Ақшаны қолыңмен беріп, "аяқпен" алмау үшін... қарыз бермеу керек!

0
8 614

Қарызды уақытысында қайтаратындар кемде-кем. Түсіністік танытасыз. Тағы да бір-екі ай күтетініңізді айтасыз. Межелі мерзім жетеді, бірақ одан хабар жоқ. Сұрайсыз, ол сылтау айтады. Ашуланасыз. Ренжисіз. Тағы да оның жағдайына түсіністікпен қарауға тырысасыз. Осылай сіз түсініп, кешіріп жүргеніңізде қарыз бір жылға, тіпті екі-үш жылға созылады. Соңында оның соңынан жүгіріп жүріп ақшаңызды әрең аласыз.


Ақшаны қолыңмен беріп,

коллаж авторы: Ермек Момынов

Ақшаны қолыңмен бересің, аяқпен «аласың»

Қарызды уақытысында қайтаратындар кемде-кем. Ол уәдесінде тұрғысы-ақ келді, бірақ жағдай өзгерді. Өмір біз қалағандай бола бермейді ғой, баласы ауырып қалды, күйеуі жол апатына түсіп ауруханаға түсті немесе жұмыстан қысқартылды, я болмаса ақшасын жоғалтып алды т.б. түрлі жағдайдың орын алуы әбден мүмкін. Түсіністік танытасыз. Тағы да бір-екі ай күтетініңізді айтасыз. Межелі мерзім жетеді, бірақ одан хабар жоқ. Сұрайсыз, ол сылтау айтады. Ашуланасыз. Ренжисіз. Тағы да оның жағдайына түсіністікпен қарауға тырысасыз. Осылай сіз түсініп, кешіріп жүргеніңізде қарыз бір жылға, тіпті екі-үш жылға созылады. Соңында оның соңынан жүгіріп жүріп ақшаңызды әрең аласыз.

ДЕЙІН және КЕЙІН: Бұрын «Біреуге жақсылық жасасаң, жақсылығың еселеніп қайтады», «Қиналып тұрған адамға көмектесу – сауап» дегенді жиі айтатын едіңіз, ал нәтижесі қандай болды?


Қарыз қарым-қатынасты бұзады

Қарызын кешіктіргендерден әбден көңіліңіз қалған соң «Енді ешкімге ақша бермеймін» деп өзіңізге-өзіңіз уәде бердіңіз. Алайда бір күні жағдайын айтып алдыңызға жақын досыңыз немесе туысқаныңыз келді. Көңілін қимадыңыз, әлде жаныңыз ашыды ма, сұраған қомақты ақшаны қолына ұстатып жібердіңіз. Арада бір емес, бірнеше жыл өтті. Өмір-өзен біз ойлаған арнамен бірқалыпты ақпайды. Уақыт өте келе өзіңіз де біреуден қарыз сұрайтын жағдайға жеттіңіз. Енді сіз жағдайыңызды айтып әлгі жақын досыңызға бардыңыз. Одан қарыз емес, өз ақшаңызды сұрап келдіңіз. «Сәл күтсең болмай ма?», «Осы ақшаға қарап қалдың ба?» деген сыңайлы сөздерді айтып ол ренжіді. Сосын «Өз ақшамды сұрағаным үшін кінәлімін бе? Осынша уақыт күткеніме рахмет айтудың орнына... Егер банктен несие алсаң үстеме қосып қайтарар едің ғой. Ал мен...» деп сіз ренжисіз. Осыдан кейін «қарызға ақша берген дұрыс па, бұрыс па?» деген диллемамен кеңес сұрағандарға «Досыңнан айырылғың келсе – қарызға ақша бер» дейтін боласыз.

ДЕЙІН және КЕЙІН: Бұрын «Достар қиналғанда бір-біріне жәрдемдесу керек», «Осындайда көмектеспесек, бауырмалшылдығымыз, достығымыз қайда?» дейтін едіңіз, нәтижесі не болды?


Біреуге қарыз беру – өзіңе проблема тілеу

Медицина мамандары адам ашуланған кезде қан құрамында уға ұқсас заттар бөліне бастайтынын айтады. Психотерапевтер қатерлі дерттердің бастауы – реніш дейді. Түсіндіңіз бе? Мейлі, онда мен түсіндіріп көрейін. Ақша – бұл қуат, яғни, ақша=қуат. Біліміңізді, күш-қуатыңызды жұмсап жұмыс істейсіз, бұл еңбек өлшемі сізге жалақы боп қайтады. Демек, жұмсаған қуатыңыз екінші күйге айналды. Дүкенге барып отбасыңызға қажетті азық-түлік сатып алдыңыз, ақша түріндегі қуатыңыз тағы да басқа күйге ауысты. Азық-түліктен ас даярладыңыз, ол ағзаңызға қуат берді. Қуатыңызды жұмыс істеп табыс табу үшін пайдаланасыз. Қуат осылай түрленіп, өзіңізге қайта оралып отырады. Бұл өмірдің айналым заңы деп аталады. Табиғатта бәрі осылай айналым заңымен құрылған. Қарапайым мысал: температура жоғарылағанда көл, мұхит, теңіз суынан ауада бу пайда болады. Кейін ол жаңбырға айналып, қайтадан жерге оралады...қайтадан буға айналады... Айналып келгенде бу да, жаңбыр да, қар мен мұз да – су. Сол секілді кез келген зат, ақша, иммунитет – қуат.


Қарыз беру – қуатыңызды басқаға бөліп беру

Қарыз беру – қуатыңызды басқаға бөліп берумен тең. Ал, қуатыңызды басқа біреуге бөліп берсеңіз не болады? Қуатыңыздың айналым заңы бұзылады. Бұл жеке өміріңізде, жұмысыңызда, денсаулығыңызда түрлі проблемалар түрінде көрініс береді.

Неге? Өйткені, сіз өмірдің айналым заңдылығын бұздыңыз. Заңды бұзған кез келген қылмыскер өз жазасын алады ғой, сол секілді сізді де өмір-ұстаз осылай жазалайды. Ал сізге «қылмыскер» болған ұнай ма? Ашулануды, ренжуді және ренжітуді қалайсыз ба? Ойланып отырсыз ғой, уайымдамаңыз, ақшаға зәру досыңыз бен туысқаныңызға несие беретін банк те, «Жылдам ақша», «Жалақыға дейін қарыз» деген қызметтер де жетерлік.

Қарыз бермеңіз дегенім – көмектеспеңіз дегенім емес. Қарыз сұраған адамға ең аз пайызбен несие беретін банкты нұсқаңыз, қажетті жеріне дейін көлігіңізбен жеткізіңіз. Жұмыссыз болса, орналастырыңыз. Жалақысы аз болса, қосымша табыс табудың жолдарын көрсетіңіз. Меніңше, бұл жақсылық жасаудың төресі. Ал, қарызға ақша беру – өзіңізге де, өзгеге де жасалатын жамандықтың ең ірісі.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

ERNUR.KZ