Жалғыздықтан құтылу үшін МЫНА ТӨРТЕУІН өзгертіңіз

0
1 426

Сосын ниетіңізді түзеңіз!


Жалғыздықтан құтылу үшін МЫНА ТӨРТЕУІН өзгертіңіз

фото: img5.goodfon.com

«Жалғыздық құдайға ғана жарасады» дегенменен біле білсек әр адам жеке тұлға, әркім өз алдына дара. Өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеді.

Бірақ кез келген тірлікті бір адамнан гөрі екеулеп орындаған жылдам әрі өнімді болатыны белгілі. Мәселені шешерде «Бір бастан екі бас жақсы» деген сөз де бар. Сол сияқты жұптасып өмір сүріп, баланы бірге тәрбиелеген әлдеқайда жеңілірек.

Бұл логика емес, табиғат заңдылығы. Табиғат шебер, сондықтан оның заңдылықтарымен өмір сүрген адам адаспайды, шатаспайды. Тіпті барлық жан-жануар мен жәндікке дейін жалғыз тіршілік етіп жатқаны жоқ. Десек те, жалғыз жүрген адам баласы, оның ішінде әйелдер аз емес. Неге?

Жантану мамандары оң жақта отырып қалған көп қызға сауалнама жүргізу, олармен сұқбаттасу арқылы адамның жалғыз қалуына ең бірінші оның ой-түсінігі себеп екенін анықтапты.

Иә, небәрі 1-1,5 кг ғана мидағы ойларыңыз бүкіл өміріңізге әсер етеді екен. Психологтар кедергінің, мәселенің бәрі де – мида дейді. Бұл туралы ғалымдардың кітабы мен зерттеу жұмысы да көп.

Әрине оның бәрін оқудың қажеті жоқ. Тек мынандай 5 ойды өзгертсеңіз жетеді. Көп ұзамай-ақ өміріңізде өзгеріс бола бастағанын байқайсыз. Сонымен, қандай ойды өзгерту керек?



1. «Тағдырға жазылғанды көреміз»

Кәрі қыздың басым бөлігі «Тағдырға жазылғанды көреміз», «Бір жерде жүрген шығар, тағдырыма жазылған адам өзі іздеп табады» дегенді айтады.

Психологтар бұндай сөзді ертегі көп тыңдаған, мелодрама жанрындағы фильмдерге әуес қыздар жиі айтады дейді.

Әрине, тағдырға сену, жақсылықтан үміттену – иман шарттарының бірі. Бірақ сенім арта отырып амал еткен де абзал. Сіздің де тарапыңыздан қадам болуы қажет. Сондай-ақ отбасылық өмірге аяқ басу үшін саналы түрде есею керек. Жасөспірім қыз емессіз ғой, өмірге шынайы қарап үйреніңіз. Ал шынайы өмір – бұл жауапкершілік және өз бақытың үшін күрес, әрекет.

Есте ұстаңыз, өз өміріңізге жауапкершілік алмайынша сіз өмірдің келесі деңгейіне өтуге шешім қабылдай да, батыл қадам жасай да алмайсыз. Ал «Өмірлік жарым өзі тауып алады» деп ойлау немесе бәрін тағдырға тапсырып қойып отыра беру жауапкершілікті қолға алуға кедергі болады.

«Құдайдың тағдырыма жазып қойған адамы өзі іздеп тауып алады» деу де бүкіл жауапкершілікті болашақ күйеуге артып қоюмен тең.

Ойды өзгертіңіз. Тағдырға тәуекел етіп әрекет етіңіз.



2. «Мен жақсы күйеуге лайық емеспін»

Балалық шақ бақытсыз болуы мүмкін. Өтпелі кезеңде өкіндірер қателіктер жасаған боларсыз. Немесе тәніңізді ауыртып, жан жарақатын салған бір жағдайдың құрбаны болған шығарсыз. Бұлар адамның бақытты болуына бөгет емес.

Есте ұстаңыз, бақытты болу ең бірінші ішкі халге байланысты. Бақытсыз сәттерді еске салатын өткен шақтың есігін жабыңыз. Ол жақта сіз пайдалы ешнәрсе жоқ, қайта оралмайды да.

