Балам АҚЫЛДЫ болсын десеңіз, осыны орындаңыз!

0
7 280

Бұны ұлы ғалым Альберт Эйнштейн айтқан екен.


Балам АҚЫЛДЫ болсын десеңіз, осыны орындаңыз!

Белгілі физик Альберт Эйнштейннен бір ана «Кішкентай балам ақылды боп өсуі үшін не істеуім керек?» деп сұрапты. Ұлы ғалым «Ертегі оқып беріңіз. Ал одан да ақылдырақ болсын десеңіз, көп ертегі оқытыңыз» деген екен.

Осы бір ауыз жауаптан-ақ ертегінің бала ойының дамуына пайдасының қандай екенін ұғуға болады. Бірақ физик өз еңбектерінде ертегі туралы, оның пайдасы жөнінде ешнәрсе жазбаған. Десе де, басқа мамандар жалпы ертегінің бала тәрбиесіне, ой-білімінің дамуына қалай әсер ететінін анықтап, зерттеген екен.



Психологтар пікірі

Ертегі:

  • баланың жақсылық пен жамандықты айыруына;
  • мінез-құлықтық стереотиптерді тануына;
  • логикалық ойлау қабілетінің дамуына;
  • мәселелерді шешуде қиналмауға;
  • эмоциональды тұрақтылықты қалыптастыруға;
  • тілдік қорының баюына;
  • мәдени сауаттылыққа;
  • көзге елестету қабілетінің жетілуіне;
  • ой түйіп, оқиғалардан сабақ алуына;
  • гаджетке тәуелділіктен құтқаруға;
  • өз бетінше шешім қабылдау дағдысына;
  • ойлануға, кейіпкерлердің әрекеттерін «дұрыс», «бұрыс» деп сараптауға;
  • адамдардың өмірде алдынан шығатын сан түрлі қиыншылықты жеңе аларына деген сенімін нығайтуға;
  • баланың санасы кері нәрселерге қарсы тұрарлық күш алуға көмектеседі.


Психологтар ертегіні бала үшін ең жақсы терапияның бір құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Бала тәрбиелеу мәселесінде ертегінің пайдасы зор дейді жантану мамандары.

Әрине, бұл тұрғыда ата-ана тарапынан қажет етілетін талаптар бар. Ертегіні баланың сол сәттегі көңіл күйіне, іс-әрекетіне, жағдайға байланысты таңдай білу керек.

Мысалы, көбіне 2-5 жас аралығындағы баланы балабақшада қалдыру қиындық тудырады. Анасынан ажырағысы келмей жылайды. Баланың бірнеше сағат анасынан бөлектену, ажырау қорқынышын сейілту үшін терапиялық ертегілерді көбірек оқып беру керек дейді психологтар.

Осы орайда «терапиялық ертегі қайсы?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Түсінікті болу үшін терапиялық бір ертегіні мысал етейік.


Терапиялық ертегі: Ертеде бір кенгуру-ана болыпты. Ол бала туады. Алғашқыда баласы әлсіз, кішкентай болғандықтан кенгуру-ана оны алдындағы қалтасына салып жүреді.

Анасы үй тірлігімен айналысқанда, тамақ істегенде баласын қалтасынан шығарып, ұйықтатады. Ал кішкентай кенгуру оянғанда кейде қасында анасы болмағандықтан жылайды. Анасы кеп оны қарын қалтасына салмайынша жылай береді.

Осылай уақыт өте берді. Бір күні ол жылаған соң анасы қалтасына салмақшы болды. Бірақ кішкентай кенгурудың денесі өсіп, аяқтары ұзарып қалыпты. Сонда да ол анасының кішкентай қалтасына кіріп алды. Бірақ басы, қолдары серейіп шығып тұрды.

