Қиналған кезде түс арқылы шешім табуға болады

0
9 250

Сізді қандай сұрақ мазалап жүр? Маңызды бір шаруада шешім қабылдауға қорқып жатырсыз ба? Сауалыңыз бен мәселеңізге байланысты дұрыс жауапты түс арқылы алуға болады! Сенбейсіз бе? Онда мен бір тәсілді ұсынайын.


Қиналған кезде түс арқылы шешім табуға болады

Сізді қандай сұрақ мазалап жүр? Маңызды бір шаруада шешім қабылдауға қорқып жатырсыз ба? Сауалыңыз бен мәселеңізге байланысты дұрыс жауапты түс арқылы алуға болады! Сенбейсіз бе? Онда мен бір тәсілді ұсынайын.

Алдымен, тарих беттерін парақтайық. Әлемге белгілі орыс химигі Д.И.Менделеев химиялық элементтердің периодтық жүйесін зерттеу барысында кейбір элементтерді кестенің қай жеріне орналастыру керектігін түсінде көрген екен.

Ф.Д.Достоевскийдің «Подросток» деп аталатын романын оқығансыз ба? Жазушы романдағы сюжетті бірінші түсінде көрген, сосын қағазға түсірген.

Есімін бүкіл әлемге әйгілі еткен жаңалықтарын алдымен түсінде көргендер қатарында неміс химигі Ф.А.Кекуле, физик-теоретик Альберт Энштейн, американдық инженер Элиас Хоу, швейцарлық натуралист Луи Агассис, австриялық фармаколог Отто Лёви, шведтік философ Рене Декарт және үнді математигі Шринивас Раманужан да бар. Бір қызығы, әйгілі үнді математигі Раманужан оқу-тоқусыз-ақ «сандар теориясына» өз үлесін қосқан ғалым. Қалай? Ол «сандар теориясындағы» p(n) жіктеуінің асимптотикасын түсінде көрген.

Бұл менің сандырағым емес, тарих осылай «сөйлейді». Ал, ҚР Халық медицинасы және космоэнергетика академиясының президенті, проефессор, мәдениеттанушы Зиядан Қожалымов «Түнгі ғажайып» (Алматы: Шалкөде, 2014. 200-бет) кітабында: «...Пайғамбарларымызға (с.ғ.с.) келген аян сияқты көптеген оқымыстылар түсіндегі аян арқылы ғылыми жаңалық ашқан... Түс сиқырлықтың белгісі емес. Адамның негізгі жұмыс істейтін мидың талшықтарының демалуымен, оның ашылмаған күндізгі демалыстағы талшықтарының құдіреттің әсерімен оянып, іске қосылуы болса керек. Биолог ғалымдардың анықтауынша адам миының тек ғана 8-12 пайызы жұмыс істейтіндігін ал, қалған ми талшықтары демалыста болатындығын ескерсек, түс пен аян құпиясының физиологиялық өзгерістерін ғылымнан бөлек қарауға болмайтыны шындыққа айналуда...» деп жазады.

Түс көрудің тылсым құпиясы туралы шетел ғалымдары да көп кітап жазған. Алайда ғылымның бұл саласын ешкім толық зерттей алмаған. Ешкім нақты ешнәрсе айта алмайды. Сондықтан да, мен де өзім ұсынғалы отырған тәсілдің «жауапты» қайдан, қалай алатынын білмеймін. Оқушы кезімде марқұм әжем үйретіп еді.

Әжем «...Мазалаған сұрағаныңа немесе «қалай етсем қателеспеймін?» деп екі таңдау тұрған кезде дұрыс жауап алу үшін мынандай сызбаны жастығыңның астына қойып жатасың» деп, ақ қағазға түсініксіз бірдеңелерді сызып берген болатын. Ол кезде 8-сынып оқушысымын, түсінбесем де кітабымның арасына салып қойғанмын. Кейін студент болғанымда әлгі сызбада арабша әріптердің жазылғанын білдім, бірақ сол күйі сызбаға түсінбедім. Меніңше, бұл сызба ғарышпен байланыстыратын сияқты. Әйтсе де, сырға толы бұл сызбаның шынымен де «жұмыс істейтініне» талай рет көз жеткізгенмін.

Бүгінде түрлі мәселелермен шақшадай басы шарадай боп жүргендердің көп екенін ескеріп, жәрдемі тиер деген ниетпен өзіме де түсініксіз тәсілмен бөліскім келді.

Қолдану: Суретте көрсетілгендей етіп сызыңыз, араб әріптерін тиісті жерлерге жазып шығыңыз. Жастығыңыздың астына қойып, санаңызды басқа ойлардан тазартыңыз. Тек мазалаған негізгі мәселеңізді ғана ойлап, сұрағыңызды «ойша» қойыңыз.

Ескерту: Бұл тәсілді бейсенбіден жұмаға ауған түні жасау керек. Сызбаны сызардан бұрын ғұсыл алыңыз. Ғұсыл алуды меніңше, барлық мұсылман біледі. Ұйықтар кезде дәрет алып тазаланыңыз. Дұрыс жауапты Алладан сұраңыз.

Таңертең ұйқыдан тұрған сәтте түсіңізде көрген зат, оқиға т.б. барлығын қағазға жазыңыз. Соған қарап, өзіңіз жорамал жасайсыз. Ендеше, түс арқылы «жауап» алу тәсілін алдағы бейсенбі күні қолданып көріңіз және нәтижесін «пост» ретінде жазуды ұмытпаңыз!

Табиғат ҚАЛЫБЕК

ERNUR.KZ