Баланың болашағын бүлдіретін 6 түрлі АНАның іс-әрекеті

0
3 805

​Олардың қатарында болсаңыз, қателігіңізді түзеуге асығыңыз!


Баланың болашағын бүлдіретін 6 түрлі АНАның іс-әрекеті

фото: awarenessact.com

Бала тәрбиесіне әке-шеше бірдей жауапты болғанымен, көп уақытын әйел арнайтыны белгілі. Оның үстіне тоғыз ай жүрегінің астында көтеріп жүргеннен болар, бала үшін эмоцинальды тұрғыда ең жақын адам – анасы. Яғни, анасының әр сөзі, қарым-қатынасы баланың болашағына әсер етеді. Сондықтан да ана қамқорлық пен қатаңдықтың мөлшерін білгені жөн. Әйтпесе, мөлшерінен асырып ішкен дәрінің уға айналатыны секілді зияны тиеді.

Иә, аналық мейір-махаббат пен тәрбиедегі жазаны мөлшерімен бере білу – үлкен өнер. Біз баланы қорғау мақсатында тәрбие барысында аналарды перзентінің болашағына балта шабудан сақтандырғымыз келеді. Осы тұрғыда психологтар қауіпті деп санаған мынандай «токсинді аналардың» қателігін қайталамауды ескертеміз. «Токсинді ана» деген кім?



1. Үнемі көңілі толмайтын ана

Бұндай ананы қуанту, тіпті оның күліп жүруі қиын. Мектептегі жетістігіңді айтсаң да, марапат қағаздарыңды көрсетсең де, мақтамайды, қуанбайды. Өйткені ол үшін бұл аз.

Мысалы, қандай да бір сайыстан екінші орын алып қуанып анаңа айтсаң, ол «Неге бірінші орын алмадың?» дейді. Анаңның туған күніңе тосынсый жасамақ боп, ол жұмыстан келгенде дастарханды жайнатып, өз қолыңмен дәмді ас, тәтті пирог пісіріп қойсаң, бәрібір бағаламайды. Есесіне «Қанты аз ғой, одан да сатып алмадың ба?», «Қонақ келгенде пайдаланатын ыдыстарды неге шығарғансың» деп, көңілді түсіреді.

Онысымен қоймай, бала көңіліне ауыр тиетін сөздер мен теңеулерді айтады: «Біздің үйдің қопалы», «Ақымағым-ай, адам болмайсың сен», «Серейіп жүрісің қара», «Топас, мақау»...

Әрине, бұндай ана баланы қанаттандырып, қамшылап жатырмын деп ойлауы мүмкін. Бірақ қанатын қиып жатқанын білмейді. Ал балада түрлі комплекстер пайда болады, әрқашан өзін өзгелерден төмен санайды, ешқашан өзінің артықшылықтарын (сүйкімділігін, қабілетін, талантын т.б.) мойындай алмайды. Есейген соң қатарынан оза шапса да ол өзіне көңілі толмайды. Өмір бойы жетістіктен жетістікке жетуді, үнемі диетаға отырып, спортпен шұғылданып жүріп, тынбайды. Өйткені қанша жасқа келсе де оның құлағында анасының «Сенің қолыңнан келмейді», «Ондай лауазымға сен жете алмайсың-ау» деген сөздері жаңғырып тұрады.



2. Суық ана

Эмоциональды суық ана ұл-қыздарын құшақтап, еркелетпейді. Физикалық контакттан қашады, яғни баласына еміренбейді, бетінен сүйе бермейді, құлап қалса өбектеп жүгірмейді, бірге ойнамайды т.б.

Егер анаңа өзін жақындасаң, «анашым» деп жүрегін жылытқың келсе, безірейіп отыра береді. Бір жаманы, перзентінің болашағы, қалауы, қызығушылығы, таңдауы оны қызықтырмайды. Ұл-қызымен асықпай отырып әңгімелесуді, өзгенің пікірін тыңдауды білмейді. Баласы қиналғанда да, қуанғанда да сөзбен демеуге жоқ. Бастысы, баласының киімі бүтін, тамағы тоқ, аман болса жетеді.

Оған баласынан гөрі өзінің көңіл күйі, өз жеке өмірі, сымбаты, карьерасы, сериалдары қызық, артық. Тіпті ол бесіктегі баласын көршісіне, жеті жасар қайынсіңлісіне сеніп тастап, өзі кешке дейін қыдырып жүре береді.

Ал бұндай ананың баласы есейгенде де мейірімге шөлдеп тұрады. Кім жылы сөйлесе, қамқорлық көрсетсе соның соңынан еріп, құл болуға дайын тұрады. Сондай-ақ балаға өз сезімдерін, эмоциясын білдіруі, көрсету қиындық тудырады.



3. Қатаң бақылаушы ана

Перзентінің әр қадамын бақылап отырады. Сабақтан соң қайда барғанын, мұғалім сабақты қалай өткенін, жолда не көргенін, кіммен не деп сөйлескенін тәптіштеп сұрайды. Қателесуге, сүрінуге жол бермейді. Ал адам қателіктерінен сабақ алып тәжірибе жинамай ма?

