​Өзін-өзі сыйлайтын адам БҰЛАРҒА жол бермейді

0
2 304

Осы ұстанымдар сіз де болса, өзгелер сыйлап-құрметтейтін болады


​Өзін-өзі сыйлайтын адам БҰЛАРҒА жол бермейді

фото: ekmekvegul.net

Сыйлы болам деген адам ең бірінші өзін сыйлап үйренуі керек дейді даналарымыз. Ал психологтар өзін-өзі құрметтейтін адамды басқалар да сыйлайтынын айтады.

Жантану мамандарының айтуынша, тіпті адамның өзін-өзі қалай бағалайтыны да өзіне деген құрметінен байқалады екен. Бұны сырт көз қандай әрекеттерінен, қылықтарынан аңғарады?



1. Өткен шаққа жиі орала бермейді

Біреу өткен шағын сүйінішпен, біреу күйінішпен еске алады. Әдемі көңіл күйге бөлену үшін немесе «өмір сабағы» ретінде аракідік өткеннің кейбір естеліктеріне оралып тұру қалыпты жағдай. Бірақ қайта келмейтін ол шаққа ойша қайта-қайта бара беруден пайда жоқ. Әркімге бір айту да дұрыс емес.

Өзін-өзі сыйлайтын адам өткен шағындағы өмірін, байланыс үзілген қарым-қатынасты, бұрынғы жұмыс орнындағы әріптестерін жамандамайды, тіпті жақсы естеліктерін де айта бермейді екен. Дер кезінде ол шақтың есігін жауып, осы шақта өмір сүреді.

Ал психологтар өткен шақты жиі еске алу адамды күйзеліске түсіреді дейді. Мейлі, ол жақта жағымды немесе жағымсыз естеліктер қалса да, екеуі де адамды осы шақтан алыстатады екен. Сөйтіп психологиялық тұрғыда дәл қазіргі шақта әрекет етуге кедергі болады.



2. Денсаулыққа зиянды жұмыстан бас тарта алады

Жұмыстың түрі көп. Мысалы, кейбір заводтарда өндірілетін бояулар, химиялық заттар ортасында ұзақ уақыт болу денсаулыққа зиян келтіреді. Сол сияқты үнемі аяқтан шалып, қаңқу сөз таратып, жүйкеге тиетін әріптес болады. Қашанда сөзімен төмпештеп отыратын басшылар да табылады. Бұндай адамдар психологиялық және психикалық тұрғыда денсаулыққа зиянды.

Өзін-өзі сыйлайтын адам жоғары жалақы үшін бұндай жұмыс орнында шыдап жүре алмайды. Ол ұжымын өзін бағалайтын ортаға айналдырады немесе басқа жұмысқа ауысып кетеді.



3. Негативке жол бермейді

Иә, ол әлдекімнің негативті сөздерін, өмірбаянын тыңдап сағаттап уақытын жоғалтпайды. Көңіл күйін түсіретін адамдармен қарым-қатынасты жалғастырмайды. Ешкімнің өз тарапына негативті сөз айтуына да жол бермейді.

Егер айналасындағы біреу қырсығып, теріс қарап жүрсе, онымен оңаша отырып ашық сөйлеседі. Салқындықтың себебін білуге тырысады, егер кінәлі болса кешірім сұрайды. Ал оңайлықпен кешірмейтіндерге, сөзге түсінбейтіндерге жүйкесін де, уақытын да зая етпейді. Араны үзе салады немесе оны елемеуді үйренеді. Сондай-ақ өзі және өз өмірі туралы да бұндай адамдар негатив айтпайды.



4. Ешкімге ақталмайды

Әр түрлі мінезді, әр түрлі түсініктегі адамдар болады. Түрлі жағдайға байланысты адамдармен арада реніш болатыны да белгілі. Бір сөз келесі адамға өзгеріп жететіні де бар.

Өзін-өзі сыйлайтын адам өзгелер кінәласа, айыптаса, сыртынан өсек сөз айтса, бір рет кінәсіздігін айтар, бірақ әркімге барып ақталмайды.

Психологтар өзінің туралығына, өзіне сенімді адам ешкімге ақталмайтынын айтады.



5. Өзінің көзқарасымен жүреді

Өзін-өзі сыйлайтын адам айналасындағы адамдардың қарым-қатынасына қарай өзіне баға бермейді. Ол өзінің жеке көзқарасы, жеке талғамы, өзіндік ерекшеліктері бар тұлға екенін біледі. Өзінің кемшіліктеріне қарағанда артықшылықтарын көбірек ойлап, әрқашан өзін жоғары бағалайды. Сондықтан да «Жараспайды» деген өзгенің сөзіне бола күйіп-піспейді. Не істесе де жұрттың айтқанымен емес, өз сезімі мен ішкі даусын тыңдап әрекет етеді.

Сонымен қатар ол әр адамның жеке көзқарасын, талғамын, ойын, таңдауын құрметтейді. Ешкімнің жеке шекарасынан асып ақыл-кеңес айтпайды.



6. Өз өмірін кейінге қалдырмайды

Психолог мамандарының зерттеуінше, өзін-өзі сыйлайтын адам өзін бірінші орынға қояды. Сондықтан да басқаларға «жоқ» деп айтудан ұялмайды, қорықпайды.

Егер демалыс күні моншаға баруды жоспарлап қойса, бірақ ескертпестен үйіне ауылдағы әпкесі немесе жеңгесі қыдырып келсе, тамағын жылдам дайындап беріп, өзі екі сағатқа моншаға барып келеді.

Әрине, бұл мысал ғой. Осыған ұқсас жағдайларда ол өзіне қатысты жоспарын ешқашан кейінге ысырмайды. Қарбалас боп жатса да шашын жууға, тырнағын алуға, аяқ киімін сүртуге, тіпті сүйікті кофесін ішуге де уақыт табады.



7. Салауатты өмір салтын ұстайды

Денсаулық – бәрінен де қымбат екенін бәрі біледі. Бірақ сол байлығын сарқытып алмау үшін әрекет ететіндер аз. Сол аз топ – өзін-өзі құрметтейтіндер екен.

Денсаулықты ойлау – өзіне қамқорлық жасау, өзін-өзі ойлау. Бұған «өз өміріне жауаптылық» дегенді де қосуға болады. Егер өзіңізге жаныңыз ашыса, денсаулыққа зиянды әдеттерден арылыңыз. Темекі мен спиртті ішімдіктен бойыңызды аулақ ұстаңыз. Дұрыс тамақтанып, спортты жаныңызға серік етіңіз. Өйткені денсаулық пен өзіне және өз өміріне жауапкершілікті алу – өзін құрметтейтін адамның ең басты ұстанымы. Адамның өз-өзін сыйлауы, жақсы көруі осыдан басталады.


Өзіңізді сүюді, құрметтеуді үйренгіңіз келсе, осы 7 ұстанымның жетіншісінен бастаңыз. Сонда қалған ұстанымдарға үйрену оңайырақ болады.


Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Психолог: «ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ – АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТІЛІН ТАБА АЛМАҒАНДЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ»


"ЕШНӘРСЕ ІСТЕГІҢІЗ КЕЛМЕЙ МЕ? Ондай "дерттің" ДӘРІСІ бар