Сауданы жүргізудің әдісі бар

0
10 302

Біреудің адам аз жүретін көшедеге дүкенінде сауда қызу жүріп жатса, біреудің қала орталығындағы, жұрт аяғы саябырсымайтын көшеде орын тепкен дүкеніне бас сұғатындар аз. Ал, үшінші біреудің дүкені де жоқ. Ол инстаграмдағы парақшасына тауарларының суретін салып, бағасын жазып қойған. Сонда да оның үйіне барып, тауарын сатып алып жатқандар өте көп. Неге?


Сауданы жүргізудің әдісі бар

фотоның авторы - Ақзия Әлиакбарова

Бүгінде сауда жасап, отбасын асырап жүргендер көп. Біреудің адам аз жүретін көшедеге дүкенінде сауда қызу жүріп жатса, біреудің қала орталығындағы, жұрт аяғы саябырсымайтын көшеде орын тепкен дүкеніне бас сұғатындар аз. Ал, үшінші біреудің дүкені де жоқ. Ол инстаграмдағы парақшасына тауарларының суретін салып, бағасын жазып қойған. Сонда да оның үйіне барып, тауарын сатып алып жатқандар өте көп. Неге?

Осы сұрақ маған маза бермеді. Өйткені, мен де сауда жасаймын. Мен үлкен сауда орнындағы бір бутикті жалдағанмын. Ай сайын жалға алған бутигімнің иесіне төлейтінім, сатушы қызға беретінім... қысқасы, тауар бар, жұмыс істеп жатырмын, бірақ пайда «нөл». Асылық етпейін, там-тұмдап болса да тамады ғой, бірақ өзгелердің саудасындай емес.

Қыркүйек айында Алматыдағы құрбымның туған күніне барып қайттым. Біз мектеп партасынан бері доспыз. Бір-бірімен бәсекелес емес, апалы-сіңлідейміз. Бір-бірімізге жанашырмыз. Сондықтан да, екі бөлек қалада тұрсақ та бір-біріміздің туған күнімізде, басқа да қуаныштарымызда біргеміз. Уақыт тауып, хабарласып, жағдай сұрасып тұрамыз.

Құрбымның Алматыда сөмке, әмиян сататын бутигі бар. Сөмкені сатып алатындар аз деп ойлайсыз ба? Өз басым солай деп ойлаймын. Өйткені, бір сөмкені қыста да, жазда да, тіпті 2-3 жыл ұстайтын әйелдерді білемін. Бірақ, туған күннің етеңіне құрбыммен бірге оның бутигіне барып, бұл ойымның дұрыс еместігіне көзім жетті. 4-5 сағаттың ішінде бірнеше тауары өтіп кетті. Таңданысымды жасыра алмадым. Өйткені, менде бір тауар да сатылмайтын күндер көп.

Құрбым «Шынымды айтсам, мен күнде сауданың осылай жүретініне үйреніп қалғанмын. Бірақ, басқа бутиктегі келіншектер де «бутигіңе бал жағып қоймағансың ба? Әйтеуір адамдар сенің бутигіңе арадай құжынап кіріп-шығып жатады» деп, әзілдейді», - деді. Бір уақытта «Мүмкін, талисманның әсері шығар. Қай жерге қойып едім, қазір» деп біраз ойланып қалған құрбым, бір сөренің астына жапсырылған талисманды көрсетті. Сыртынан скочпен жапсырып тастағандықтан, оны сөре ағашынан ажыратып ала алмады. Араб талисманы секілді. Құрбымның айтуынша, бутиктің бұрынғы иесінен қалған секілді. Сондай-ақ, былай қарағанда көрінбейді де. Оныеңкейіп, астынан қарасаң ғана көресің. Мүмкін, бұрынғы иесі оны өзімен алып кетуді ұмытып та кеткен шығар. Құрбым талисманға тиіспепті. Еңкейіп тұрып, талисманды ұялы телефоныма анықтап суретке түсіріп алдым. Шымкентке келген соң, талисманды қағазға түсірдім. Бутигіме апарып, көпшіліктің көзінен тасалау жерге байқатпай жапсырып қойдым.

Шынында да, осы талисманда бір сыр бар сияқты. Талисманды жапсырғалы төрт айдай уақыт ішінде саудам ілгерілеп, сатып алушылар саны көбейіп, тіпті, тұрақты клиенттер пайда болып еді. Бірақ, күйеуімнің әскери жұмысына байланысты біз Қарағандыға көшіп кеттік. Қарағандыға көшіп келгенімізге әлі бір ай болған жоқ. Қазірше саудамен айналысуды уақытша тоқтатып қойдым. Өйткені, босанатын уақытым да жақындап қалды. Көптен күткен нәресте туылады жуырда. Алты жыл зарығып, құдайдан тілеп жүріп көтерген баламды өмірге әкелген соң, оған аналық махаббатымды, мейірімімді мейлінше бөліп, ол екі жасқа толғанша басқа ешнәрсеге көңіл аударғым кеп отырған жоқ. Ал, әлгі сауданы жақсартатын талисманды керек еткендер үшін жолдап отырмын. Көпке пайдасы тиіп жатса, оқырман маған сырттай ризашылығын білдіріп, тілеуімді тілеп жатса, сәбиімді де аман-есен, қиналмай босанып, бауырыма басармын деген ойдамын. Әрине, нәрестемнің амандығы бірінші Алланың қолында ғой. Сонда да «көп тілегі көл» деген сөзге сүйеніп, көптің ақ тілегі артықтық етпес. Талисманды сауда орнына қойғанда да бірінші Алладан сауданы жақсартуды сұраңыз, талисманнан емес. Талисмандар бұл адамның сенімін нығайта түсетін себепші ғана ғой.

Ақзия Әлиакбарова,

ERNUR.KZ