​СЕКСУАЛДЫҚ зорлық... Тиран еркектің бес белгісі

0
3 570

Тұрмысқа шығатын қыздар бұндай еркекті тани білгені жөн.


​СЕКСУАЛДЫҚ зорлық... Тиран еркектің бес белгісі

Фото: ашық дереккөзден алынды


Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегіп жүрген әйел көп. Құрбан әйелдердің қатарын азайту, сақтандыру мақсатында біз тиран еркектің негізгі белгілерімен қыз-келіншектерді таныстыруды жөн санадық.

Өйткені отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірінші жолы – өмірлік жарды дұрыс таңдау болса, екінші жолы – одан ертерек өміріңді арашалап алу. Әрине, екі жолда да ең бірінші оның белгілерін біліп, тани білген дұрыс.

Отбасылық зорлық-зомбылық көрсететін еркекті үй тираны деп атайды. Ұрып-соғатын еркекті ғана тиран дейді деп келте ойламаңыз. Ұрмайтын да түрі бар.

Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек физикалық тұрғыда көрсетілмейді. Зорлық-зомбылықтың сонымен бірге психологиялық, сексуалдық және экономикалық түрі де бар. Бұл түрлерін тарқатып айтпас бұрын, тиран деген кім екенін біліп алыңыз.



"Тиран" деген кім?

Тиран – бұл адам немесе құқыққа қарсы ереже деген мағынаға саяды. Яғни, қай тұрғыда болса да адам құқығына қысым жасайтын, өз күшін асыра қолданатынды тиран еркек деп атайды.

Оның басты белгісі – басқаруға, бағындыруға, айтқанын орындатуға, қатаң бақылауға құмар. Мұнысы қатыгездікпен де көрініс табады. Алайда тиран еркектің қатыгездігін бірден байқау мүмкін емес. Өйткені ол сырт көзге жұмсақ, мейірімді боп көрінуі әбден мүмкін. Отбасына, жақындарына өте қамқор екенін де басқаларға көрсетіп, айтып отырады. Тіпті ол ақылды, білімді, қызмет жолында жетістігі де көп болуы мүмкін. Сондықтан да оны бірден тани алмайсыз.

Ең жаманы, ондай адамнан құтылу оңай емес. Ол әйелімен оңайлықпен ажыраса салмайды және екіге айырылысқаннан кейін де тыныштық бермейтіні көп. Сондықтан да психологтар бір-екі кездесіп тұрмысқа шыға салуға үзілді-кесілді қарсы. Еркектің қандай адам екенін білу үшін онымен ұзақ уақыт сезім жарастырып жүру, бірнеше рет ашуландыру, я болмаса азаматтық некеде тұрып көру қажет дейді психологтар.

Әрине, бұны қазақ менталитеті қабылдай алмас, дегенмен өмір бойы тиран еркекпен бірге тұрғаннан әлдеқайда жақсы. Өйткені мұнда адам өмірі жатыр. Сондықтан өмірлік серікті таңдарда оны әбден танып-білуге тырысыңыз.



Бірінші белгісі

Физикалық зорлық. Бұл – отбасы мүшелерін мас күйінде немесе сау күйінде ұруды қолданатын зорлық. Көбіне агрессиялы боп келеді.

Ол отбасындағы мәселелерді, отбасындағы адамдарды қатаң бақылауда ұстайды. Оған отбасындағылардың бағынғаны өте маңызды. Ал бағынышты адам оның айтқанына қарсы келмеуі керек, айтқанын екі етпей орындауы қажет. Тіпті оған кемшілігін немесе кем кеткен тұсын айтып, өз ойыңызды да айтуға болмайды. Ол бұны өз абыройына нұқсан келтіру деп қабылдайды. Сондықтан да ол өзіне үстемдік жасатпауды жіті назарда ұстайды. Әйелінің айтқанымен келіспейді. Өйткені келісуді бағыну, билікті әйел қолына беру деп ойлайды.



Екінші белгісі

Экономикалық зорлық. Ол әйелінің өзіне қаржылай, материалдық тұрғыда тәуелді болғанын қалайды. Сондықтан да әйелінің қызыл дипломы, асқан таланты болса да жұмыс істеуіне қарсылық танытады. Өзі көп табыс таппаса да әйелін үйден шығармауды ойлайды.

Өйткені табыс таба білген адамның өзіне сенімділігі артады. Ал ол бұған жол бермейді. Ақшаны да санап береді немесе қолына ұстатпаудың амалын жасап, әйеліне киімді, бұйымды өзі қасына еріп жүріп сатып әпереді. Отбасылық бюджеттің тиынына дейін есептеп, бақылауда ұстайды.

Сондай-ақ «Қайда барасың?», «Менен кетсең далада қаңғырып қаласың» деген сөзді көп айтады.



Үшінші белгісі

Психологиялық зорлық. Тиран еркек әйелінің тек жұмыс істеуіне ғана емес, достарымен, туыстарымен, тіпті десеңіз көршілерімен де араласуына қарсы. Неге дейсіз бе? Құрбысы жоқ, ешкіммен араласпайтын әйел дәрменсіз болады. Сондай-ақ ешкіммен ойын, эмоциясын бөлісе алмаған адамды басқару оңай.

Әйелдің күйеуінің көмегіне мәжбүр, дәрменсіз күй кешетін кезі – жүктілік кезеңі. Сондықтан да тиран еркектің басым бөлігі әйелінің бас көтеруге уақыты болмауы үшін көп бала тапқызады.



Төртінші белгісі

Эмоциялық зорлық. Бұл – балағаттау, қорлау, сөгу, жеке өміріне, қызығушылығына қол сұғу. Әйелінің қалауын, таңдауын шектеп ұстайды. Киімі де, шаш қою үлгісі де тек күйеуіне ұнауы керек. Өз қалауымен киіндірмейді.

Әйелі сәл бас көтерсе немесе бағынбай бара жатса, «Отбасын тастап кетемін» немесе «балалар менде қалады, оларды ешқашан көрмейсің» деп қорқытады. Балаларды анасына қарсы қолданады.



Бесінші белгісі

Сексуалдық және моральдық зорлық. Табиғи түрге жатпайтын жыныстық қатынасқа мәжбүрлейді, әйел қаламайтын дөрекі әрекеттерге барады. Мұнысымен қоймай, қатты қызғанады және «Менен басқа кімге керексің?», «Кім қарайды саған, саған үйленгеніме қуан» деген мағынадағы сөздермен мұңайтып отырады.


Негізгі белгілері осындай. Қай түрі болса да әйелдің жанына, тәніне жара салады. Бұндай адаммен өмір сүру – азап. Азаптан алыс жүрген дұрыс-ақ.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Кедейлікке ТІКЕЛЕЙ АПАРАТЫН 3 әдет

Өзіңізге деген СЕНІМДІ арттыратын 6 фраза