​Студентке НЕГЕ туысқанның үйінде жүріп оқуға болмайды?

0
2 559

Студенттер мен олардың ата-аналары бұны білгені жөн.


​Студентке НЕГЕ туысқанның үйінде жүріп оқуға болмайды?

Жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматы бойынша басталғанымен, студенттердің көбісі қаладағы туысқанының үйінде жүріп оқып жатыр. Ал психолог мамандары бұған қарсы.


НЕГЕ?


Психологтар зерттеген бірнеше ақиқат бар. Олар мыналар:

1) Отбасы – шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өз заңы бар. Сол заңдылықтарға көніп, орындау міндетті. Ал студент жасындағы адам заңды жиі бұзады. Бұл түсініспеушілікке алып барады.

2) Балаларына ешқашан ұрыспайтын отбасы жоқ. Өз ұл-қызына ұрысқан ата-ана үйінде жүрген студентке де қатты сөйлеп қоюы әбден мүмкін. Бұған түсіністік танытатын студент кемде-кем. Өйткені «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» да, ал сол құлынды басқа жылқы «тепсе» ауыратынын өмір тәжірибесінде зерттелген ақиқат.

4) Әр отбасының өз құпиясы, сыры бар. Оны тек үйдегі бөтен адам ғана сыртқа шығарады.

5) Адам перзентінің бақыты үшін көп нәрсеге көз жұмып қарап, арада реніш болса да құда-құдағиымен сыйласып, араласуын тоқтатпайды. Бірақ баласының ақымақтығы үшін туған бауырының бетін көрмей кететіндер көп.

6) Әр елдің өз шекарасы болады. Сол сияқты әр отбасының шекарасы – үйі. Барлық мемлекет шекарасынан кірген бөтен елдің азаматының ұзақ уақыт жүргенін қаламайды. Сондықтан 5 күндік, бір айлық визалармен арнайы мерзім белгіленген. Сол сияқты ешкім үйінде бөтен адамның ұзақ жүргеніне шыдай алмайды.


Міне осындай 6 ақиқат ағайын-туыс арасындағы сыйластыққа сызат түсіреді. Психологтардың зерттеген тағы бір бұлжымас ақиқаты – кез келген адам тек жақындары мен туыстарына ғана қатты ренжиді екен. Сонымен бірге басқа адамдарды кешіргенімен, ағайынын кешіруі қиын.


Түсінікті болу үшін, өмірден алынған бірер мысал келтірейік.


1-МЫСАЛ: ...Анамыз «Адамға бауыр керек. Ертең бір-біріне серік болады, қиналғанда көмек береді. Бір-бірін іздейді» деп, бала санын шектемеген. Біз көп ағайындымыз. Алайда нағыз ағайын керек кезде біз араласпай қойдық. Менен басқалары бір-бірімен байланыста шығар, бірақ, бәрі маған өкпелі.

Менен басқасының бәрі ауылда, ауданда тұрады. Мен оқуды аяқтаған соң, қалада жұмыс істеп, үйленіп, осында қалдым. Менің бауырларымның балалары студент шақта біздің үйде тұрды. Балаларыма қалай қарасам, бауырларымның студент ұл-қыздарына да шамам келгенше ас-ауқаттан тарықтырмай, кейде қолдарына ақша да ұстатып қоятынмын. Бірақ олардың оқуын, түздегі тәртібін қадағалай алмадым. Мал тауып, жан бағу қамымен жүргенде бауырың түгілі бала-шағаңа да дұрыс көңіл бөле алмайсың ғой.

Үлкен ағамның ұлы төрт жыл бойы мені де, ата-анасын да алдап келгенін кейін білдік. Ол бірінші курста-ақ оқудан шығып қалған екен. Таңертең сабаққа кетіп, кешке келеді. Жазғы демалыста ауылында болып, қыркүйекте қайтадан қалаға келеді. Ата-анасы сезбесе, ол баланың оқудан шығып қалғанын мен қайдан білем?!

Әке-шешесі әрең тауып берген ақшаны жыл сайын «төледім» деп, үш жыл алдап келген ұлына ренжудің орнына, мені кінәлады. «Сен неге оқуын қадағалап, институтына барып тексермегенсің? Сен неге баламыздың оқудан шығып қалғанын білмейсің?» деп ұрысты, ренжіді...

