Өмір-ұстаз сізге нені ұқтырғысы келеді?

0
2 839

«Ақылды болмайынша бақытты да бола алмайсың» дегенді қалай түсінесіз? Ақыл қайдан келеді? Ақылды дұрыс пайдалану не береді? Меніңше, айналамыздағы адамдардың және өз өмірімізде болып жатқан жағдайлар мен оқиғалардан ой түйіп, өмірлік сабақ алудан ақыл толысады. Адамның басқа жандылардан (аң, құс, жануар, жәндік) айырмашылығы – санасында, яғни ақылында. Жаратушының адамға берген ең үлкен сыйы да осы – ақыл. Сонда ақылды қалай арттыруға болады? Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену арқылы.


Өмір-ұстаз сізге нені ұқтырғысы келеді?

«Ақылды болмайынша бақытты да бола алмайсың» дегенді қалай түсінесіз? Ақыл қайдан келеді? Ақылды дұрыс пайдалану не береді?

Меніңше, айналамыздағы адамдардың және өз өмірімізде болып жатқан жағдайлар мен оқиғалардан ой түйіп, өмірлік сабақ алудан ақыл толысады. Адамның басқа жандылардан (аң, құс, жануар, жәндік) айырмашылығы – санасында, яғни ақылында. Жаратушының адамға берген ең үлкен сыйы да осы – ақыл. Сонда ақылды қалай арттыруға болады? Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену арқылы.

Ақылды адам не нәрсенің де кездейсоқ болмайтынын, құдайдың әмірінсіз қурайдың да сынбайтынын біледі. Мен сізді ақылы бар адам деп ойлаймын. Олай болса, көзіңіз көрген әр адамды ұстаз деп біліп, әр жағдайдан сабақ ала біліңіз. Сонда ақылыңызға ақыл қосылып, адасудан, қателесуден, алданудан аулақ боласыз.

Әр адам, әр оқиға – ұстаз. Өмір-мектебінің ұстаздары кәдімгі мектептегі әр пән бойынша жоспармен білім беретін ұстаздар сияқты емес. Күнделікті жұмыста бір кабинетте отыратын әріптесіңіз де, күнде азық-түлік сатып алуға баратын үй жанындағы дүкендегі сатушы әйел де сізге ұстаз бола алады. Мұңын айтып келген көршіңіз бен көшеде бүгін көрген жол апаты, екі адамның жанжалдасуы да, барлығы – ұстаз. Кездейсоқ ешнәрсе болмайды, өміріңізде кездейсоқ ешкім жолықпайды. Оның барлығы да өмір-ұстаздың сізге жіберген сабақтары деп біліңіз. Сабаққа зейін қоя білген жаңылыспайды.

Біреу сізге басындағы бір мәселесін айтса, «өмір маған бұл арқылы не ұқтырғысы келеді?» деп ойланыңыз. Егер, айналаңызда болып жатқан жағдайларға ойлы көзбен қарай білсеңіз, бақытсыздықтан, сәтсіздіктен, бұрыс шешім қабылдаудан сақтана аласыз. Әр оқиғаға, жағдайға, тіпті сол күні көрген киноға, оқыған кітаптағы оқиға желісіне мән беріңіз. Өйткені, мұның бәрі бекерге орын алып жатқан жоқ. Өмір-ұстаз сізді кешке немесе ертең, я болмаса осы жақынарада болатын бір жаманшылықты ескертуде. Немесе отбасыңда болатын бір мәселені қалай ушықтырмауды үйретуде.

Кейде басыңдағы бір жағдайдың шешімін таба алмай, «қайткенім дұрыс?» деп ойланып жүресіз. Жұмыста отырсаңыз да, тойға барсаңыз да сол бір жағдай ойыңызға орала береді. Егер, зейін қоя білсеңіз, сол сіз шешімін таба алмай жатқан жағдайдың шешуін сол күні жұмысыңыздағы бір әріптесіңіз айтты немесе жолда жөн сұраған бейтаныс адам бағыт берді. Әрине, олар сіздің мәселеңізді білмейді. Бірақ, олардың сөзіне мән берсеңіз, расында да өмір-ұстаз ол адамдарды бүгін сізбен кездейсоқ кездестірмегенін түсінесіз. Бірақ, көпшілігіміз өмір-ұстаздың бізге айтпақ болған ескертуін, «ақылын» «тыңдағымыз» келмейді. Соқырға таяқ ұстатқандай етіп мәселемізден шығар дұрыс жолды белгілі бір оқиға, бір танысымыз арқылы шұқып көрсетсе де байқамаймыз-ау.

Мысалы, сіз желілік бір компанияның ұсынған жұмысына қызығып жүрсіз делік. «Бір жылда миллионер боласыз» деген сөз құлағыңыздан кетпей, оған тіркелу үшін құятын қаражатты ойша іздестіріп әуресіз. «Алданып қалмаймын ба? Әлде шынында да мол қаражатқа ие бола аламын ба?» деген сауал маза бермей қойды. Жалпы, желілік жұмыстардан ақшаға қарық болып жатқандар да, қалтасы қағылып жатқандар да бар. Сондықтан да дұрыс шешім қабылдай білу – ақылдылық. Сезімге емес, ақылға еру үшін өмір-ұстазды тыңдай білген жөн. Яғни, сіз бүгін бір сериал көрдіңіз, онда желілік компания жұмысы туралы қысқаша эпизод болуы мүмкін. Немесе әлдекім қосымша қаражат табамын деп ұтқанын, я болмаса ұтылғанын сізге сөз арасында айтып өтуі кәдік. Қолыңызға кездейсоқ тиген басылымнан біреудің өмірбаянын оқисыз. Ол жерде де желілік жұмыс жөнінде аз-кем жазылуы мүмкін. Қорытынды шығару өзіңізге байланысты. Қорытындыңызға қарай дұрыс, я бұрыс қадам жасайсыз.

Егер, мән берсеңіз, кейде бір күнде белгілі бір сөз немесе көрініс бірнеше рет қайталанады. Мысалы, көлік жүргізіп келе жатырсыз. Көшеде қоқысты өртеп жатқан бір баланы көрдіңіз. Бағдаршамда тұрсыз, дәл алдыңыздағы көлік – өрт сөндіруші көлігі. Радионы қостыңыз, жаңалықта өрт туралы хабарлап жатыр... Кездейсоқтық деп қарамаңыз. Айналдырған екі сағаттың ішінде өртпен байланысты 4-5 оқиға, көрініске тап болдыңыз. Өмір-ұстаз сізге нені ескерткісі келеді? Көлігіңіздің салқындатушы сұйықтығын (су, тосол, антифриз) тексеріңіз. Үйіңізден шығарда электрлі құралдардың бірі қосулы қалмады ма, тексеріңіз.

Байқай білгенге осы мысалға ұқсас оқиға оның өмірінде көп орын алған, орын алып жатыр. Тек өмір-ұстаздың «сабақтарын» зейін қойып «тыңдап», оқиғалар мен жағдайларды бақылай білсе, мәселелерін қалай шешудің дұрыс жолын таба алады. Өзгелер үшін қиын мәселе ол үшін оңай болады.

Жазира СМАҒҰЛОВА.