«Мен жақсы күйеуге, бақытты болуға лайықтымын» деп жиі айту арқылы ішкі күйіңізді, ойыңызды өзгерте аласыз. Бұл сөз өзіңізді жазғыруды тоқтатуға да көмектеседі.

Сонымен, өзіңізді кінәлай беруді доғарыңыз. Бұл сіздің жұбыңызды табуға ғана емес, жалпы өмірдің барлық саласында дамуыңызға, алға қадам жасауыңызға ең үлкен кедергі.



3. «Еркектің бәрі бірдей...»

Бұл сөздің ар жағында жалғасы бар, түрлі-түрлі.

  • «Ой, еркектің бәрі бірдей ғой, бәрі үйден қырық қадам ұзаған соң әйелін ұмытады»
  • «Еркектің бәрі бірдей, тек өз қарабастарын ойлайды»
  • «Еркектің бәрі альфонс»
  • «Еркектер қалауы орындалғанша ғой, сосын өзі де, сөзі де өзгереді. Бәрі бірдей»
  • «Еркектің бәрі сондай, сұлу көрсе соңынан кетеді»
  • «Еркектің бәрі сол қалтасына сәл ақша бітсе тоқал алады»

Ал сіз «Еркектің бәрі бірдей» дегенді қалай жалғастырып жүрсіз? Негативті ойларды санаңыздан қуыңыз және айналаңыздағы қыз-келіншектер айтқан бұндай сөздерге сенбеңіз.

Есте ұстаңыз, еркектер туралы «бәрі бірдей» деген ой моделі сәтсіз қарым-қатынастан кейін қалыптасады. Екі-үш еркектің жауапсызсыздығына, жеңіл ойына, я болмаса алаяқтық әрекетіне қарап, бүкіл еркекке топырақ шашуға болмайды. Бұл көршіңіздің күйеуінің өлшемдерін алып әлі таныспаған, кездеспеген болашақ өмірлік жарыңызға тон пішу сияқты ғой.

Қателеспеңіз, әйелін алақанына салып аялайтын, барлық жағдайын жасайтын, отбасын бірінші орынға қоятын еркек көп. Әйелі мен бала-шағасы үшін тауды қопаратын, кеудесін қатал өмірдің оғына тосатын ер-азамат жетерлік.

Ойыңызды позитивке ауыстырыңыз. Негативті ойларыңыз жақсы кандидаттардың сізге жолығар жолын жабады. Ойыңызды дұрыстасаңыз, дұрыс еркектерге жол ашылады.



4. «Осы өміріме зар боп қалмаймын ба?»

Мұхтар Әуезов атамыз қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан кейін тәртіп керек» деген. Ниетіңізді түзеңіз.

Ниетіңіз бен ойыңыз сәйкес келуі керек. Ниетім түзу дегеніңізбен, отбасы құру туралы сөз қозғалғанда іштей «Тұрмысқа шықсам жұмысымнан айырылып қалам», «Жұмыс істетпейтін күйеу жолықса қайтем?», «Жүкті боп үйде отыру мен үшін азап», «Қазіргідей еркіндік болмай қалады», «Осы өміріме зар боп қалмаймын ба?» т.б. деп ойлайтын шығарсыз. «Орта жолда тастап кетпей ме екен?», «Пәленше сияқты ажырасып кетсек, баламды асырай аламын ба?» деген ойлармен қорқатындар да бар.

Алдағы күнді ешкім білмейді. Сондықтан да жаңбыр жаумай жатып су болмаңыз. Қорқынышты ойлардан арылыңыз, сонда ниет те түзуленеді.


Тұрмысқа шығу және отбасы жөніндегі ниетіңізді дұрыстап, еркектер туралы жаман ойларды өзгертсеңіз, жалғыздықтан құтылатыныңызға 100 пайыз сене беріңіз.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Өзіне сенімді баланы тәрбиелеудің 4 жолы

«Мен өзімді кешіремін» техникасы жолыңызды ашады