Кешке олар қонаққа барды. Ол жерде өзі сияқты балалар көп екен. Олар бірге ойнауға шақырды. Бірақ кішкентай кенгуру анасының қалтасынан ажырамады. Қонақтар «Үп-үлкен боп анасының қалтасына кіріп алыпты» деп күлді. «Өсіп қалған ғой, балалармен ойнамай ма?» деді тағы бірі. Кішкентай кенгуру ұялып анасының қалтасына тығылмақшы болды, бірақ басы сыймады.

Кішкентай кенгуру басқа балалар сияқты далада жүгіріп, секіріп ойнағысы келеді, бірақ анасынан ажырауға қорқады.

Бір күні таңертең анасы дүкенге сүт әкелуге кетеді. Кішкентай кенгуру оянады. Үйде жалғыз екенін көріп жылайды. Көп уақыт жылайды, бірақ анасы келмейді. Бір уақытта терезеден қараса, аулада көршілердің балаларын көреді. Қуаласып ойнап жүр. Бәрі көңілді. Кішкентай кенгуру жылағанын қойып, далаға шығуды ойлайды. Бетін жуып, киініп далаға шығады. Балалар оны жылы қабылдайды. Қызық ойындар ойнайды.

Дүкеннен келген анасы баласының аулада ойнап жүргенін көріп қуанады. «Менің балам батыр, ешнәрседен қорықпайды», «Жарайсың, киіміңді өзің кидің бе?!» деп мақтайды.

Сол күннен бастап кішкентай кенгуру үйде жалғыз қалудан, балалармен ойнаудан қорықпайтын болады. Анасы да бұрынғыдай баласының қасынан шықпай отырмайды, ол енді жұмысына алаңсыз барып келеді. Кішкентай кенгуру анасы сүт-нан, тәттілер сатып алу үшін жұмыс істеу керек екенін түсінді. Сондықтан ол енді анасыз қалып, балалармен ойнайды.

Ертегілерді оқыған соң ондағы кейіпкерді атап, балаға сұрақ қоюды да ұмытпаңыз. Сұрақ оны ойлануға, тәрбиелеуге көмектеседі. Мысалы: Кішкентай кенгуру неге қорықты? Ал сен неден қорқасың? Кенгуру неге енді анасынан бөлек қалуға қорықпайды?

Баланың қорқынышын жеңуге көмектесетін бұндай терапиялық ертегі ғаламторда көп. Қазақшаға аударып, оқып беріңіз.

Сонымен қатар, бала тәрбиесіне жәрдемдесетін ертегілер де бар. Ескерту, құрғақ ақылды тыңдамайтын балаға оның мінез-құлқына байланысты ертегі айтудың пайдасы бар. Терапиялық ертегі мен тәрбиелік ертегіні ажырата білуіңіз үшін мысал келтірейік. Орысшадан аударып, назарыңызға ұсындық.


Тәрбиелік ертегі: Андрюша есімді бала киімдерін жаман көрген екен. Бір күні әжесі Андрюшаны далаға алып шықпақ болады.

- Шалбарыңды ки, - дейді әжесі.

- Кимеймін, ұнамайды, - деп қиғылық салады Андрюша.

- Қандай шалбар ұнайды саған?

- Жасыл, ағаштың жапырақтары сияқты шалбар кигім келеді.

Сол-ақ екен, Андрюшаның шалбарының балағы ағаштың екі жасыл бұтағына айналады да, оның құйрығынан сабайды.

- Ой, шалбарым мені ұрып жатыр ғой, - деп әжесіне тығылады бала.

- Жемпіріңді ки, - дейді әжесі.

- Кимеймін. Қалың. Жіптері қатты.

- Саған қандай жемпір ұнайды?

- Тауықтың үкісі сияқты жұмсақ болса...
Андрюшаның жемпірінің жеңдері осы кезде тауықтың қанатына айналады. Әжесін тыңдамайтын баланы тауықтың қанаттары қылқындыра бастайды. Андрюша қорқып кетеді.

- Аяқ киіміңді ки, - дейді әжесі.

