Қандай ертегіні балаға айтуға болмайды?

0
5 825

6 сәуір – орыс халық ертегілері күні. Осы атаулы күні балаңызға қандай ертегі айтып жүргеніңізді, не үшін ертегі айтатыныңызды саралап көріңізші.


Қандай ертегіні балаға айтуға болмайды?

Бала тәрбиесінде ертегінің атқарар рөлі зор. Оны ертеден-ақ тәрбие құралы ретінде қазақ халқы ғана емес, барлық ұлт, бүкіл ел қолданып келеді. Әйтсе де, ата-ана кез келген ертегіні балаға айта беруге болмайтынын және ертегіні де дұрыс аяқтау керек екенін білгені дұрыс-ау?!


ЕРТЕГІНІҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

  • Ертегі бала мен ата-ана арасындағы «арақашықтықты» жақындатады;
  • Бала мен ата-ананың бір-біріне деген ішкі байланысты бекітуге мүмкіндік береді;
  • Баланың рухани жан дүниесін байытады;
  • Балаға өмірдің құндылығын түсіндіреді;
  • Өмірде орын алатын әртүрлі жағдайларға көзқарасын қалыптастырады;
  • Еңбексүйгіштік, адамгершілік қасиеттеріне тәрбиелейді.
  • Жақсы әдеттерге үйретеді.


Тізе берсек, ертегінің бала тәрбиесінде атқаратын рөлі көп. Тек оны дұрыс пайдалана білген жөн.


КЕҢЕС: Пышақпен нан турауға да, онымен адам өлтіруге де болады. Сол сияқты ертегіні дұрыс қолдана білмесеңіз, зардабы тиюі мүмкін. Демек, ертегі айтқанда таңдап, талғап қажеттісін ғана айтыңыз. Сіз айтқан ертегіден бала не алады, ертегі балаға не береді? Кез келген ертегіні айтарда осы сұрақты өзіңізге қойыңыз.



ЕРТЕГІНІ НЕ ҮШІН АЙТАСЫЗ?

Әр ата-ана өзіне «Не үшін ертегі оқып беремін?» деген сауалға шынайы жауап берер болса, балаға қандай ертегіні айтуға болатынын, ал қайсысының балаға кері әсер ететінін түсінеді. Сондай-ақ, ертегіні қай уақытта айту керек екенін де ұғады.

Айтыңызшы, сіз балаңызға ертегіні тек ұйықтар алдында оқып бересіз бе? Мүмкін бұл дұрыс шығар, бірақ ертегі «бесік жыры» емес қой, ол тәрбие құралы. Мейлі делік, баланы ұйықтатарда қандай ертегі айтып жүрсіз? Шытырман оқиғалы және мыстан кемпір, бір көзді дәу, айдахар, алып дәу, жезтырнақ, қасқыр, жолбарыс туралы, яғни қорқынышты және жағымсыз кейіпкерлері бар ертегі айтудан аулақ болыңыз.

Тек ұйықтар кезде ғана емес, жалпы қорқақ балаларға қорқынышты ертегі айтпау керек. Жалпы, әр ата-ана ертегіні өз баласының мінез-құлық қасиеттеріне, болмысына қарай таңдағаны жөн.


КЕҢЕС: Ертегіні баланы ұйықтату үшін емес, тәрбиелеу үшін қолданыңыз. Мысалы, баланы тазалыққа, ойыншықтарын жинауға, тісін тазалауға үйрету үшін, оған Жалқаубек туралы ертегі, ал оның өтірік сөйлегенін байқасаңыз, онда айлакер түлкіден достарының теріс айналғаны т.б. осы секілді ертегі айтуға болады. Өзіне сенімсіз, агресивті балаларға сенімділігін күшейтетін, қайырымдылыққа ертегі айту керек.



ТЕК БАЯНДАП ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ

Кез келген ертегінің «өз айтары», яғни балаға берер тәрбиесі бар. Алайда ата-аналардың көбісі осы тұсына мән бермейді, тек баяндап қоя салады. Кішкентай бала ертегінің не айтқысы келгенін бәрібір түсінбейді деп келте ойламаңыз. Ойын арқылы ойы дамитын баланың өмірге көзқарасы ертегі арқылы қалыптасады.

Сондықтан, ертегінің қалай және қандай оқиғамен аяқталатынына мән беріңіз. Мысалы, көпке жақсы таныс «Шалқан» ертегісінің тәрбиелік мәні неде? Бұл ертегі бірлікті насихаттайды. Сондай-ақ, адамның көбісі бастаған ісіне бір қадам қалғанда тастап кетіп жатады, бітуге жақын тұрған іске тағы бір күшеніп кіріскен адам мәреге жететіні айтылады.

«Шалқан» ертегісінде барлығы жабылып тартқанымен, соңында кішкентай тышқан келіп көмектескеннен соң ғана шалқанды жұлып алды.


КЕҢЕС: Кез келген ертегіні аяқтаған соң, міндетті түрде ондағы тәрбиелік мәнін жеңіл тілмен балаға түсіндіруді ұмытпаңыз. Сіздің айтқан ертегіңіз балаға қиындықтарды түсінуге, талқылауға арналуы керек. Сонда ғана ол баланың ойын жетілдіреді.



ҚИЯЛ-ҒАЖАЙЫП ЕРТЕГІ ҚАЖЕТ ПЕ?

Бала кезінде қиял-ғажайып ертегілерді жақсы көрген, көп тыңдағанның бірі – мен. Қазір істен гөрі көп қиялдайтыным, ертегідей өмірді іздейтінім, өмірге шынайы көзқараспен қарай алмайтыным, айналамдағы адамдардан "Өмір ертегі емес" деген сөзді жиі еститінім де сондықтан болар?!

Қиял-ғажайып ертегілер маған не берді? Ешнәрсе! Ондай ертегілер мені тек қиялдауға үйретті. Меніңше, пайдасынан гөрі зияны көп тиген секілді. Мұндай еретгі қызықты шығар, бірақ қажетті емес.


КЕҢЕС: Қызықты ертегіні емес, қажетті ертегіні айтыңыз. Ертегіден гөрі ой салатын шағын аңыз-әңгіме мен «притча» айтқан пайдалырақ.


Бүгінде ертегілер кітабы көп, интернетте де мыңдаған ертегі бар. Бірақ, оның бәрін айтуға бола ма? Жоқ, балаға ертегі айтқанда мынандай негізгі үш нәрсені есте ұстаңыз:

ШЫНАЙЫЛЫҚ, ТӘРБИЕЛІК, ҚАЖЕТТІЛІК.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Мазалаған сұрақтың НАҚТЫ жауабын 24 САҒАТТА қалай табуға болады?

Не үшін «ШҮКІР» деп айту керек?