Ұрысқанда мына сөздерді айтпаңыз

0
5 041

​Сөз арқылы екі адамды ұрыстыруға да, татуластыруға да болады.


Ұрысқанда мына сөздерді айтпаңыз

фото: healthonline.healthitalia.it

Психологтар ұрыс-керіске бастайтын, сезімді суытатын сөздердің тобын жасады. Олар бұл үш топқа кіретін сөздерді ерлі-зайыптылар әңгімелескенде де, ұрысқанда да қолданбағаны дұрыс дейді.



1. МІНДЕТСІНУ

фото: мояоколица.рф

Еркектерге де, әйелдерге де міндетсінетін сөздер ұнамайды. Бұған адамның өз міндеттерін міндет етіп айтатын сөздері жатады.

Мысал:

  • «Мен сендерді асыраймын деп үйдің бетін көрмей жүрмін, ал сен...»
  • «Осы уақытқа дейін менің тапқаныма өмір сүріп жатырсың...»
  • «Маған үйленгенде (тұрмысқа шыққанда) түгің де жоқ еді ғой...»
  • «Мен жұмыс істеп келдім, ал сен не істедің?..»
  • «Мен күні бойы осы үйдің тірлігін істеп шаршадым»
  • «Сенің балаларыңа қарап жүрмін ғой»
  • «Сенің әке-шешеңе қызмет етумен өмірім өтіп жатыр...»

Тізе берсек, отбасында ерлі-зайыптылардың бір-біріне міндетсінетін сөзі көп. Психологтар әркім отбасындағы, өзге алдындағы өз міндеттерін білетін болса, міндетсінбейді дейді. Олай болса, міндеттеріңізді біліп алыңыз. Сауданың үйде базарын орнатпаңыз.



2. КЕМСІТУ

фото: avatars.mds.yandex.net

Кемшіліксіз адам болмайды. Істе кемшілік, сөзде қателік жіберіп жатамыз. Ұрыс-керіс кезінде бұндай кемшіліктер айтылмай қоймасы анық. Кемшілікті айтыңыз, бірақ кемсітпеңіз.

Сөзден апат болмау үшін бұл екеуін ажыратып алған дұрыс. Адамның жеке басының, ата-анасы мен туысқандарының кемшілігін айту – кемсітуге жатады.

Мысал:

  • Ұлты
  • Діні
  • Білімі
  • Жынысы
  • Тән мен ақыл-ой аурулары
  • Тұрмыс жағдайы (бай, кедей т.б.)
  • Отбасылық жағдайы (Әкесі жоқ, жетім, жалғыз ұл, шешесі өгей т.б.)

Ерлі-зайыптылар ұрыс барысында бұл тақырыптарға жоламағаны жөн. Сонда қандай кемшіліктерді айтуға болады? Мінез-құлық пен ісіндегі кемшіліктер.

Психологтар кемсіту мен кешшілікті айырудың ең оңай жолын былай түсіндіреді. Кемсіту – түзеуге келмейтін кемшіліктер. Бұны сөз қылғаннан бәрібір өзгерте алмайсыз, тек көңіл қалады.

Айтуға болатын кемшіліктер – түзеуге болатын кемшіліктер. Иә, ол жалқаулық, салақтық, олақтық, ұйқышылдық, өтірік пен өсек айту, айлакерлік, сұғанақтық, қызғаншақтық, айтқанға құлақ аспау т.б.



3. САЛЫСТЫРУ

фото: юрцентр-конаково.рф

Ешқандай еркек өзін басқа бір еркекпен салыстырғанын ұнатпайды. Өйткені әр адам ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға. Әйел де дәл солай.

Олай болса, бір-біріңізді басқамен салыстыруды доғарыңыз. Ол қандай сөздер?

Мысалы:

  • «Сыныптасымның әйелі үйіндегі де, кеңседегі де жұмысына үлгеріп жүр ғой. Сен болсаң...»
  • «Түген әншінің фигурасын-ай! Ал біздің әйел...»
  • «Бұндай шалбар саған жараспайды. Пәленшенің күйеуі сияқты ұзын бойлыларға жарасады»
  • «Көрдің бе, құрбымның күйеуі баласының памперсіне дейін ауыстырып көмектескенін. Сен балаға қарауда жәрдемдеспегенсің...»
  • «Саған тигенше, Саматқа тұрмысқа шығуым керек еді. Ол қазір...»
  • «Көршінің әйелі қыздай, менікі қаздай...»
  • «Жұрттың күйеуі Ыбырай, менікі сұмырай...»

Психологтар бұндай сөздерді мүлде айтпаңыз демейді. Айтыңыз, тек өзгемен салыстырмаңыз. Сөйлемнен «пәленше» мен «түгеншелерді» алып тастаңыз да айта беріңіз.

Жарыңызбен әңгімелесіңіз, сөйлесіңіз, айтыңыз. Тек психологтар айтқан жоғарыдағы үш сөз тобынан аулақ болсаңыз болғаны.


Ал сіз қай сөз тобын көп қолданып жүрсіз?


Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


2021 жылы сізге НЕНІ қалай ӨЗГЕРТУ КЕРЕК?


КЕЗДЕСУДЕ ең бірінші осы ҮШЕУІНЕ назар аударады