- Кимеймін. Бауы шешіліп кете береді. Басқаша аяқ киім кигім келеді.

Осы сөзді айтқан кезде аяқ киімінің баулары екі жыланға айналады да қашып кетеді. Ал аяқ киімі итке айналып, Андрюшаны тістемекші боп қуалайды. Бала жылайды.

- Неге жылайсың? Сен өзің осындай киімдерді ұнатамын дедің ғой, - дейді әжесі.

- Әже, - деп айқайлап жылайды Андрюша. – Мен өзімнің ескі киімдерімнің қайтып келгенін қалаймын. Сиқырлы сөздеріңізді айтып киімдерімді қайтарыңызшы. Мен енді оларды ренжітпеймін.

- Оларды сен ғана шақыра аласың, - деп әжесі түсіндіреді.

- Шалбарым, жемпірім, аяқ киімім, - деп айқайлайды Андрюша. – Қайтыңдар. Бұдан былай мен әжемді тыңдаймын, киімдерімді өзім киіп үйренем.

Андрюша осылай деген соң киімдері бұрынғы қалпына қайта айналады.

- Алақай, - деп Андрюша қуанып, киімдерін құшақтайды. Содан кейін ол өзі киінетін болыпты. Киімдерін ұқыптап бүктеп қоюды, аяқ киімін сүртіп жүретін болыпты.

Ертегінің тәрбиелік, терапиялық қана емес, оның басқа да пайдасы бар. Оның бала миының дамуына да әсері мол екен.



Нейробиологтар не дейді?

Профессор Джон Хаттон 4 жастағы 27 баланы ертегімен таныстыру үшін үш әдісті ұсынады: аудиокітаптан тыңдау, кітап оқу және мультфильм көру. Тәжірибе кезінде магнитті-резонанстық томографиямен бақылайды.

*Аудиокітапты тыңдау барысында балаларда ертегі мазмұнын түсіну қиындық тудырады. Бірақ мидағы сөйлеудің моторлық орталығының белсенді жұмыс істегені байқалады.

*Ертегіні мультфильм түрінде көргенде, мидағы тыңдау және көру моторлық орталығы жақсы жұмыс істей бастайды. Бірақ сөйлеу орталығы әрекетсіз қалады.

Профессор Хаттонның айтуынша, мультфильм көрген кезде мидың ойлану, сараптау қабілеттері шетте қалады. Позитивті нәтиже баланың өз бетінше иллюстрациялы ертегі кітабын оқығанда ғана байқалған. «Кітап оқығанда бала мазмұнды оңай түсініп, оның миындағы барлық моторлық орталық байланысы белсенді жұмыс істейді. Суретке қарап, ертегіні оқи отырып бала мағлұматты қиындықсыз қабылдап, сюжетті көз алдына елестете алады. Оқу – ми нейрондарының байланысын арттыратын ең жақсы жаттығу» дейді.

Міне, ертегі оқу арқылы баланың ми қызметі дамыса, ертегі оқып беру арқылы сіз оның мінез-құлқын түзейсіз. Ертегі көмегімен «Ойыншықтарыңды жина», «Киіміңді ки» деген сияқты талаптарды да оңай орындатқыза аласыз.

Байқасаңыз, ертегіні оқып берген де, баланың өзіне оқытқан да пайдалы екен. Содан болар ұлы физик А. Эйнштейннің «Балаңыз ақылды болсын десеңіз, ертегі оқып беріңіз. Ал одан да ақылды болғанын қаласаңыз, көп ертегі оқытыңыз» дегені.

Олай болса, бүгіннен бастап баланы ертегі оқуға қызықтырыңыз. Ол үшін әрине күнде қызық ертегілер оқып беруге дағдыланғаныңыз жөн болар.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Алға қадам басуыңызға не КЕДЕРГІ?

Мақсатқа жету үшін бұл ЕКЕУІ міндетті түрде ҚАЖЕТ