Күйеуің (әйелің) - өмірдің​ саған берілген сынағы

0
7 537

Неге өте ақылды, көрікті, білімді келіншектің күйеуі ішімдікке үйір, жалқау? Келбетті, сұңғақ бойлы азамат неге ұсқынсыз, бойы бір тұтам қызға үйленген? Табыскер, сабырлы, иманды еркек мінезі шайпау, ақылы таяз «истеричка» әйелдің несіне қызықты екен?..


Күйеуің (әйелің) - өмірдің​ саған берілген сынағы

фото: svadbuzz.ru

Неге өте ақылды, көрікті, білімді келіншектің күйеуі ішімдікке үйір, жалқау? Келбетті, сұңғақ бойлы азамат неге ұсқынсыз, бойы бір тұтам қызға үйленген? Табыскер, сабырлы, иманды еркек мінезі шайпау, ақылы таяз «истеричка» әйелдің несіне қызықты екен?..

Айналамдағы өзім танитын ерлі-зайыптыларды көргенде осындай сұрақтардың жетегіне еріксіз еретінмін. Содан соң ерлi-зайыптылардың бойынан бiр-бiрiне қарама-қайшы мiнез-қасиеттердi көріп, ой-таразысына салып, «тең», «тең емес» деп «өлшейтін» жаман әдет шығарған едім. Ұнамсыз бұл әдетімнен тағдырдың неге жаманға жақсыны, жалқауға табыскердi, мiнезi төзгiсiз адамға шыдамдыны, ашуланшаққа сабырлыны, сауықшылға отбасын ойлайтын жанды, ақымаққа ақылдыны қосақтайтынын түсінгеннен соң әрең арылдым ғой.

Тағдыр әркiмнiң қабiлет-қарымына, мiнез-құлқына, болмыс қасиетiне, тұрмыс жағдайына орай, бірін-бірі толықтырып тұрсын деп, оған өмiрлiк серiкті қосақтайды екен. Осылай бұл бес күндiк фәни дүниенің тепе-теңдігі, яғни теңгерімі сақталатын көрінеді. Әйткенмен, көпшілігіміз өмірдің бұл теңгерім заңдылығына қарсы келіп, тағдырымызға жазылған адамды тең көрмейміз. Ал, тағдыр кітабына жазылған адамды өзіңізге тең көрмесеңіз не болады?

Бұл сұрақ мені де мазалаған. Сұрағыма орыстілді сайттардың бірінен оқыған бір мысал жауап болғандай. Қазақша мағынасы мынандай:

«Бір үйдің үш қызы болыпты. Бiреуi – өте жалқау, ұйқыны жақсы көретiн және салақ қыз екен. Екiншiсi – мейiрiмсiз, өзiн ғана ойлайтын және қатал, ал үшiншiсi – ақылды, шыдамды, сабырлы әрi он саусағынан бал тамған шебер де еңбекқор.

Бiр күнi таңертең бұл әпкелi-сiңлiлердiң қақпасының алдына үлкен автобус кеп тоқтайды. Үш қыз есік алдына жүгiре шығыпты. Автобус көлiгiнiң iшiнде ешкiм жоқ, ал рөлде бір қарт отыр екен. «Сiз кiмсiз?» деп жамырай сұрапты бойжеткен үш қыз. Қарт «Мен – тағдырмын. Тұрмысқа шығатын уақыттарың келдi. Сендердi өмiрлiк жарларыңмен табыстырып қосуым керек» дейдi.

Тағдыр үш қызды автобусқа мiнгiзiп алады. Автобус бiр шағын ауылға кеп тоқтайды. Егiстiкте егiн егiп, жұмыс iстеп жүрген жiгiттi көрсетедi. Тағдыр-ата оның қолынан бәрi келетiнiн, өте еңбекқор екенiн айтады. Бұл ауылдың адамдары үйiнде бiрдеңе бұзылып қалса, iстен шығып қалса жөндету үшiн осы жiгiтке жүгiнетiн көрiнедi. Шаршап-шалдығуды бiлмейтiн еңбекқор жiгiтті нұсқап, «Бұл жiгiт сенiң тағдырың» дейдi жалқау қызға. Ұйқышыл, жалқау қызды сол жерден түсiрiп, ары қарай жүрiп кетедi.

