол өзінде бардан басқаны қажетсінбеу. Сондықтан да өзіңізді өзгемен салыстырмаңыз. Көбіне біз өзімізді байлармен салыстыруға құмармыз. Оның орнына жағдайы сізден әлдеқайда төмен отбасымен өз жағдайыңызды салыстырып көріңіз. Сонда қолыңызда бардың қадірін білесіз.
  7. Киіміңіз аз болса, жүйкеңіз де жұқармайды. Бұл әсіресе әйелдердің «бас ауруы». Киімдері көп болғаны соншалық жұмысқа күн сайын түрлі-түрлі киім киіп, өзгеріп, әдеміленіп барғысы келеді. Алайда сол киімді таңдап киерде әжептеуір жүйкесін жұқартады. Мұндайда өзіңізге ұнамайтын, көп кие бермейтін киімдерді немесе заттарды сатып жіберіңіз болмаса туысқандарға таратып тастаңыз. Рахаттанып, жеңілдеп қаласыз.
  8. Жарнамаға алданудан сақ болыңыз. Көбінесе біз жарнамаға қалай иланып қалғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Жарнамаларды көргенде біздің сол затқа деген қызығушылығымыз артып, бір орында отыра алмай кетеміз. Сондықтан да жарнамаға алданып қалмаңыз. Теледидардан, ғаламтордан жарнама көрмеуге тырысыңыз.
  9. Ақша көбейген сайын, проблеманың да көбейетінін ұмытпаңыз. Мәселен, үйіңізді кеңейткен сайын, үлкен үйге ауыстырған сайын сіздің шығыныңыз да көбейеді. Оның үстіне үлкен үйді тазалау, жаңа жиһаз сатып алу бәрі-бәрі шығын екенін есте ұстау керек.z
  10. Өзіңізді дамытуға ақша бөліңіз. Бұл ретте сізге кітаптар ғана көмектесе алады. Кітап оқу арқылы ойыңызды дамытып, жаңа идеялар туындауы мүмкін. Білім алуға, өзіңізді дамытуға көбірек уақыт бөліп, ізденетін болсаңыз, одан алар пайдаңыз да көп болмақ.
  11. Өзгеге көмек бермес бұрын, өзіңді жарылқап ал. Қаржылық жағынан қиындықтар туындап тұрса, ешкімге қарызға ақша бермеңіз. Бұдан сіз өз жағдайыңызды одан сайын қиындата түсесіз. Ең дұрысы мүлде қарыз бермеу. Біреуге көмек қолын созығыңыз келсе, қайтарымсыз жасаңыз.
  12. "Бай адам секілді ойла, кедейше киін". Энди Уархол айтқан бұл сөздің жаны бар. Қарапайым киініңіз, қарапайым автокөлік айдаңыз, асып-тасыған кейіп танытпаңыз. Кейбіреулер қымбат көлік, қымбат киім кисе де, қарызы басынан асуы мүмкін. Ондайлардың көбі несиемен күн көреді.
  13. Ішкі жан-дүниеңіз бай болсын. Өміріңізге қажеттінің бәрі сізде бар. Сондықтан ақшаны босқа шашуды емес, уақытыңыз бен күш-жігеріңізді жаңа идеяларға, жаңаша өмірге арнаңыз. Сонда ғана сіз бай адамдар қатарына қосыла аласыз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Жездем адам емес "ҚҰБЫЖЫҚ" болып шықты

«Атасы оңбаған екен» деген сөзге қалғыңыз келмесе…

Миыңыз «ашып» кеткенде көмектесетін 7 әдіс