​Орта жасқа дейін ОСЫ үшеуін орындап үлгер!

0
2 449

Бұны ата-ана да ұл-қызына қайталап айта беруі керек.


​Орта жасқа дейін ОСЫ үшеуін орындап үлгер!

фото: krot.info

Халық арасында «Нағыз еркек үй салады, бала таптырады, ағаш егеді» деген сөз бар. Ал психологтар кез келген адам орта жасқа дейін осы үшеуін де орындап үлгеруі қажет дейді.

Еліміздегі статистика бойынша адамның өмір сүру ұзақтығы орташа есеппен 70-72 жас. Сонда орта жас 35 жас болады. Ал сіздің жасыңыз қаншада?

35 жасқа дейін мына үш нәрсені орындай алмасаңыз, өміріңіздің соңына дейін өкінішпен, жылап-сықтап, өзгеден өзіңізді кем санап, қиналып өтесіз. Таңдау сізде!



1. Ата-ана атану

Соңғы жылдары кеш үйлену, 35 жасқа дейін жалғыз жүруді көпшілік қалыпты санайды. Жастар «Пәленше 40-қа кеп үйленді ғой, келіншегі өзінен 20 жас кіші, әдемі», «Түгенше 35 жасында тұрмысқа шығып, 40-қа дейін екі бала туып үлгерді» деп отбасы құруға асықпайды. Немесе ерте тұрмысқа шыққанымен, «Әлі жаспыз ғой, екіншісін отыздан асқан соң жоспарлаймыз» дейді.

Әрине, ештен кеш жақсы. Алайда 30-35 жасында тұңғышын өмірге әкелген аналардың, 40-та алғаш рет неке қидырып жатқан ер-азаматтардың өміріне қызықпай-ақ қойыңыз. Олардың шүкірінен өкініші көп.

  • Біріншіден, адамның жасы ұлғайған сайын гормондар қалыпсыздығына, бұзылысына қарай оның ауру-сырқауы көбейеді, ал ұрық жасушалары (әйелдің де, еркектің де) азая береді. Сондықтан да 35-40 жаста жүкті болу өте қиын. Көп емделуге, уыстап дәрі ішуге, медицина мамандарының «Ана бола алмайсыз», «Әке болу қабілетіңіз өте төмен», «ЭКО-ға жүгініп көріңіз, басқа жол жоқ», «Жасыңыз 35-тен асқан ғой, құрсақтағы балаңыздың Даун синдромымен туу қаупі жоғары» т.б. деген әр сөзінен соң стрестік жағдайды бастан өткеруге тура келеді. Есте ұстаңыз, баланың генетикалық аурумен туылуы тек тұқымқуалаушылыққа байланысты емес. Әр түрлі ауру синдромы бар балалар жасы 35-тен асқан аналар мен 45-тегі әкелерден де пайда болу көрсеткіші жоғары.
  • Екіншіден, 35 жастан кейін бала туу ананың өміріне қауіпті болғандықтан көбіне кесарь тілігі жасалады. Яғни, операциялық пышақ тиеді, сау ағза тілінеді. Оның салдары жоқ емес.
  • Үшіншіден, жасқа жас қосылған сайын адамның энергиясы кеми береді. «Айхай 25-ті» 35 жаспен салыстыруға келмейді. Яғни 35-40 жаста бала табу және сонымен бірге үй шаруасын мінсіз атқарып, күйеу мен ата-ене бабын да табу оңай емес. Бұның бәріне көп күш-қуат керек.
  • Төртіншіден, 35-40 жаста сіз бірінші балаңызды перзентханадан құшақтап шыққанда, сыныптастарыңыз тұңғышын колледжге, жоғары оқу орнына ертіп барады. «Бастысы, ана (әке) атанып үлгердім ғой» деп өзіңізді жұбатқанмен, қатарластардың есейіп қалған ұл-қызын көргенде қолыңызды мезгілінен кеш сермегеніңізге шын өкінесіз.

Осындай-осындай физикалық және психологиялық қиындықтардың болғанын қаламасаңыз, 25 жасқа дейін отбасы құрып, ал 35 жасқа дейін үш-төрт баланың ата-анасы атанып үлгеруді бірінші орынға қойыңыз. Яғни, жоспарыңыздағы балаларды 35 жасқа дейін туып немесе асырап алыңыз.



2. Баспана алу немесе салу

Орта жас түгілі зейнетке шықса да үй-жайы жоқ адамдар бар. Пәтерде жүріп те қызын ұзатып, ұлын үйлендіріп жатқандар кездеседі.

Әрине біреудің үйінде жүріп те әдемі өмір сүруге болар. Бірақ дана қазақ «Өз үйім – өлең төсегім» деп бекерге айтпаған. Екі бөлмелі времянка болса да өз баспанаңның болғаны дұрыс.