Есікті қатты жауып кеткен жеңгем содан кейін келген емес. Ағамды да, балаларын да бізбен араластырмай қойған...

Аслан, Шымкент қаласы.



2-МЫСАЛ: ...Бір емес, екі-үш студент жүретін үйде. Біреуі бітіріп кетсе, келесісі келіп оқуға түсетін. Мен де, әйелім де өз балаларымыздың тәрбиесіне қаталмыз. Үйдегі студенттерге де қатал болдық. Өйткені олардың ата-аналары бізге сеніп тапсырған.

Әпкемнің үшінші курста оқитын қызы бір күні келте көйлек киіп үйден шығып бара жатыр еді, әйелім тоқтатып «Сен мынау киіммен оқуға бармақшысың ба?» деді. «Иә!» деді де шығып кетті қарындасым. Әйелім «Мені адам деп тұрған жоқ қой. Үлкен деп сыйламайды» деп ашуланды. Кешке мен жұмыста кезде әпкемнің қызына әйелім таңертеңгі қылығы үшін ұрысса керек, ол үйден кетіп қалыпты. Түнімен уайымдап көз ілмедік.

Ертеңіне ауылдан әпкем келді. «Менің бір қызымды үйлеріңе сыйдыра алмадыңдар ма? Жеңгем ұрыса береді, жатақханаға шығам деп отыр» деді. Әйелім ұрыспағанын, жай ескерту айтқанын түсіндіріп әлек. Мен шындығында олардың арасында ұрыс болды ма білмеймін, сондықтан бейтарап қалдым. Әпкем қаладаүш-төрт күн жүріп, қызын жатақханаға орналастырды. Сол қызы кейін бір жігіттен жүкті боп қалып, әпкем «Үйлеріңнен қуып шықпағандарыңда қызым аяғын қия баспас еді» деп, бізді кінәлады. Адасу, шатасу тұратын жерге емес, адамның өзіне байланысты ғой. Бірақ әпкем олай ойламайды...

Сәбит, Алматы қаласы.


3-МЫСАЛ: ...Інімнің ұлы үйде жүргенде талай рет ақша жоғалды. «Ұрының» кім екенін шамалап білем, бірақ, үндемейтінмін. Ал қызымның алтын алқасы жоғалғанда, ол үйдегі студент баланың сөмкесі мен қалтасын тінтіді. Алқа табылмады, бірақ, інімнің сөмкесінен ломбардың қағазы шықты. Онда алтынның салмағы, қай күні өткізілгені жазылған. Қызыма жалақым түссе ломбардтағы алтынын алып беретінімді айтып, сабырға шақырдым. Бірақ сол кезде әйтеуір ақша артылмай, той-томалақ көбейіп, бірнеше ай алтынның үстіндегі тек үстемеақысын ғана төлеп, уақытты создырумен болдық. Бір туысқанымыздың тойына барғанда қызым алтын туралы әңгіме болғанда сыныптасымның келіншегіне алқасын қалай жоғалтқанын, бәрін тәптіштеп айтып қойыпты. Ол ауылдағы інімнің әйелінің құлағына жетеді. Ол келді үйге «Баламды жұрттың бәріне ұры деп айтыпсыңдар» деп.

Несін айтайын, інім де теріс қарады. Одан соң құлағымның тыныш болғанын қалап, «Студент балаларыңды жатақханаға немесе пәтерге орналастырыңдар» деп, жолатпайтын болдым. «Қалада інім бола тұра балам пәтер жағалап жүр» деп, сосын басқа бауырларым ренжіді. Осылай-осылай біздің арамыз алыстады...

Лаура, Жамбыл облысы.


Ұл-қызы үшін бір-бірімен араздасып, арасы алыстап кеткен ағайын көп. Бір-біріне «есігім ашық» дегенмен, реніштер ұмытылмағандықтан жүрегінің есігін аша алмай жүрген бауырлар бар.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Бауырлар, туысқандар бір-біріне ренжімес үшін, қаладағы туысқанының үйіне тек қонақ боп келіп, кеткені дұрыс дейді психологтар. Ал студенттердің жатақханада немесе пәтер жалдап тұрғаны абзал.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҮЙЛЕНЕТІН қызды АЯҒЫНА ҚАРАП тануға болады (тест)


НЕГЕ сізді бәрі РЕНЖІТЕ БЕРЕДІ?