Ешнәрсе де, ешкім де қызық емес пе? Не істеу керек?

0
5 932

Тамақтың ғана емес, өмірдің де дәмін өзгертуге болады.


Ешнәрсе де, ешкім де қызық емес пе? Не істеу керек?

Фото: staff-online.ru

Ешнәрсеге көңілдің зауқы соқпай, ұнжырғаңыз түсіп отырсыз ба? Жұмысқа да, өмір сүруге де құлшыныс жоқ па? Айналаңыздағы адамдар да, жағдай, өз өміріңіз де, бәрі-бәрі күл болса да, бүл болса да бәрібір сияқты ма?


Бұл апатияның алғашқы белгісі дейді психотерапевт мамандар. Апатияның бірінші белгісі біртіндеп депрессияға ұласады. Ал депрессияға түскен адам:

  • өмір ләззатын темекі мен ішімдіктен немесе тек тамақтан іздейді;
  • «қолымнан ешнәрсе келмейді», «ешкімге керек емеспін» деп өзіне сенуді доғарады;
  • көпшілік ортаға (той, отырыс т.б.) бармай, оңашаланады;
  • суицид туралы ойлар мазалайды...

Байқағаныңыздай, депрессия зор денсаулықтан, сенімнен, дос пен туыстан алыстатып, үмітсіздікке жетелейді. Соңында адамның өз-өзіне қол жұмсауына итермелейді. Сондықтан да апатияның алғашқы белгісінің басқа белгілеріне қарай жылжуына жол бермей, өзіңізді депрессияға барар жолдан қайтарыңыз.



ҚАЛАЙ?

Селсоқтық пен ешнәрсеге зауқы соқпау күйінен арылуға бар күшіңізді салыңыз. Өзіңізге өзіңіз қолыңызды созып, орныңыздан тұрыңыз. Қозғалыссыз қалған ойыңызды да, көзіңізді де қимылдатыңыз. Ол үшін психологиялық мынандай екі техниканы орындап көріңіз.



№1 ТЕХНИКА

Фото: potentialz.com

Өзіңізге – өзіңіз психолог болыңыз. Психологпын деп ойлаңыз. Айна алдында отырып (немесе айнасыз да болады), өзіңізбен диалог құрыңыз. Мысалы:

- Айнаш (өз есіміңізді атап), неге көңіл-күйің жоқ?

- Неге мұндай күйге түстің?

- Кімге (немесе не нәрсеге) ренжулісің?

Психолог ретінде алдыңызда отырған Айнашқа (өзіңізге) тағы да басқа қандай сұрақтар қояр едіңіз? Ойыңызға келген кез келген сұрақты қойыңыз және барлық сұраққа толық жауап беріңіз.

Бастапқыда Айнаштың жауап бергісі келмеуі мүмкін. Немесе «Білмеймін» деп, төмен қарап отыра береді. Психологсыз ғой, оның сізбен ашылып әңгімелесуіне, мәселесін айтуға психологиялық әдіс-тәсілдеріңізді қолданыңыз. Жалпы барлық адам өз баласының психологы дегенді естіген шығарсыз. Неге бұлай дейді? Өйткені әр адам өз баласының мінез-құлқын, қалауын, сөйлеспей қойғанда оған қалай қадам жасау керек екенін жақсы біледі. Ендеше, диалогқа түспей отырған өзіңізбен кішкентай бала сияқты қарым-қатынас жасап көріңіз. Мұндайда аналар баласын жайына қалдырып, сұқбатты келесі күні жалғастырады. Сіз де солай етіңіз.

Жалпы, бұл техникада психологпен диалогты бір апта бойы күнде жүргізген дұрыс. Бірінші күні екі-үш сөйлеммен аяқталған диалог екінші күні ұзаққа созылса да, күнде өз-өзіңізбен сұқбат құрып, әр күнгі диалогты смартфоныңызбен видеоға жазып отырыңыз. Бір аптадан соң барлық видеоны қайта-қайта қарап шығыңыз. Бұл өзіңізді психолог ретінде сырттай бақылап, апатиялық күйдің себебін анықтауға көмектеседі.

