​Кедейлікке ТІКЕЛЕЙ АПАРАТЫН 3 әдет

0
3 698

Еересек адамға бұл үш әдеттен құтылу қиын болмас.


​Кедейлікке ТІКЕЛЕЙ АПАРАТЫН 3 әдет

фото: dumanews.ru

Әлеуметтік желілерде психолог-коучтар «Байлыққа қадам», «Ақша және мен», «Бай болудың құпиясы» т.б. тақырыптарда курстар өтіп жүр. Ал біз адамның миын кедейлікке бағдарламалайтын әдеттерден сақтандырудың жолын нұсқағанды жөн санадық.

Өйткені табысқа жеткісі келген адам алдымен кедергілерден құтылуы тиіс. Ал баюға мынау үш әдет тұсау болады екен.



Бірінші әдет

Біріншісі – жалқаулық. Яғни, көп ұйықтау, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдыру, бір істі көпке созып ылжырап-былжырап жүру, «жарты сағат демалып алайын, сосын істеймін» деп телефон шұқылап жата беру, дүкенге барып келуге еріну, «осы күніме де шүкір» деп өзгеріске ұмтылмау т.б.

Бұның бәрі де жалқаулықтың белгілері, жалқау адамның әдеттері. Ең жаманы – бұл дағдылар адамның ұяты мен намысын, ерік-жігерін өлтіреді.

Есте ұстаңыз, жалқау адам ешқашан байымайды, ал еріншектің ертеңі бітпейді. Сөйтіп жүргенде қалай жоқшылыққа толы қарттық шаққа жетіп қалғанын аңғармай қалады. Сол кезде ол бойында қуат бар жас кезінде жағдайын жасап алмағанына, түк бітірмегеніне өкінеді.

Әрине, жалқау болмау – шаршап тұрғанда да өзіңізді қинап жұмыс істей беру емес. Демалып алыңыз. Бірақ демалу осы екен деп ұйықтай беруге болмайды. Түнгі 8 сағат ұйқы жеткілікті. «10 минут», «жарты сағат ұйықтай тұрайыншы» дегеннен ұйқыңыз қанып қалмайды.

Оятқыштың алғашқы қоңырауынан-ақ орныңыздан тұрып кетуге дағдыланыңыз. Және ерініп тұрсаңыз да 5-7-ақ минут уақытты алатын ұсақ-түйек жұмыстарды сол мезетте орындап тастауға тырысыңыз. Бұл жалқаулықты жеңуге көмектеседі. Ал жалқаулықты жеңбейінше ешнәрсе өзгермейді.



Екінші әдет

Екіншісі – сылтау айту. Жұмыс істегісі келген адам – мүмкіндік, ал істегісі келмеген адам – сылтау іздейді.

Кейбір адамға жаныңыз ашып, өмірін өзгертудің, тұрмысын түзеудің жолын айта бастасаңыз, әр сөзіңізге бір сылтаумен жауап беріп ары қарай сөйлетпей тастайды. Мұндайларды «сылтауы көп адам» дейді. Рас, ертеңіне тағы да ақылыңызды қайталап айтып көріңізші, ол сізді басқа сылтауларының астында қалдырады.

Сылтау айтқыш адам сонымен бірге жұрттың бәрін кінәлап жүреді. Оның бақытсыздығына, жұмыссыздығына, қарызының көптігіне, мүшкіл халіне айналасындағы адамдар кінәлі. Ол тіпті о дүниелік әке-шешесін де «Оқытпады», «Үй әпермеді», «Жұмысқа тұруыма көмектеспеді» деп айыпты етіп қояды.

Өкініштісі сол, әркімнен, әр нәрседен кінә іздейтін адамның әрекеті аз болады. Ал әрекетсіз адам қалай байымақ?

Егер молшылықта өмір сүргіңіз келсе, бүгіннен бастап сылтау айтпай үйреніңіз. Сылтау табуды емес, мәселеңізді қалай шешу керектігін ойлаңыз.



Үшінші әдет

Ақталу. Бұл да сылтау айту сияқты, әрекет етуге, алға жылжуға кедергі келтіріп, матап тастайды.

Әлемге белгілі «Бай әке мен кедей әке» кітабының авторы, оратор-мотиватор Роберт Кийосаки «Ақталу – бұл сіздің өз-өзіңізге айтқан өтірігіңіз. Бала секілді өтірік айтуды доғарыңыз. Ақталу адамды жоқшылыққа алып барады» деп ескертеді.

Ақталғыш адамның бір жаман қасиеті – ол өзгелерден дәметеді. Жағдайы жақсы ағайын-туыстан, үкіметтен, ата-анадан көмек күтіп, соларға сеніп өмір сүреді.

Өзгеден дәмету – кедей адамның бір белгісі екенін есте ұстаңыз. Сондықтан да дәметуге үйрететін – ақталу әдетінен ертерек құтылыңыз.

Үш-ақ әдет адамды кедейлікке бастайтын. Осы үшеуінен құтылу соншалықты қиын емес. Өз өміріңізге жауапкершілікті алып, бай-бақуатты болуға әрекетті ертерек бастаңыз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз

Өзіңізге деген СЕНІМДІ арттыратын 6 фраза

Осы КҮЙДЕ арманыңыз ЖЫЛДАМ орындалады