​Сепарациялану бала үшін НЕГЕ маңызды?

0
3 208

Сіз толық сепарацияланғансыз ба?


​Сепарациялану бала үшін НЕГЕ маңызды?

фото: b17.ru

Психологтар сепарациялану баланың өз жолын, өмірден өз орнын ертерек табуына көмектеседі дейді. Ал бала 18-25 жас аралығында сепарациялану процесін аяқтауы керек.

Өкінішке орай, 40-тан асса да ата-анасынан сепарацияланбағандар бар. Сіз ше, оқырман, сепарацияланғансыз ба? Егер сепарацияланбаған болсаңыз, бұл психологиялық процесті аяқтау ешқашан кеш емес.


Сепарация деген не?

Бұл техникада әр түрлі әдістер арқылы бір материалдың (қатты, сұйық, газ тәріздес зат) белгілі бір бөлігін бөліп алу дегенді білдіреді. Психологияда бұны ата-ананың жетегінен, бақылауынан ажырау деп түсіндіреді.

Есте ұстаңыз: Физикалық тұрғыда емес, эмоциянальды, психологиялық түрде ажырау керек. Ересек өмірге араласу, жеке тұлға ретінде қалыптасу. Бір сөзбен айтқанда өз өмірін сүру, өз өміріне жауапкершілікті алу.
Ата-анадан бөлек тұратын, енші алып кеткеннің бәрін сепарацияланған деп түсіну қате. Бөлек тұрса да әр қадамын қадағалап, өз ұстанымдарын тықпалап, тіпті басқа қаладан телефон арқылы басқарып отыратын ата-аналар бар. Бұндай ата-ана перзентінің сепарациялануына мұрша бермейді. Бұл ата-аналардың үлкен қателігі. Баланы кішкентайынан өз бетінше өмір сүруге үйрету қажет-ақ, сонда сепарациялану қалыпты түрде өздігінен жүзеге асады.



Сепарацияны қанша жаста бастау керек?

Психологтардың айтуынша, нәресте ана құрсағынан шығып, кіндігі кесілгенінің өзі – сепарация процесіне жатады екен. Сепарация процесі осы кезде басталып, бірте-бірте жүзеге асып, ұзақ мерзімге созылатын процесс. Тек оған ата-ана бөгет болмағаны дұрыс.

Мысалы, баланың өз бөлмесінде ата-анадан бөлек жатуы, ата-анасыз өз бетінше мектепке барып-келуі, үйде жалғыз қалғанда тамағын дайындап ішуі, мамандықты өз қалауы бойынша таңдау, өз талғамына қарай киіну, жұмыс істеп ақша табу, отбасы құру, өз мәселелерін әке-шешенің қатысынсыз шешу – осылар толық сепарациялануға апаратын жол.


Есте ұстаңыз: Бала 18-25 жас аралығында ата-анасынан толық сепарацияланып үлгеруі маңызды. Ал егер ата-ана балаға тым қамқор боп, әр қадамын бақылауда ұстап, еркін өсуіне, өз бетінше әрекет жасауына кедергі бола берсе, толық сепарациялану 30-40 жасқа дейін, тіпті өмірінң соңына шейін созылуы мүмкін. Бұл балаға өмірдің барлық саласында, барлық кезеңініде зардабын тигізеді.

Осы орайда «толық сепарацияланбағанды қалай анықтауға болады?» деген сұрақтың туындайтыны анық. Ата-анасынан сепарацияланбаған адам мына екі деңгей бойынша өзін еркін және толыққанды адам ретінде сезіне алмайды.


1. Эмоционалды

Сіз әр түрлі жағдай кезінде сезімдеріңіз бен эмоцияларыңызды еркін шығара алмайсыз. Балалық шағыңыздағы кейбір жағымсыз естеліктерді еске алғанда ата-ананы кінәлайсыз. Әр қадамыңыз, бастамаңыз үшін ата-анаңыздың рұқсатын күтесіз.

Өмірге өз көзіңізбен қарай алмайсыз, яғни кез келген жағдайға өзіндік көзқарасыңыз жоқ. Сіздің көзқарасыңыз, өмірлік құндылықтарыңыз ата-анаңыздыкімен бірдей.


2. Функционалды

Физикалық тұрғыда өзіңізді өзіңіз қорғай алмайсыз. Күнделікті ас-ауқатыңызды табуға, қыста жылы, жазда жеңіл киім алуға қаражат табуға, өзіңізді қажеттілермен қамтамасыз етуге шамаңыз жетпейді.

