​ӨГЕЙлігін танытқан адамды ӨМІР де ӨГЕЙсітеді

0
2 607

«Тағдыр екен, алғашқы тұрмысымнан жолым болмады. Бір ұлыммен ажырасып кеттім. Тым жас едім. Алған мамандығым да болған жоқ. Әке-шешем де өмірден өткен. Төркінімді сағалап барғанымда олар да мені құшақ жая қарсы алған жоқ.


​ӨГЕЙлігін танытқан адамды ӨМІР де ӨГЕЙсітеді

«Әйелдің көз жасына қалма, оның әрбір тамшы көз жасын періште санап тұрады екен» деген сөзді естуім бар. Көз жасына ерік беріп, біреуге налып жылап отырған әйелді көрсем жаным ауырады.

Кейде сол әйелдің көз жасына қалған өз күйеуі, балаларының әкесі екендігін білсем, қаным тіпті басыма шабады. Сол әйелді бақытқа бөлеймін деп тағдырын қосақтады емес пе?! Енді ер жігіт сөзінде тұрып, әйелді жылатпауға тырысуы керек деп ойлаймын.

Әдеттегідей жұмыстан қайтар шақта аялдамаға қарай аяңдадым. Жолдың шетіндегі жүргіншілерге арналған орындықта бір әйелдің солқылдап жылап, көз жасын ұстай алмай отырғанын көріп, шыдай алмадым. Еріксіз қасына жақындадым.

Қала өмірі деген қым-қуыт, қарбалас қой. Сонда да мен ол әйелге бей-жай қарап, жанынан жәй ғана өтіп кете алмадым. Өйткені, мен де әйелмін, ол әйелдің де жанын ұққым келді. Үйде жолдасым мен балаларым күтіп отырғанына қарамастан, мен тым болмаса, бес минут осы әйелдің жанында болып, көз жасын сүртіп, жұбату сөздерімді арнап кетсем, үйге де көңілім жайланып жетер едім.

Айта берсе, барлық адамның басында түрлі қиындықтар болып жатады. Өмір ағы мен қарасы алма-кезек араласып келгендіктен, жаның қиналған сәтте таныс-бейтаныс адамдардан жан жылуын, бір ауыз жылы сөзін естігің келеді. Бір ауыз жылы сөз жанға қуат береді, бір сәтке болса да адам қайғы-мұңын ұмытып, аз да болса ес жинап қалады.

Бір-бірімізге деген мейірім азайған заманда, бір адамның мұңын түсініп көрейінші, қолымнан келсе көмек көрсетейін деп ойладым. Жылап отырған әйелдің жанына жақындай бергенімде ол көзінің жасын сүртіп, тыйыла қалды. Жат түгілі, жақыныңа сенбейтін шақта оны да түсіндім. Барынша жылы сөзімді арнап, жұбатуға кірістім. Ол да сырын кімге ақтарарын білмеген болса керек, сөз бастады.


«Тағдыр екен, алғашқы тұрмысымнан жолым болмады. Бір ұлыммен ажырасып кеттім. Тым жас едім. Алған мамандығым да болған жоқ. Әке-шешем де өмірден өткен. Төркінімді сағалап барғанымда олар да мені құшақ жая қарсы алған жоқ.

Түсінемін, әркімнің өз отбасы бар, нанына ортақтасқанымды жақтырмаса керек, ағам бауыры болғандығым үшін іштей қынжылса да бетіме келіп ауыр сөздер айтқан емес. Мен жеңгемнің қатулы қабағынан, тікенектей қадалатын ащы сөздерінен қаштым.

Өз күнімді өзім көре алатындай жағдайда емес едім, балам да кішкентай. Аяққа тұрып кетуім үшін маған да біреудің қолдауы қажет болды. Сөйтіп, өзіммен өзім болсам, ағам мен жеңгеме ауырлығым түспесе екен деп тұрмысқа шығуға бекіндім. Ондай адам да табылды. Өзіммен тағдырлас, ажырасқан жігіттің етегінен ұстадым. Біз алғаш танысқан кезде ол өзінің өмірбаяны жайлы айтып берген. Мен де одан ештеңе жасырмадым.

