​«Жақсы көрмейтін» адамның 5 БЕЛГІСІ

0
4 229

Жігітіңіздің немесе күйеуіңіздің іс-әрекетінен бұл белгілер байқала ма?


​«Жақсы көрмейтін» адамның 5 БЕЛГІСІ

Фото: awsimages.detik.net.id

Психологтар кез келген әйел оны өзге адам сүйгенде, сүйікті болғанда гүлдей жайнайтынын, бақыттан басы айналып жүретінін айтады. Сондықтан да әйелдерді «құлағымен сүйеді» десе керек. Дегенмен, әдемі сөз – жақсы көрудің, сүюдің белгісі болмауы да мүмкін екен.

Еркектердің жылы, мақтау сөзіне алданып қалып жатқан қыз-келіншектер бұған дәлел. Әйелдің әлсіз жері – тәтті сөз болғандықтан, альфонстар, алаяқтар, арам пиғылды еркектер және есеппен отбасы құруды көздейтіндер мен «уақыт өте келе сүйіп кетермін» деп ойлап кездесіп жүргендер осы әдісті жиі қолданады екен. Ал психолог мамандар не нәрседе де адам қателеспеу үшін сұрақтың антонимін іздеп, оған жауап тауып көргені дұрыс дейді.

Мысалы, «Жақсы көретін адамның іс-әрекеті қандай болады?» деген сұрақтың антонимі «Жақсы көрмейтін адамның іс-әрекеті қандай?».

Расында қандай белгілерге қарап, еркектің сүймейтініне көз жеткізуге болады?


Адамның сүйетінін немесе ұнатпайтынын оның көзінен аңғаруға болады. Ал жақсы көрмейтінін анықтау қиындау. Оған бір жылдай уақыт қажет. Сонда да психологтар болжамдаған мынандай белгілерге мән беріп көріңіз.



БІРІНШІ БЕЛГІ

Тітіркену, анығырақ айтқанда ашулану. Ол болмашы нәрселерге ашулана береді. Бірер минут күтіп қалса, ол қоңырау шалғанда телефон тұтқасын дереу көтермесеңіз, ваннада ұзақ жуынсаңыз да ашуланып кетеді.

Киіміңіз, жүріс-тұрысыңыз, сөзіңіз, тіпті асты шайнағаныңыз да оны тітіркендіреді. Үнемі ескерту жасап, ашуын байқатып отырады.

Әрине, бұл – оның шыдамсыз мінезі болуы да мүмкін. Бірақ ұсақ-түйекке бола ашуын жиі көрсетіп тітіркене берсе, онда ол сізді осы қалпыңызда қабылдай алмай жүргені.



ЕКІНШІ БЕЛГІ

Еркіндігіңізге шектеу қою. Онымен әзілдесуге, эмоцияңызды жасырмай шынайы күлуге, кез келген уақытта еркелеуге, ойнап шымшып алуға, оны құшақтауға, жұрттың көзінше қолынан ұстауға, тіпті оңашада ерсі қылықтар көрсетуге, себепсіз қоңырау шалуға болмайды. «Кедергі келтірмеші», «Тыныш отыршы», «Сөйлей бермеші», «Басымды ауыртып жібердің» деген сөзді жиі айтады.

Әрине, көпшілік алдында еркіндігіңізге, кейбір қылықтарыңызға тыйым салу орынды. Бірақ екеуіңіз ғана отырғанда, үйде де әр қылығыңызды шектей берсе, оның жанында өзіңізді еркін сезіне алмасаңыз, сезіміңізді еркін жеткізе алмасаңыз, махаббаттың жоқтығынан белгі береді.



ҮШІНШІ БЕЛГІ

Өз қара басын ғана ойлау. Мысалы, сіз ыдыс немесе кір жуып қолыңыз босамай жатса, ол тек өз төсегін салады. Таңертең сізден бұрынырақ оянса, өзіне ғана кофе дайындап (өзіне ғана жететін жұмыртқа қуырып), алаңсыз ішіп отыра береді.

Темекі сатып алуға үйден шығып бара жатса, сізге дүкеннен не қажет екенін сұрамайды. Балмұздақ жегісі келсе, өзі барып жеп келеді. Былайша айтқанда, қамқорлық танытпайды.

Әрине, үй шаруасына араласпайтын, газ плитасына жоламайтын еркектер бар. Бірақ бұл жерде іс-әрекет басқа: тек өзіне дайындау, өзін ғана ойлау.



ТӨРТІНШІ БЕЛГІ

Қызықтырмайды, қызықпайды. Сіздің жұмысыңыз, армандарыңыз, ауруыңыз, жұмыстан неге кешіккеніңіз, көңіл күйіңіздің жоқтығы, көзіңіздің ісіп тұрғаны, ескі киіммен жүргеніңіз, демалыс күні немен айналысып жатқаныңыз қызық емес. Күннен-күнге семіріп бара жатқаныңызды да елемейді.

Әрине, өтірік қызығушылық танытып, жағдай сұрауы да мүмкін. Бірақ әрекеті сөз жүзінде ғана болады. Қарым-қатынасы немқұрайлы. Шынымен ауырып қалсаңыз, дәріханадан дәрі әкеп беруді, телефоныңыз бұзылып қалса оны жөндетуді де ойламайды.

Олар көбіне басыңыздағы мәселеңізді, жағдайыңызды, ауруханаға түсіп қалғаныңызды айтсаңыз, үнсіз қалады немесе мүлде хабарласпай қояды.



БЕСІНШІ БЕЛГІ

Мерекелерде, туған күніңізде сыйлық сыйламайды. Көбіне ұмытып кеткенін айтып ақталады немесе аяныш тудыратын мәселелер, оқиғалар ойлап табады. Әйтеуір сізге ақша шығындамауға тырысады.

Әрине, жақсы көрмесе де сыйлық беретіндер бар, бірақ оны қайтарып алғанша асығады. Мәселен, бірер күннен соң қарыз сұрайды. Я болмаса «Жаңа жыл мерекесі жақындап қалды, маған қандай сыйлық жасайсың?» деп есіңізге салады. Сізге шығарған ақшасын қалайда шығарып алады жолын тауып.


Бұл негізгі белгілер ғана. «Жақсы көрмейтін» адамның бұдан басқа белгілері көп екен. Оның тізімін қалай жалғастырар едіңіз, оқырман? Комментарийге жазыңыз.


Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Сыр мен құпияны КІМДЕРГЕ айтуға болмайды?


Неліктен АЗ СӨЙЛЕУ керек?