​КӨП тамақ ЖЕУДІ тоқтатудың 3 әдісі

0
3 544

Тәбетіңізді тежей алмай жүрсеңіз, бұны білгеніңіз дұрыс.


​КӨП тамақ ЖЕУДІ тоқтатудың 3 әдісі

фото: images.fineartamerica.com

Семіздіктің дұрыс тамақтанбаудан және физикалық қимыл-қозғалыстың аздығынан болатынын барлығы біледі. Қимылды көбейткенімен, дұрыс тамақтануға көшу көп адам үшін қиын. Өйткені оның астарында психологиялық себептер жатыр.

Дұрыс тамақтанбау бұл – тойып тұрса да жеу (ағзасын тыңдамау), түнде тамақтану (уақытпен санаспау), зиянды тағамдара құмарлық (талғамау). Бұны бір сөзбен шамадан көп тамақ жеу деуге болады.

Семіздікке алып баратын бірден-бір себеп те осы – көп тамақ жеу екен. Бұл не? Әдет пе, ерік күшінің әлсіздігі ме, әлде психологиялық бұзылыстардың салдары ма?

Қайсысы болмасын, бәрін жеңуге, арықтауға болады екен. Тек алдымен адам өзіндегі семіздіктің психосоматикасын анықтап алғаны жөн. Бір қызығы, семіздіктің психосоматикасы әр адамда әр түрлі болуы мүмкін. Ал қуантарлығы, мәселесінің психосоматикасын анықтаған адамға оны реттеу арқылы тамақты шектеу оңайырақ дейді психологтар.



Психосоматика деген не?

Психосоматика (грек сөзі psyche – жан, soma – тән) – кез келген аурудың психологиялық факторының дамуы. Жалпыға түсінікті тілмен айтсақ, қорытылмаған эмоцияның физикалық түрге (тән ауруларына) айналуы.

Көп тамақ жеудің негізгі психосоматикасы мынандай:

  • Стреспен күрес
  • Эмоцияның сыртқа шықпауы («әлсіз деп ойлап қалар», «ұят болады», «ренжітіп алармын» т.б. деп эмоцияны жасыру)
  • Эмоцияналдық аштық (өзінің және өзгенің сүйіспеншілігінің жетіспеушілігі)
  • Ренішті айта алмау, ренжу
  • Ішкі конфликт (өзімен-өзі ұрысу, көңілі толмау, өзін жазғыру, қаламаған нәрсені амал жоқ істеу)
  • Жеке өмірдегі мәселелерден қашу (жауапкершілікті алмау)
  • Өзін-өзі бағалауы төмен (өзіне деген сенімсіздік)

Байқасаңыз, бұл жетеуі де адамның психологиялық күйінен хабар береді. Адам басына түскен кез келген істің шешімін табатыны сияқты, жағдайға байланысты туған эмоцияны да бойынан өткізуі қажет. Яғни, эмоция іште қалмауы керек, оны ішке жұтпау керек.



1. Стресті «жемеңіз»

Артық салмақ жинағыңыз келмесе, эмоцияны дер кезінде қорытып отырыңыз. Түсінікті болу үшін бірер мысал келтірейік. Мысал:

- жылағыңыз келді ме, жылап алыңыз, эмоция көз жасымен шығуы керек.

- біреуге ренжідіңіз бе, оны сол адамның өзіне немесе басқаға айтыңыз.

- ашуландыңыз ба, тежемеңіз. Ашуды термен шығарған дұрыс: ауладағы шөптерді кетпенмен шабыңыз, дене жаттығуын жасаңыз, еден жуыңыз т.б.

- күйініп отырсыз ба, айқайлап немесе уһілеп, терең-терең тыныс алып ауамен, я болмаса сөзбен сыртқа шығарыңыз.

Бұлар адамның күнде кездесіп жататын эмоциялары. Бұдан өзге эмоция көп, оларды ішке жұту – артық тамақ жеумен тең. Иә, көп тамақ жейтіндер – эмоциясын үнемі ішіне жұтатындар.

Психологтар көп тамақ жеу әдетінен құтылу үшін эмоцияны қорытып, яғни сыртқа шығарып үйрену дейді.



