Мотивацияны қайдан, қалай табу керек?

0
3 504

Мотивация жетістікке жету, іс тындыру үшін ғана емес, өмір сүруге құштар болу үшін де өте қажет


Мотивацияны қайдан, қалай табу керек?

фото: i.yogaperiodical.com

Соңғы жылдары «мотивация» сөзі трендте. Жастан да, жасамыстан да «Мотивация жоқ», «Мотивация таппай жүрмін» немесе «Бұл менің мотивациям» дегенді естуге болады. Психологтар да үнемі бұл сөзді тренингтерінде қолданады.

Қысқа да нұсқа сипаттар болсақ, мотивация – адамның жанармайы. Мысалы, көлік жап-жаңа, соңғы үлгідегі маркада, онымен барар жер нақты анықталған, «А» мен «В» нүктесінің қашықтық уақыты да белгілі делік. Бірақ жанармайы болмаса көлік орнынан қозғалмайды. Дәл осылай адам да мақсаты айқын, жоспары бар болғанымен, мотивациясыз әрекет ете алмайды.

Сондықтан да адамның өмірінде мотивацияның маңызы зор. Мотивация бар кезде ғана адам кәсіби дамиды, білімін жетілдіреді, жетістікке жетеді, тіпті тауды да қопарып тастай алады.

Ал оны қайдан алуға, қалай табуға болады? Жалпы, мотивацияның қайнары көп. Ол сыртқы фактор немесе ішкі фактор болуы да мүмкін. Оны әркім өзінің ішкі күйіне, психофизиологиялық ерекшеліктеріне, мақсатына қарай тауып алуына болады дейді психологтар.

  • Мысалы, Асыл есімді жалғызбасты келіншек «Менің мотивациям – балаларым» дейді. «Балаларымның қатарынан қалмай, жақсы өмір сүруін ойлағанда мен түске дейін ұйықтап жата алмаймын. Ұйқым қанбаса да таңертең көзімді шайдай ашатын – балаларым» дейді.
  • Жаннұрдың мотивациясы ауылы екен. Ол «Ауылдағы туысқандарымның жоқ-жұқана тұрмысын көріп, баршылықта өмір сүруге талпынам. Мен қарттық шағымның олай өткенін қаламаймын. Әрине ол үшін бойда күш-қуат бар кезде, тынбай еңбектену керек. Жалқаулық желкеме міне бастаса ауылға бір барып қайтамын. Содан соң бойыма күш бітіп, белсене жұмыс істеймін» дегенді айтады.
  • Диастың мотивациясы – саяхат. Ол әлемдегі көрікті қалаларға саяхаттағанды жақсы көреді. Саяхаттау үшін ол бір жалақыға қарап отырған дұрыс еместігін түсініп, мемлекеттік мекемедегі жұмысын тастап, өз жеке кәсібін ашқан. Ағылшын, қытай тілдерін алты айда меңгеруге де саяхаттауға деген қызығушылығы себеп болыпты.

Әркімнің мотивациясы түрлі-түрлі. Есте ұстаңыз, сіздің мотивацияңыз көршіңіздікіндей, әпкеңіздікіндей немесе досыңыздыкіне ұқсас болмауы мүмкін. Сондықтан өз мотивацияңызды іздеп тапқаныңыз жөн. Өйткені мотивация белгілі бір жетістікке жету, іс тындыру үшін ғана емес, өмір сүруге құштар болу үшін де өте қажет.

Осы орайда жеке мотивацияны табудың ең оңай әдістерін ұсынайық.


1-ӘДІС

Жақсы өмір сүріп жатқан сыныптас, достарды көргенде, олармен кездесуден соң «Мен жолы болмайтын адаммын», «Қолымнан ешнәрсе келмейді», «Мен сияқтылар жетістікке жете алмайды» дегенді айтуды, ойлауды доғарыңыз.

Дұрысы, мұндай фразаларды позитивті сөздерге ауыстырыңыз. Мысалы, салыңыз суға кетіп, өзіңізге көңіліңіз толмай жатқанда «Мен жолы болғыш адаммын», «Жұрттың қолынан келгенді мен де істей аламын», «Мен ешкімнен кем емеспін» деп өзіңізді жігерлендіріңіз.


2-ӘДІС

Өзіңізден «Мен 5 жылдан кейін (немесе 10 жылдан соң) өмірімнің қандай болғанын қалаймын?» деп сұраңыз. Сұраққа жауап іздеп, жоспар құрып, ой қорыту арқылы сіз қажетті мотивацияны таба аласыз.


3-ӘДІС

Мақсатты қағазға жазып қою да жақсы мотивация береді. Мысалы, бес баланың анасы Раушан «Сыныптастармен жиырма жылдыққа баруым үшін 55 кг болуым керек» деп өзіне мақсат қояды. Бір жыл бұрын дайындалып, әр айға қанша салмақ тастау керектігін жоспарлайды. Және оны тоңазытқышқа, ас ішетін үстел жанына іліп қояды. Тамақты көп жей бастағанда мақсаты есіне түсіп, өзін тыяды. Сөйтіп 5 айда 25 кг салмақ тастапты.


4-ӘДІС

Өміріне, амбициясына қызығатын бір адамды тауып, оның іскерлігінен шабыт алыңыз. Мейлі, оны сіз жақсы танымайтын да шығарсыз, сырттай өмір сүрту салтын бақылайтын адам болуы мүмкін. Дегенмен, ол күнде көретін әріптесіңіз немесе туған-туыстар арасындағы, я болмаса көршілердің бірі болса жақсы. Сіз сол адамға қарап бой түзеңіз, ой түзеңіз. Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ» деп айтқандай, ол адамға ұқсауға, әрекеттерін қайталауға тырысыңыз.


5-ӘДІС

Бұрын жеткен бір жетістігіңізді үлгі етіп алыңыз. Мысалы, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грантты жеңіп алдыңыз. Оған қалай жеттіңіз? Есіңізге түсіріңізші: ұйқысыз түндер, күнделікті дайындық, грантты жеңіп алуға деген құлшыныс, студент атану мақсаты. Сол кезде мотивацияны қайдан алдыңыз? Ойланыңыз, бүгінгі жаңа мотивацияны табыңыз. Неге тағы да жеңістің дәмін сезіп көрмеске?!

Бұрынғы жетістіктерді еске алу – өзіңізге деген сеніміңізді жоғарылатады. Адам өзіне сенгенде оның күш-қуаты артады.


Бастысы, неміс философы Фридрих Ницше айтқандай «Кім «не үшін?» өмір сүріп жатқанын білсе, ол кез келген «қалай?» дегенді таба алады». Эмоция мен ләззат сезімі біріккен жерден іздеңіз мотивацияны.

Басқа оқырманға көмек болу үшін комментарийге өз мотивацияңызды жаза кетіңіз.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жас жұбайлар НЕГЕ ата-анадан БӨЛЕК ТҰРҒАНЫ дұрыс?

40 жаста "Ата-анам айтса болады ғой" десеңіз, Сіздің әлі де АҚЫЛЫҢЫЗ КІРМЕГЕН