Бір апталық диалогтан соң видеожазбаларды саралап, пациентіңіздің (өзіңіздің) өмірге қызығушылығын, құлшынысын арттыратын психологиялық кеңес жазып беруіңіз қажет. Мысалы, диалогта «Шаршадым», «Демалғым келеді» деген жауап бірнеше рет қайталанса, психолог ретінде демалудың жолдарын, әдістерін нұсқап жазыңыз т.б.

Дәл өзіңіздей сізді ешкім түсіне де алмайды, жаныңызға не қажет екенін де білмейді. Мұңыңыз бен сырыңыз сізге ғана аян. Демек, сіздің өзіңізге жазған психологиялық кеңесіңіз – кез келген адамның айтар сөзінен, ақылынан артық. Психологтың кеңесін орындаңыз!

Зауқыңыз соқпай тұрса да өзіңізге өзіңіз жазған психологиялық кеңесті бір ай орындап көріңіз. Өзіңіз ойлап тапқан кеңестің нәтижесі қандай болатынын білу қызық емес пе?! Егер шынымен көмектесіп жатса, неге оны жеке тәжірибеңіз ретінде пайдаланбасқа? Мүмкін келешекте белгілі психологтардың біріне айналарсыз... Бәрі де мүмкін.



№2 ТЕХНИКА

Екінші психологиялық техника «Режиссер» деп аталады. Өміріңізді кино деп ойлаңыз, ал сіз сол киноның режиссерісіз. Сценарий бойынша кино дәл қазіргі күніңізге дейін ғана түсірілді делік. Түсіріліп қойылған эпизодтарды өзгертуге болмайды, бірақ ары қарай фильм желісін өз қалауыңызша өрбіте аласыз. Расында, бір сәт өміріңізді жай фильм деп ойлаңызшы. Кадрдағы ешнәрсеге зауқы соқпай отырған адамның өміріне режиссердің көзімен қараңыз.

Оның өміріне қайтадан «дәм» кіргізу үшін, бойында қуат, көзінде от пайда болу үшін фильмді қалай жалғастырар едіңіз? Сүлесоқ отырған адамға не жетпей тұрған сияқты? Ол қуанып, риясыз күлу үшін фильмге кімдерді, нелерді қосқан дұрыс? Мүмкін оның шашын қиып, киімінің түстерін өзгертіп көрерсіз... Кейіпкерді қалай бақыты етер едіңіз?

Ұмытпаңыз, сіз ең мықты режиссерсіз. Ал мықты режиссер мағынасыз, қызықсыз кез келген драманы мелодрамаға, комедияға, тіпті фантастикалық жанрға айналдырып жібере алады.

Қиялыңызға ерік беріңіз. Бұл орайда көрген қызықты фильмдерден, өмірі күрт өзгерген белгілі адамдардың өмірі жазылған кітаптардан идея «ұрлауыңызға» болады. Тіпті адам сенгісіз қиял-ғажайып ертегі етіп жазсаңыз да рұқсат.

Әрине бүгін жазған сценарийді ертең қайта өңдеп, өзгертуге болады. Бір апта режиссердің рөліндесіз. Олай болса, кадрды тоқтатып қойып, фильмді қызықты ету үшін не істеуге болатынын жақсылап ойлаңыз. Жазыңыз.

Жазған сюжетіңізден мәселеңіздің шешуін таба аласыз. Жаңа қызығушылықтарыңыз табылып, өзіңізді басқа қырыңыздан тануға мүмкіндікті байқайсыз. Киім мен шаш қою стиліңіз ғана емес, өмір сүру стиліңізді де өзгертуге болар. Мүмкін бұл техника кітап жазуға қызығушылығыңызды оятар...


Техникаларды орындау барысында пациентті, кейіпкерді (өзіңізді) мүлде басқа адам сияқты бақылаңыз. Техникалар көмегімен мәселенің шешімін нақты табу үшін, психолог пен режиссердің образына ене біліңіз. Қай техниканы көбірек ұнады?


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


20-20-20 формуласы ӨМІРді ӨЗГЕРТеді

Негатив пікір ЖҮЙКЕГЕ ТИСЕ не істеу керек?