Ата-анаңыз сіздің қалауыңызбен келіспей жатса, өзіңіздікі дұрыс екенін дәлелдей алмайсыз. Ұнамаған нәрсені «ұнамайды» деп айта алмайсыз. Ата-ана көңілі үшін құрбан боласыз.



Сепарация процесінің толық аяқталмағанын мына белгілерге қарап та білуге болады:

  • Ата-анаңызбен бірге тұрасыз; Әрине, сепарациялану үшін ата-анадан бөлек кету міндетті емес. Бірге тұрып та өз өміріне жауаптылықты алып, барлық жағынан тәуелсіз бола алатындар бар. Бірақ толық сепарациялану үшін бөлек тұрған дұрысырақ.
  • Қаржылық тұрғыда ата-анаңызға тәуелдісіз; Шаңырағыңыз бөлек болса да әке-шешеңіз үнемі азық-түлік тасып, ет әкеп, тоңазытқышыңызды толтырып жүреді. Немесе несиеңізді ата-анаңыз төлейді т.б. «Қарның тоқ па?» деп жиі сұрап, алаңдайды.
  • Күн сайын немесе күніне бірнеше рет ата-анаңызға қоңырау соғып сөйлесесіз. Егер олар қоңырау шалмай қалса, уайымдай бастайсыз.
  • Маңызды шаруаларды ата-анаңыз келісім берген соң ғана бастайсыз. Кез келген маңызды істі ата-анаңыздың рұқсатымен істейсіз.
  • Ата-ана алдында «олар армандағандай перзент болма алмадым» деп өзіңізді кінәлі сезінесіз.
  • Балалық шағыңызды жиі еске аласыз.
  • Ата-анаңызға өзіңізді дәлелдеу үшін жеке өміріңізді ұмытып, жұмысқа көп уақыт арнайсыз.
  • Бастығыңыздан, өмірлік жарыңыздан және құрбы-достан «анаңызды» іздейсіз. Яғни, бұл адамдардан ақыл-кеңес, мақтау сөз күтесіз.
  • Айналаңыздағы адамдардан (достан, әріптестен, күйеуден, әйелден т.б.) үнемі мейірім мен махаббат күтіп жүресіз.
  • Өзгелердің эмоциясы, ой-пікірі сізді басқарады.
  • Өз психологиялық шекараңызды қорғай алмайсыз.
  • Өз пікіріңізді, ойыңызды анық айта аламайсыз және сол көзқарасты сақтап қала алмайсыз. Өзгелердің сөзіне, пікіріне көп ересіз.
  • Әке-шешеңіздің өмірлік сценарийі сіздің жеке өміріңізде қайталанады.
  • Балаларыңыздың болашағын ойлап қатты алаңдайсыз. Оларды шектен тыс еркелетесіз немесе қорғаштайсыз.
  • Есейіп кетсеңіз де жан-жағыңыздағы адамдардан «Әлі баласың ғой» деген сөзді жиі естисіз.

Фото: gestaltclub.com


Ал толық сепарацияланған адам мыналарды түсінеді:

  • ата-аналардың да қателесетінін;
  • ата-анасының шамасы келгенше қатарынан кем қылмауға тырысқанын;
  • ата-ананың бала үшін бәрін жасап беруге міндетті емес екенін;
  • ата-ананың қандай адам екені баланың алға ұмтылуына, армандарына жету жолында еш кедергі келтірмейтінін;
  • әркім өз бетінше өмір сүруге, өз жағдайын жасауға міндетті екенін;

Осыларды түсінген адам ата-анасына, бақытсыз балалық шағына ренжімейді. Сәтсіздіктері үшін ешкімді кінәламайды. Бәрін кешіреді. Түсінген, кешірген адам өз өміріне жауапкершілікті ертерек алады.



Сепарациялануды аяқтау үшін...

Жасыңыз 30-ға жақындады немесе 40-тан асып барады. Ересек, ақыл тоқтатқан, саналы адамсыз. Демек, сіз үшін сепарациялану, оны толық аяқтау қиын болмас.


1) Ұсақ-түйекті үйреніңіз

Мысалы: тұрып жатқан пәтеріңіздің коммуналдық шығындарын есептеп, өзіңіз төлеңіз. Контролер қателеспегеніне көз жеткізіп, тексеріп, есептеп шығыңыз. Газдың, судың, электр қуатының тарифтері қанша, қалай есептеу керектігін білмесеңіз, интернеттен ақпарат іздеңіз.

Пойызға, ұшаққа билетті онлайн тапсырыс беру арқылы алуды үйреніңіз.

Жалақыңызды бір айға жоспарлаңыз. Ол үшін алатын заттарыңыздың, төлейтін төлемдеріңіздің тізімін түзіңіз.

