Болашағыңды өзің де болжай аласың!

0
6 891

Әр адам өмірінде бір рет болса да алдында не күтіп тұрғанын болжатып көрген болар?! Әсіресе, бойдақтық шақта «өмірлік серігім кім болады екен?», қолына диплом тиген кезде «5 жылдан кейінгі өмірім қандай болады?», жұмысқа орналасқаннан соң «қызметте өсемін бе?», пәтерден-пәтерге көшіп жатқан сәтте «қалада тұрамын ба, әлде ауылда ма?», отбасы құрғаннан кейін «неше перзентім болады?», басынан қара бұлт кетпей қойғанда «өмірімде жарқын өзгеріс бола ма?» деген сұрақтар адамды еріксіз көріпкел алдына жетелейді.


Болашағыңды өзің де болжай аласың!

фото: simplywallpapers.com

Алда не күтіп тұрғанын білу үшін көріпкелге барудың, түс жорытудың қажеті жоқ. Ол үшін төмендегі екі әдіске жүгінсеңіз жеткілікті. Бәрі аян болады!

Пал аштырудың күнә екенін білсе де меніңше әр адам өмірінде бір рет болса да алдында не күтіп тұрғанын болжатып көрген болар?! Әсіресе, бойдақтық шақта «өмірлік серігім кім болады екен?», қолына диплом тиген кезде «5 жылдан кейінгі өмірім қандай болады?», жұмысқа орналасқаннан соң «қызметте өсемін бе?», пәтерден-пәтерге көшіп жатқан сәтте «қалада тұрамын ба, әлде ауылда ма?», отбасы құрғаннан кейін «неше перзентім болады?», басынан қара бұлт кетпей қойғанда «өмірімде жарқын өзгеріс бола ма?» деген сұрақтар адамды еріксіз көріпкел алдына жетелейді.

Бәріміз де бұл кезеңдерден өттік. Өмірдің ұқтырған сабағы – пал аштыру дұрыс емес, көріпкелдің айтқаны жай сандырақ. Ал, бұл кезеңдерден өтпеген жастарға «пал аштыру – адасу ғана» дегенді айтқанымызбен, олар бәрібір болашағын болжатқысы келеді. Осыны ескеріп, мен болашақты болжаудың қатесіз келетін екі әдісін ұсынғанды жөн көрдім.

1-ӘДІС: Айналаңыздағы адамдар – айна!

Қолыңызға ақ парақ алып жақын араласып жүрген 10 шақты адамның есімін жазыңыз. Ата-анаңыз бөлек тұрса, оларды тізімге қосуға болмайды. Бір қалада тұрса да анда-санда бір-ақ рет көретін бауырларыңызды да тізімге енгізбеңіз. Ең жақын құрбыңыз болғанымен, ол алыста, басқа қалада болса және онымен күнде телефон арқылы сөйлеспесеңіз, оны да тізімнен шығарыңыз. Бұл тізімге күнде көретін, сөйлесетін, яғни 24 сағаттың көп бөлігін бірге (мүмкін телефонда, әлеуметтік желіде) өткізетін адамдар кіреді. Ол – құрбыңыз, әріптесіңіз, өмірлік жарыңыз, ата-енеңіз, қайын әпке мен қайын сіңліңіз т.б. болуы мүмкін. Тек жақсы адамдар ғана емес, ұнамсыз, жағымсыз болса да бір кабинетте отыратын, жұлдызыңыз қарсы болса да күнде бетпе-бет кездесетін, сыр ашып әңгімелеспесеңіз де күнде жолыңыз түйісіп қала беретін етене таныс емес адам болса да енгізіңіз. Түсінікті болар.

Осы 10 адамның ішінен өзіңізден 3 жас үлкенін бөліп алып, оның қазіргі өміріне шолу жасаңыз. Өткен шағын, ол жүріп өткен жолдарға үңілудің қажеті жоқ. Осы тұста есте ұстайтын жайт, сағат тіліне қараңыз, ол тек алға жылжуда, артқа емес. Ендеше, ол адамның қазіргі шақтағы тіршілігі мен материалдық жағдайына, отбасылық құндылықтары мен өмірге көзқарасына, психологиялық күйіне сырттай қараңыз, бұл 3 жылдан кейінгі сіздің өміріңіз.

Енді күнде көретін, араласатын, әр күніңіз солармен тығыз байланыстағы адамдар арасынан 10 жас үлкен адамның бүгінгі күніне қараңыз, 10 жылдан соң сіздің өміріңіз дәл соныкіндей болады.