Келесi ауылға келедi. Алыстан мейiрiмдi жүздi жiгiт көзге шалынады. Ол жақындап келгенде көздерiнен айналасына нұр шашып тұрғаны аңғарылады. Тағдыр ол туралы «Бұл өте қайырымды, мейiрiмдi жiгiт. Ешкiмнен жақсылығын аямайды. Ауылындағы барлық адамға қамқор. Жоқ-жiтiк, шал-кемпiрге көмектесiп жүредi» дейдi. Сосын «Бұл сенiң тағдырың» деп, қатал әрi өзiн ғана ойлайтын өзiмшiл қызды сол жерден түсiрiп кетедi.

Үшiншi ауылға келедi. Ауылдың шетінде әбден тозған, ескi лашықтың алдында ұйықтап жатқан жiгiт көрiнедi. Қиындық басына түссе, қайғырып iшiмдiкке салынатын әдеті бар екен. Анасы қайтқалы үйiндегi малының барлығын iшiмдiкке жұмсап тауысыпты. Үстiне киген киiмi кiр, шашы өсіп кеткен жігітті көргенде үшінші қыз «Жиіркенішті! Ата, кетейікші бұл жерден» дейді. «Сен ешқайда кете алмайсың, бұл – сенiң тағдырың» дейдi тағдыр-ата.

«Бұл жігіт маған лайықты емес. Әпкелеріммен салыстырғанда мен әлдеқайда ақылдымын, еңбексүйгiшпiн. Неге оларға жақсы, маған жаман жігітті теліп отырсыз? Кішкентайымнан үй шаруасының бәрін үйреніп, даналықты қоса меңгергенімде не үшiн ертеңiнен үмiтi жоқ мұндай жiгiтке тұрмысқа шығуым керек? Мен келiспеймiн» деп, көлiктен түспей қасарысады қыз. Сонда тағдыр «Бұл өмір заңдылығы. Жалқау әпкеңмен бұл жiгiт бас қосса, олардың некесі ұзаққа бармайды. Мейірімсіз әпкең де бұнымен бірге тұра алмайды. Сен ғана бұл жігітті адам қатарына қоса аласың. Ашуланшақтар бiр шаңырақ астында қырық пышақ болады. Сауықшылдар көше кезiп жүрсе, олардың бала-шағасын кiм асырайды, кiм тәрбиелейдi? Олай болса, әлдеқашан жер бетiнен адам құрып кетер едi. Сыртқы келбетіне қарап, жігітті жаман деп ойлама. Психологиялық қолдау көрсетіп тәрбиелесең, бұдан жақсы күйеу жасап шығара аласың. Көнсең осы, ал тағдырыңа қарсы келсең, онда өмір бойы жалғыз өтесің» дейді тағдыр-ата. Қыз келіспейді. Бірақ, кейін тұрмысқа шығуға қанша әрекет жасаса да ол жалғыз өтіпті».

фото: gorod.tomsk.ru

Тағдыр-ата айтпақшы, расында да, жақсы мен жақсы, еңбексүйгiштер, сабырлы мен шыдамдылар бiр-бiрiне үйлене берсе, қалған нашар мiнездiлердің, жалқау мен сауықшылдардың өмірі не болады? Шебер тағдыр ұрпақтар жалғастығы үшiн, бiрiнiң мiнезiне екiншiсi шыдай алатындай етiп, жалқауды еңбекқор еңбекке баулысын, әдепсiздi мәдениеттi тәрбиелесiн т.б. деп, адамдарды бiр-бiрiне қосатын секілді.

«Адам – адамға сынақ» деген сөз бар, әркiмдi әр түрлi адаммен сынақ үшiн қосақтайды. Менiңше, Алланың сынағы деген осы шығар. Біреулер жақсысын табамын деп, маңдайына жазылғанмен ажырасып жатыр. Енді кейбіреу «Бұл маған лайық емес» деп, жақсысын іздеп, өмірінің қалай өтіп кеткенін байқамай жүр.

Меніңше, мұның бәрі де тағдырға қарсы келу. Біліп қойыңыз, тағдырына қарсы шығу, өмiрдiң теңгерiм заңдылығына бағынбаудың қай-қайсысы да «бақытсыздық» деп аталатын тұйыққа тiрейдi. Егер, өмiрлiк серiгiңiздiң кемшiлiктерiне, ұнамсыз iс-әрекеттерiне төзе алмай ажырасып кетсеңiз, онда сынақтан сүрiнгенiңiз. Ал, қосағыңыздың кемшiлiгiн, қателiгiн түзеп, жаманын тастатып, жақсыны бойында қалыптастыра алсаңыз, онда сынақтан өткенiңiз. Сынақтан шыдамдылықпен, саналы қадаммен өте бiлсеңiз, бақыт та алдыңыздан шығады деп ойлаймын.

Ал, мен кімнің сынағы екенмін, менің сынағым кім?

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