Тамақ пісіруді, тым болмағанда жұмыртқа қуыруды үйреніңіз (еркек болсаңыз да). Иә, бұлар жай мысал ғана.

Осындай ұсақ-түйектерді орындап үйрене бастағанда, білмейтініңізді білесіз. Ақпарат қажет болады, сондықтан білетіндерден сұрайсыз, ізденесіз. Ал білу, үйрену – «білмеймін ғой», «қолымнан келмейді», сауатым жетпейді» деген сияқты қорқыныштарды жояды. Ата-анасыз өмір сүре алатыныңызға, өзіңізді қамтамасыз етуге болатынына сеніміздің артуына да көмектеседі.


2) Әр түрлі жағдайға өз көзқарасыңызды қалыптастырыңыз

Ол үшін түрлі жағдайда, оқиғада «Мен бұл туралы не ойлаймын?», «Не сезінем?», «Түгеншенің орнында болсам, мен қайтер едім?» деп сұрақ қойып, жауап беріңіз. Мүмкін бір фильм, кітап жайында өз ойыңызды айтарсыз. Әрине, алдымен оңашада отырып, әр нәрсеге өз пікіріңізді дауыстап айтып үйрену керек.

Қандайда бір мәселеге жолықсаңыз, оны дереу анаңызға, әпкеңізге, досыңызға айтуды доғарыңыз. Бір рет мәселеңізді өз бетіңізше шешіп көріңіз. Қателессеңіз де – бұл тәжірибе. Осылай сіз өзіңізді, қалауларыңызды «тыңдап» үйренесіз.


3) Үзіліс жасаңыз

Әлдекіммен ұрысып қалсаңыз, эмоцияға берілмеңіз. Қиындыққа тап болсаңыз да байбалам салмаңыз. Бір күн немесе бір апта бұл тақырыпты ұмытып, үзіліс жасаңыз.

Кез келген нәрседе үзіліс жасауды үйренген абзал. Мысалы, әдеттегідей бір мәселеңізді анаңызға айтпақ болып, телефон нөмірін теріп жатқанда «Мен кішкентай бала емеспін ғой. Өз мәселемді өзім шешуім керек» деп ойлаңыз да, үзіліс жасаңыз.


4) Әр күніңізге есеп беріңіз

Әр күні кешке ұйықтарда күні бойы не істегеніңізді еске алыңыз. Бір күніңізге шолу жасау – өз өміріңізге деген жауапкершілікті қолға алуға жәрдем болады.


5) Өз ұстанымыңыз болсын

Көбіне балалар есейсе де ата-анасының қағидаларымен өмір сүреді. Ал сіздің ұстанымыңыз қандай? Мысалы, 30 жастағы қыз әлі тұрмысқа шықпаған, бұл дұрыс па, бұрыс па? Анаңыз үшін дұрыс емес, ал сіз үшін ше, бұл қалыпты ма?

Тойға көйлек киген дұрыс па, әлде шалбар ма? Жұрт қыз етекті киім киюі керек дейді, ал сіз мүмкін шалбар кисеңіз, өзіңізді еркін сезінетін шығарсыз. Осы секілді нәрселерді анықтап, өз ойыңызды жазып шығыңыз.

Өзіңізге ыңғайлы, өзіңізге қолайлы нәрселерді таңдаңыз. Осылай сіздің ұстанымдарыңыз қалыптасады.


6) Әке-шешеңіз бен өзіңіздің айырмашылықтарыңызды табыңыз

Мысалы, олардың досы көп, сізде аз. Анаңыз қызуқанды, сіз сабырлысыз. Әке-шешеңіздің үйінен қонақ үзілмейді, ал сіз көпшілікті ұнатпайсыз т.с.с.

Осы секілді 10 айырмашылық тауып, әрқайсысының қасына «+» және «-» жақтарын саралап жазып шығыңыз. Лажы болса, ата-анаңызға ұқсамайтын мінез қасиеттеріңіздің, әдеттеріңіздің жақсы жақтарын табуға тырысыңыз.


7) Өзіңізге не, кім, немен айналысқан ұнайтынын анықтаңыз. Хоббиіңізді табыңыз және онымен айналысыңыз.

Бұлар сепарациялануды аяқтауға көмектеседі. Ал толық сепарацияланған бала – өз әрекеттеріне, өміріне, сөзіне жауап бере алатын, өзін қаржылық тұрғыда қамтамасыз ете алатын, эмоцияларын басқара білетін адам.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Еркектерге қандай әйел қатты ұнайды?

Жігіттің «табыскер күйеу» болатынын қалай білуге болады?