Күйеуім алғашқы некесінен екі қызы бар екендігін, олардан ешқашан бас тартпайтынын, бірақ, әйеліне кешіріммен қарай алмағандықтан, ажырасып кеткенін айтқан болатын. «Басқа қателіктер жіберсе мүмкін, кешірер ме едім, бірақ, ол отбасы бола тұра басқа бір ер адаммен байланысты. Олардың үстінен түскенмін, сондықтан, мұндайға шыдамадым» деген болатын. Екеуміз бір-бірімізді жақсы түсіндік. Сөйтіп, отбасын құрдық.Жап-жақсы басталған еді отбасылық өміріміз. Менің ұлымды да шеттетпеді. Алғашында ата-енемізбен бірге ауылда тұрдық, кейін күн көріс қамы үшін күйеуім екеуміз қалаға келдік.

Яғни, күйеуім бұрын сол қалада базарда сауда жасаған екен, кейін әйелімен ажырасып кеткеннен кейін, аздап күйзеліс үстінде жүргендіктен, ауылға, ата-анасының жанына келген екен. Ата-енеміздің батасын алып, біз қалаға келдік. Күйеуім ғана жұмыс істеп, мұнда күн көру мүмкін болмады. Сондықтан, мен де оның жанына сауда жасауға базарға шықтым. Балам да есейіп қалған болатын, оны балабақшаға орналастырдым.

Солай өміріміз өтіп жатқан. Кейін қайным үйленетін болды да, бізді ата-енем ауылға шақырып алды. Онда да біржолата емес, ақылдасу үшін, келін түсірер алдындағы дайындық үшін шақырған болатын. Сөйтіп, ауылға келгенде қалыңмалды күйеуімнің мойнына артты. Жартылай болса да көмектесер едік, өзіміз де қалада жетісіп жүрген жоқпыз ғой. Содан мен өз ойымды айтамын деп дау шығып кетті. Күйеуім маған қол көтерді. Оған да ренжімеген едім, өйткені, мен де өзімнің кінәмді білемін. Үлкен кісілерге қарсы сөйледім, мен де оларды ренжіттім. Бірақ, мені ренжіткені күйеуімнің маған қол көтергені емес еді. Ол маған «сен ештеңені де білмейсің. Мен әйеліммен ол маған опасыздық жасағаны үшін емес, мен оған қиянат жасағаным үшін ажырасқанбыз. Шынымды айтсам, мен басқа әйелмен жүргенмін. Әйелім осыған шыдай алмай үйден кетіп қалған. Ол әйел маған бәрін берді. Қаласам астыма көлік алып беруге де дайын еді. Ол менің барлық жағдайымды жасады. Бірақ, менен он жас үлкен болғандықтан, ата-анам қарсы болған ол әйелге үйленуіме. Мен сені таңдағанмын сол кезде, ата-анам үшін. Әйтпесе, мен әлі де ол әйелмен байланыстамын. Егер інімнің үйленуіне қалыңмалды төлеп бере алмасаң, мен сол әйелге кетемін. Ол маған қанша сұрасам да жоқ демейді» деген сөзі жаныма батты. Бұл кезде мен ол кісіден бір бала сүйген едім. Алғашқы некемдегі ұлым, ол кісінің бірі сыртымда, бірі ішімде екі балам бар еді. Яғни, жүкті болатынмын.

Күйеуімнің еттен өткен таяғына емес, сүйегімнен өткізген сөздеріне шыдамадым. «Кетсең, сол әйелге кете бер. Мен саған бір тиын да бермеймін» дедім де екі баламды жетектеп үйден шығып кеттім.

Қалада пәтер жалдап тұратынбыз. Сонда келдім. «Енді тұрмысқа шықпаймын, бір емес, екі рет аузым күйді. Біраз нәрсені көрдім. Бұрынғыдай жылап отырмаймын, ары қарай саудамды жалғастырып, балаларымды өзім асырап-жеткіземіндеген мақсат қойдым алдыма.