  • Біріншіден, жас отбасы кезде, студенттік шақта пәтер иесінің талаптарына шыдарсыз, ал орта жастан кейін оның ескертулеріне, «Пәтерді сатайын деп жатырмын, босатыңдар» дегеніне, жұрттың «Әлі үй алмадыңдар ма?» деген сөзін көтеруге мықты жүйке керек. Сонымен бірге 40 жаста қайта-қайта көшіп-қона беруге күш-қуат та қажет. Әр көшкен сайын балалардың мектебін, тіркелген емханаңызды ауыстыра беру де – машақат.
  • Екіншіден, пәтерде жүрген отбасыда береке болмайды, дүние де жиналмайды. Жаңа зат алайын десең, көшерде жүк болады. Сөйтіп тапқаныңыз басқа нәрселерге жұмсалып, құралмайсыз.
  • Үшіншіден, үйі бар азаматтың сөзі әйеліне, қайын жұртына, тіпті көршілеріне де өтімді болады. «Не бітіріп жүрсің?», «Баспана алу – еркектің міндеті», «Қашанғы пәтерде жүреміз? Жұрттың күйеуі...» деген сөздерді естімейді.
  • Төртіншіден, жайлы жерде ағаштың жайқалып өсетіні сияқты, үйі бар ерлі-зайыптының жаны тыныш, ұрыс-керісі мен уайымы аздау болады.
  • Бесіншіден, егер денсаулығыңызға байланысты балалы бола алмасаңыз, баспанасы бар отбасыға бала асырап алуға болады. Заң бойынша, үйі, тұрақты жұмысы бар отбасыға ғана бөбектер үйінен бала асырап алуға рұқсат беріледі.

Үй – қыста жауратпайтын, жаңбырдан сақтайтын пана ғана емес, ол сондай-ақ психологиялық қорған. Алаңсыз қарттықтың қамы.

Орта жастан кейін денсаулығыңыздың, тұрмыстық жағдайыңыздың қандай болары белгісіз. «Есің барда еліңді тап» демекші, бойда қуат барда үй алуға немесе салуға ертерек қамданыңыз. Дүркіретіп туған күн жасамау, әр отырыс сайын жаңа киім кимеу, көлік алмау, шетелге саяхаттамау ұят емес, орта жаста бала-шағаны абыржытып пәтерден-пәтерге көшіп жүру – ұят әрі қиын.



3. Табысы көп жұмыс

Көп табыс табу үшін шағын болса да кәсіп ашу керек. Немесе өз салаңның нағыз маманы болу қажет. Екеуі де білімді, қабілетті, үздіксіз үйренуді талап етеді.

Ал оқу, жаңа нәрсені үйрену, білімді қабылдау орта жастан кейін қиындайды. Сондықтан жас кезде нақты шешім қабылдаңыз: не кәсіп, не карьера. Сосын таңдаған бағытыңыз бойынша білімді жаңартуға, арттыруға, ізденуге, ой-өрісті кеңейтуге, оқуға көп уақыт жұмсаңыз. Кәсібіңіз тұрақталып, мол табысқа жетпейінше өзіңізді аямаңыз.

Өз мамандығының шебері, білгірі де ешқашан жаман өмір сүрмеген және жалақысы да аз болмайды. Қай маман иесі болсаңыз да, магистратураны, докторантураны оқып алыңыз. Сонда қайда барсаңыз да жоғары қызмет ұсынылады. Сондай-ақ орта жастан асқанда жұмыс табу да оңай болады. Өз салаңыздың білікті маманы болсаңыз, орта жаста жастарға ақылы түрде тәжірибеңізбен бөлісе аласыз. Тіпті білікті маманды зейнетке шықса да көп жер жұмысқа шақырады.

Сондықтан да біліктілікті, білім дәрежесін, сол арқылы абырой-беделді, қызметті орта жасқа дейін көтеріп алған дұрыс. Өйткені 40-тан кейін білім қабылдау қиындайды, ұл-қыз өскен соң баратын жер, мәселе көбейіп, уақыт азаяды.


Жас кезде адам бұл үшеуінің де қадірін білмейді. Бірақ орта жастан кейін осы үшеуінің маңыздылығын мойындайды. Ендеше, көзді ашып-жұмғанша зуылдап өте шығатын өмірде орта жасқа келгенше балалы және баспаналы болуға, тұрақты әрі мол жалақыға қол жеткізуге асығыңыз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Көпшілік ортасында ҚЫСЫЛУ мен ҚЫЗАРУДАН құтқаратын төрт әдіс

АРМАНҒА ТЕЗ ЖЕТКІЗЕТІН үш техника