Балаға ЖЫЛДАМ өлең жаттатқызудың 6 тәсілі

0
4 422

​Психологиялық бұл әдістермен үлкеннің де, кішінің де өлең жаттауы оңай!


Балаға ЖЫЛДАМ өлең жаттатқызудың 6 тәсілі

фото: successfullearningcentre.com

Кейбір кіп-кішкентай баланың ұзақ-сонар өлеңді жаттап алғанын көріп таң қаласыз ба? Ал сіздің жоғары сыныпта оқитын балаңыз екі шумақ өлеңді жаттай алмай қинала ма?

Психологтардың зерттеуінше, барлық адам бірнеше шумақ өлеңді жылдам жаттап ала алады. Тек ол үшін мынандай әдістерді қолданса болғаны.



1 ӘДІС

Психологтар адам ақпаратты оқығаннан гөрі есту арқылы жылдамырақ есте сақтайды дейді. Олай болса, өлеңді дауыстап оқу керек.

Бірнеше рет оқып шығыңыз. Мысалы 5 рет жылдам, 5 рет асықпай, 5 рет мәнерлеп оқыңыз. Сосын 5 рет өлеңнің мағынасын, сюжетін түсініп (Не туралы? Кім туралы? Автор өлеңде нені суреттеген? т.б.) оқып шығыңыз. Қайталап оқығанда жатталып қалған қатарды қағазға қарамай айтып көріңіз.

Енді біреуге (5 рет) оқытып, тыңдаңыз. Есіңізде жатталып қалған қатарды бірге қайталаңыз. Немесе смартфоныңыздың диктофонына өз даусыңызды жазып, соны 5 рет тыңдасаңыз да болады.

Диктофондағы өз дауысыңыз немесе әлдекімнің оқығанын тыңдаған соң, тағы да қағазға қарамай қайталаңыз. Бір рет дауыстап оқып, бір рет диктофоннан тыңдап жаттасаңыз да болады.

Сонымен қатар, психологтар өлеңді ұйқыдан тұрған соң және ұйқыға жатарда бірнеше рет қайталауға кеңес береді.



2 ӘДІС

Байқасаңыз, өмірдегі қайғылы және қуанышты сәттер адам жадында ұзақ сақталып қалады. Неге? Өйткені мұнда эмоция бар. Ендеше, өлеңді де эмоциямен жаттап үйреніңіз.

Кез келген өлең ақынның белгілі бір күйіне орай туады. Автордың эмоциясын ұғынып, өлеңге терең бойлай біліңіз. Мысалы, жаз туралы өлеңде жаздың жаума-шуақ күнін сезініңіз. Мұңлы өлеңді мұңды дауыспен оқыңыз. Табиғат туралы өлеңді гүлдердің, өсімдіктердің иісін сезініп жаттау керек. Міне, осы секілді эмоциялар өлеңді жылдам жаттауға көмектеседі.

Сонымен қатар, өлеңді ұнатып жаттау да маңызды. Өйткені адам ұнайтын өлеңді қиындықсыз жаттай алады. Ал мұғалімге немесе оқытушыға, берілген тапсырмаға ашуланып жаттасаңыз, өлеңді жүз рет қайталасаңыз да есте сақтай алмайсыз.



3 ӘДІС

Есте сақтаудың тағы бір әдісі – қайталап жазу. Кейбір адамдарда механикалық есте сақтау жақсы дамыған. Олар бірнеше рет дауыстап оқығанға немесе тыңдағанға қарағанда, қайталап жазу арқылы есте жақсы сақтайды.

Кітаптағы өлеңнің әр қатарын дауыстап оқи отырып, қағазға жазыңыз. Бір қатарды жазып болғанша, оны қалай екі-үш рет қайталап оқығаныңызды аңғармай да қаласыз.

Бір рет емес, кемінде 7-9 рет қайталап жазып шықсаңыз, өлеңді жаттау 3-4 есеге жылдамдайды. Сонымен қатар, бір орында отырып немесе жатып емес, бөлмеде ары-бері қозғалып жүріп жаттаған дұрыс. Бұл да механикалық есте сақтауды жылдамдатады.



4 ӘДІС

Балалар да, ересектер де теледидардан, радиодан жиі берілетін әндерді жылдам жаттап алады. Бұл жерде қайталап тыңдаумен бірге әнмен айтудың пайдасы зор.

Кез келген өлеңнің құрылымына қарай өзіңізге ұнайтын әннің ритмімен қайталаңыз. Әндетіп жаттаған соң, әнсіз қайталап шығыңыз.



5 ӘДІС

Визуализация, яғни өлеңнің сюжетін көз алдыңызға елестете отырып есте сақтау.

Ыңғайлы қалыпта отырыңыз. Өлеңнің алғашқы екі қатарын дауыстап оқыңыз. Көзіңізді жұмып қайталаңыз. Үшінші және төртінші қатарды қайталап айтыңыз. Енді осы төрт қатарды біріктіріп қайталаңыз. Көзіңізді жұмып қайталаңыз да көз алдыңызға қандай сурет келгенін ойлаңыз.

Осылай барлық шумақты қайталап, көзді жұмып өлеңді суреттеп шыққаннан соң, қаағазға қарамай айтуға тырысыңыз.



6 ӘДІС

Өлеңді көлеміне қарай үшке немесе төртке бөліп жаттаңыз. Әр бөліктің арасында 10-15 минут үзіліс жасаңыз. Осы үзілісте өлеңнің кілт сөздерін сурет етіп салыңыз.

Суретті керемет етіп салудың, бояудың қажеті жоқ. Салынған 4-5 суретті бірінен соң бірін іліп қойып, ұмытып қалған тұстарын суреттер арқылы еске түсіріп айтуға тырысыңыз.


Өзіңізге ұнаған осы алты әдістің бірімен өлең жаттап көріңіз. Егер осы әдістердің бәрін үйлестіріп қолдана білсеңіз, тіпті Абай Құнанбаевтың «Сегіз аяқ» өлеңін бір-екі күнде жатқа айта аласыз.

Дайындаған: Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Өмірдегі ең үлкен 5 ҚАТЕЛІК

Бұл сөзді кез келген уақытта жиі қайталаңыз!