2. Ойыңызды өзгертіңіз

Сонымен қатар, артық салмақ өз ойыңыз бен сезімдеріңіздің көрінісі екенін де білгеніңіз жөн. Бұны білу де арықтауға көмектеседі. Мысалы, адам жұрттың сөзінен, әлдекімнен, әлдеңеден қорғанғысы келгенде, салмақ қоса бастайды екен.

Қорғаныс: Әйел іштей өзге еркектердің қарым-қатынасынан, жаңа байланыстан, қолынан түк келмейтін келін екен» деген сөзден қорықса, артық салмақ автоматты түрде оны осы қорқынышынан қорғау үшін жиналады. Барлық қорқыныштарыңызды жеңіңіз, сонда арықтау процесі жүреді.

Жұрт назарында болу: Көп ортасында көзге түсуді іштей қалайтын адамдар да тез семіреді. Мысалы, ол күйеуіне, енесіне, я болмаса жұмыста әріптестерінің елегенін қатты қаласа, ағзасы май жинау арқылы іріленеді. Ірі адам көзге тез түседі, міне түпсана осылай түсініп артық салмақ қоса береді. Ісіңізбен, мінезіңізбен, өзгерістеріңізбен, жетістіктеріңізбен ерешеленуге әрекет жасаңыз, сонда ағзаңыз артық салмақ қосуды тоқтатады.

Жауапкершіліктен қашу: Өз өмірін басқаруды, мәселелерін шешуді басқаларға жүктегісі келетін, жақындарына «құрбан адам» боп көрініп, жауапкершіліктерден қаша бастағанда да салмақ артады екен.

Ойша есейіңіз, мәселе туындаған жағдайда өзіңіз шешіп үйреніңіз.

Кейінге қалдыру: Ойға алған істі, мәселені шешуді, әлдекімнен кешірім сұрауды, біреуге берген уәдесін орындауды, жұмысын ауыстыруды т.б. кейінге ысыра берген сайын салмағыңыз арта береді. «Ертең», «кейін» деп жүрген жұмыстарды шетінен орындауға кірісіңіз, салмағыңыз да өздігінен кеми бастайды.

Өзін жақсы көрмеу, өзгелерді жек көру: Бұл сүйіспеншіліктің жолын жабады. Ал мейір-махаббатқа зәру адам оның орнын дәмді тамақпен, тәттілермен толтыруға тырысады. Өзгелердің махаббатын күтпей-ақ өзіңізді өзіңіз жақсы көруді бастаңыз.



3. Себебін анықтаңыз

Күннен-күнге неге салмақ қосып жатқаныңыз бекерден-бекер емес. Оның себебін анықтауыңыз керек. Ол үшін неліктен шамадан тыс көп және калориялы тағам жейтініңізді жазыңыз. Сосын оның қасына альтернативті жолын іздеп жазыңыз. Мысал үшін мынандай кесте келтірейік, бұл артық тамақ жеудің себебін табуға көмек болады.

НЕГЕ МЕН КӨП ТАМАҚ ЖЕЙМІН?

АЛЬТЕРНАТИВТІ ЖОЛЫ

Ауыр жұмыстан кейін демалу үшін

Жұмысты ауыстыру; Жұмыс графигін бастықпен қайта қарап өзгерту; Демалыс алу; Онлайнға ауысу.

Өзімді еркелеткім келеді

Бетке маска жасау; Массажға бару; Бассейнге жазылу; Әдемі көйлек сатып алу; Иіссу алу

Жалғызсырағанда

Туған-туыспен хабарласу; Достармен отырыстарға бару; Көршілермен араласу; Тұрмысқа шығу немесе сырласатын адам табу;

Осы секілді кестені толтыра отырып, сіз неліктен шамадан көп тамақ жейтініңіздің себебін анықтай аласыз. Ал сол себептің альтернативті жолымен «жүрсеңіз», мәселеңіз шешімін табады.

Осы үш психологиялық әдістің көмегімен әлемде артық салмақтан құтылғандар көп. Сіз де солар сияқты саналы түрде қиналмай арықтай аласыз. Бүгін бастаңыз!

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Сыр мен құпияны КІМДЕРГЕ айтуға болмайды?

Неліктен АЗ СӨЙЛЕУ керек?