Әрине, жалғызбасты анаға оңай емес. Сонда да тырмыстым, балаларым үшін талпындым. Өткен өмірімді өшіріп, жаңдан өмір бастауға бел будым. Кейде балаларымды да аяймын. «Біздің неге әкеміз жоқ? Ол неге келмейді?» деген сұрақтарына да не айтарымды білмей, «үлкейгенде өздерің түсінесіңдер. Солай, сендердің әкелерің жандарыңда болмаса да, мен қастарыңдамын. Мен сендерді ешқашан біреуге көз түрткі етпеймін» деп өзім жылап қалатынмын. Үшінші перзентімді де аман-есен босандым. Жанымда көмек беретін адам болмаса да, мен кішкентай бөбегім үшін бала күтушісін жалдап, ептеп күнімізді көріп жаттық. Кішкентайым балабақша жасына жеткенде оны балабақшаға орналастырдым, үйлкендерім мектепке барды. Өткенімнің барлығын ептеп ұмытуға тырыстым. Жағдайымыз оңала бастады. Тірнектеп жинап, баспаналы да болдым. Ескілеу болса да мінгенге көлік қой, барар жеріме қиналмай жетіп аламын деп көлік те сатып алдым, көлік жүргізуді де үйрендім.

Балапандарым үшін тұмсығымен шөп тістеп, қанатымен су тасыған құстың кейпінде едім. Шүкір, ол қиын шақтарды да артқа тастадық. Балаларым өте ақылды, тәрбиелі болып өсіп келеді.Әрбір ананың арманы ғой, баласына қарап сүйініп отыру.

Өмірім бір арнаға түсіп, ел қатарлы өмір сүріп жатқан едік, тағы да шырқымыз бұзылды. Оған себеп тағы да күйеуім. Бірінші некемді мүлдем ұмытқанмын, оны күйеуім деп айта алмаймын.

Екі баламның әкесі, яғни, екінші күйеуім тағы да босағамызда пайда болды. Балаларын сағынғанын айтты, бармақ тістеп өкінетінін, ашумен «өтірік айтқанын» және қалған өмірін менімен бірге тату-тәтті, толыққанды отбасы болып бірге өткізгісі келетінін айтып сендірді.

Мен сендім. Мүмкін, жүрегімде күдік бар болса да, балаларымның әкесі деп бір мүмкіндік берген шығармын немесе оны аядым ба білмеймін. Оны қайта қабылдадым.

Өйткені, балаларымның үшеуі де ұл болғандықтан, оларға әке тәрбиесі қажет-ақ. Бір жағынан, туыстарым болсын, құрбыларымның күйеуілері болсын, ер-азаматтың жанынан айналшықтап шықпай, соларға қарап үлгі алатынын көріп жүргендіктен, әкесі болғаны жақсы дедім де бір мүмкіндік беріп көрейін деп шешкенмін.

Бірақ, мүләйімсіп есігімнен енгенімен, ол сөзінде тұрмады. Бір күні базардан ертерек келіп, үйді айнала бергенімде күйеуім үлкен ұлымның тамағынан қысып ұстап алып, буындырып жатыр екен. Шыңғырып жібердім. Осы уақытқа дейін де өгей деп шеттетіп, талай қорлықты көрсетіп жүрсе де, үлкен ұлым анам жыламасын деп маған ештеңе айтпай жүрген ғой.

Күйеуімді қуып жібердім. Мұндай әке болғанша, болмағаны да жақсы. Мен оның кеткеніне емес, балаларым үшін алаңдап жылап отырмын. Үйімді де біледі, балаларымның да қай мектепте оқитынын біледі. Бір зияны тиіп кетпей ме екен деп қорқамын. Ол қаны бұзық адам. Біздің тып-тыныш өміріміздің шырқын бұзды, енді қайтадан кіріспесе екен» деп жан сырын ақтарған әйелге шынымен жаным ашыды.

Мұндай әйелдер барлық қорлыққа, теперішке төзе алады-ау, бірақ, балалары үшін қорқады. Олардың өміріне зиян келуден қорқады. Сондықтан, тікелей ер-азаматтарға бағыттап айтарым, әйелді жылатпаңыздар!Ал, бала ол сіздің бауыр етіңіз, жолыңыздың жалғасы. Оларды қалайша ренжітіп, жанын қинауға болады? Түсінбеймін...

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Кейіпкердің өз аузынан жазып алған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

РЕНІШіңді айта алмау ҚИЫН екен
БАЛАны ғана емес, АТА-АНАны да жиі ҚҰШАҚТАУ керек. НЕГЕ?