Баласына қандай киім жарасатынын, қайда бару, қай мамандық дұрыс екенін жақсы біледі. «Үлкендер біледі», «Ертең маған рақмет айтасың» деген сөздерімен баланың ой-пікірін ішінде тұншықтырады.

Осындай қадағалауларымен ол ұл-қызының жеке тұлға боп қалыптасуына бөгет болады. Бұндай ананың ұл-қызы келешекте өзіне сенімсіз, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын азамат болады. Жеке шекарасын қорғауды, өз қалауымен өмірін сүруді үйрене алмауы мүмкін. Анасы еркін тыныс алуға, еркін өмір сүруге мұрша бермегендіктен, жеңіл жолға түсіп, ішімдік пен есірткіге елітетіндері және отбасы құрмай жалғыз өмір сүруді таңдайтындары көп.



4. Сыншыл ана

Бұндай ананы психологияда «нарцисс ана» деп атайды. Адамнан мін іздеу оның хоббиі секілді. Ол күніне бірнеше сын айтып үлгереді. Өзгелермен (әпкесінің қызымен, көршінің баласымен, сыныптасыңмен, бауырыңмен т.б.) салыстырып, әрдайым бағаңды төмендетіп отырады.

Жетістіктерің ол үшін нөл, армандарың бос сөз. Алға ұмтылыысңды, жақсы қасиеттеріңді байқамайды, тек кемшіліктерің мен қателіктеріңді көреді. Сені ұялту, қызарту үшін әйтеуір бір мін тауып алады.

Міншіл адам ешкімге ұнамайтыны сияқты, перзентімен де арасындағы қарым-қатынасты салқындатады.

Бұндай ананың баласы өмір бойы анасына ренжіп өтеді. Өзіне көңілі толмай, өзін-өзі бағалауы төмен болады.



5. Міндетшіл ана

Ол аналық парызын міндет етеді. Өзінің өмірлік проблемаларына балаларын кінәлап, айтып отырады: «Мен сенің (сендердің) тамағыңды, киіміңді қалай тауып жатқанымды білесің бе?», «Сенің жасыңда менде бұлар болған жоқ», «Сендей кезімде мен ақша тауып, әке-шешемді асырағанмын», «Саған жүкті боп қалдым да оқуымды тастап кеттім. Әйтпесе қазір асханада ыдыс жуып жүрмес едім», «Мына қарнымның терісі саған екіқабат кезде жыртылған», «Беймаза едің ғой, сені өсірем деп шашымның бәрі ағарған», «Сендерді асыраймын деп денсаулықтан да айырылғанмын. Өздерің бола қалғандай ұмытып кеттіңдер ғой бәрін», «Сені оқытуға қанша ақша кеткенін білесің бе?»...

Көбіне міндетшіл ана отбасындағы рөлдерді алмастырып, балалары есеймей жатып-ақ олардан жұмыс істеуді, ақша, сыйлық т.б. талап етеді. Қартайғанда да бұл әдетін қоймайды.

Міндетшіл ананың балалары үнемі анасының алдында өзін кінәлі санайды. Табысының барлығын анасына әкеп беруді, анасын ғана қуантуды ойлап, өзін, өз өмірін ұмытады. Сонымен қатар ешкімге «жоқ» деп айта алмай, манипуляциялауға тез ереді. Жанжал туса, әлдекіммен қарым-қатынас бұзылса бала тек өзін кінәлайды (кінәлі болмаса да).



6. Тыйымшыл ана

«Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым», перзентін әдепсіздіктен, жамандықтан тыйып отырған дұрыс-ақ. Алайда баланың эмоциясына тыйым салуға болмайды.

Тыйымшыл ананың үлкен қателігі – баласының эмоциясын матап ұстайды. «Күлімсіреп жүр, қызсың ғой», «Жігіт адам жыламайды», «Неге ашуланасың, мінезіңді көрсетпе», «Ағаңа, әпкеңе ренжуші болма», «Жақтырмайтыныңды байқатпа» т.б. деген сөздермен эмоциясын сыртқа шығартпай тастайды. Бірте-бірте баланың сезімдері «өліп», ол эмоциясыз адамға айналады. Ал даналарымыз «Эмоциясыз адамнан қорық» деген, эмоциясыз адам құдайдан да қорықпайды.

Ондай бала қаныпезер, тасмейір, жауыз, кекшіл боп өседі. Өз ой-пікірін айта алмайтын, ашуын көрсете алмайтын көнбіс, ынжық болатындары да көп.

Өкініштісі, ешқандай ана өзінің қазіргі тәрбиесі баланың болашағына әсер ететінін білмейді. Бірақ кез келген «токсинді ана» өз қателігін мойындап, түсініп, түзеуіне болады.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


СЕКСУАЛДЫҚ зорлық... Тиран еркектің бес белгісі

Кедейлікке ТІКЕЛЕЙ АПАРАТЫН 3 әдет