Өзгертуге болады! Міне, 5-10 жылдан кейін сізді не күтіп тұрғанын оңай біліп алдыңыз. Болашағыңыз ұнай ма? Егер, ұнамаса өзгертуге болады, ол өзіңіздің бүгінгі іс-әрекетіңізге байланысты болмақ.

Дана Абай Құнанбайұлы «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген.Болашақты болжаудағы бұл әдісте ата-ана мен ұстазды алып тастаймыз да, көп уақытыңызды бірге өткізетін дос-құрбы, әріптестер арасынан өз өмірін бүлдіргендерден алыстаймыз. Өйткені, ондай адамдар өзгенің де өмірін бүлдіреді, бұзуға себепші бола алады. Сосын, «проблемалы адаммен» байланысыңызды үзген жөн. Егер, «бұл мүмкін емес, ол күйеуім немесе ұлым ғой» десеңіз, онда оның мәселелерін шешуге көмектесіңіз, демеп, қол ұшыңызды созыңыз. Дұрыс жолға жетелеңіз.

Бастысы, айналаңызды өмірі өзіңізге ұнайтын іскер, жетістігі көп жеңімпаз, келешегіне сенетін оптимист адамдармен қоршаңыз.

2-ӘДІС: Мінезің – бұл өмірің!

Қай сөзді көп айтасыз? «Менің қолымнан келмейді», «Бақытсызбын!», «Бәрібір ешнәрсе өзгермейді», «Осы өмірім ұнайды», «Өмірімнің өзгеріп қалатынына сенбеймін» т.б. Әлде, «Қиындықтың бәрін жеңе аламын», «Бәрі уақытша. Бұл сәтсіздік те уақытша», «Көп еңбек етсем, жемісін көрем», «Білім бұл инвестиция, күнде бір жаңа нәрсе білуге ұмтылуым керек» т.б.

Қай әдетіңіз жиі қайталанады? Темекі шегу, ішімдік ішу, қыдыру, телесериал көру, ұйықтау, құмар ойынын ойнау, өсек айту, телефонда бос әңгіме айту, өзгенің өмірін бақылау т.б. Әлде, таңертең жүгіру, бала тәрбиесіне көбірек уақыт бөлу, кітап оқу, шет тілін меңгеру, сүйікті іспен айналысу т.б.

24 сағат ішінде аузыңыздан көп шыққан сөз бен қолыңызбен жасайтын ең көп әрекетіңізге қарап, алда сізді не күтіп тұрғанын білу қиын емес.

Өзгертуге болады! Бүгінгі сөзіңіз бен іс-әрекетіңізді бақылай отырып, болашағыңызды болжап көрдіңіз бе? Ұнамай ма, өзгерте аласыз.

Саналы өмірін адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуге, түзу жолды көрсетуге арнаған Шәкәрім Құдайбердіұлы «Сөзіңді түзе, ол әдетіңе айналады. Әдетіңді бақыла, ол мінезіңе айналады. Ал, мінезің сенің – тағдырың» деген. Олай болса, ең бірінші сөзіңізді түзеңіз, содан соң ұнамсыз әдеттерден арылыңыз. Сонда біртіндеп мінезіңіз де өзгеріп, соның нәтижесінде өміріңізде де жақсы жаңалықтар орын ала бастайды.

Қорытынды: Өміріңізді өзгерту үшін, шетел философтары мен психологтарының кітаптарын оқып бас қатырмай-ақ қойыңыз. Қазақта дара, дана Абайдың «мінезін жұқтырады» деп ескерткен адамдармен қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз, түзесеңіз болғаны. Ол үшін жеті жасында жетім қалып Абайдың тәрбиесінде болған інісі Шәкәрімнің «сөзің мен әдетіңді түзе» дегеніне мән беріп, әрекет етсеңіз жеткілікті.

Гипотеза: Айналаңыздағы мінез-құлқы жағымсыз адамдармен араласуды доғарсаңыз, ұнамсыз әдеттерден құтыласыз. Ұнамсыз әдеттермен күресуді қолға алсаңыз, әдеті басқа адамдар өздері-ақ сізбен араласуды қояды.

Ал, ешнәрсені, ешкімді өзгертуге талпынбасаңыз – болашағыңыз бен қазіргі өміріңізде еш айырмашылық болмайды. Сондықтан да, «тағдырыңыз – өз қолыңызда» дейді болашақты болжаудың бұл екі әдісін қолданғандар.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

ERNUR.KZ