Жас жұбайлар НЕГЕ ата-анадан БӨЛЕК ТҰРҒАНЫ дұрыс?

0
4 632

Психологтар «Жас отбасының бөлек тұруының пайдасы көп» дейді.


Жас жұбайлар НЕГЕ ата-анадан БӨЛЕК ТҰРҒАНЫ дұрыс?

фото: pbs.twimg.com

Ата-ананың көбі ұлы үйленген соң келін екеуін қара шаңырақта ұстағанды қалайды. Әрине, ол жалғыз ұл немесе кенже бала болса құптарлық. Ал егер қара шаңырақта қалмайтын ұл болса, ертерек еншісін берген дұрыс.

Осы орайда «Бөлек шығуы үшін еңбегі сіңуі керек», «Келін жұмсаймын деп ұлымды үйлендірдім ғой», «Ененің сабақтарынан өтуі қажет» дейтіндер табылатыны белгілі. Өте орынды. Бірақ егер салыстырар болсақ, ата-ене үшін бұл пайдалы болғанымен, жас отбасыға тиер зияны бар. Қандай? Негізгілеріне қысқаша тоқталып өтейік.


Ажырасу

Егер 19-20 жыл бойы ұлыңызды тәрбиелей алмасаңыз, біреудің 18 жастан асқан перзентінен 2-3 жылда ойыңыздағы адамды «жасап» шығарамын десеңіз қателесесіз. Дұрысы, қарым-қатынасқа сызат түсірмес үшін ұл мен келіннің еншісін беруге асығыңыз. Өйткені:

  • Сүйіп қосылған жастардың ажырасқандарының арасында ата-енені кінәлайтын келін көбірек.
  • Қит еткенге төркініне жүгіре жөнелетін келіншектердің көбі ата-енемен бірге тұратындар.
  • Енесін, күйеуін жамандайтынның басым бөлігі қара шаңырақта тұратын келіндер. Бұл құда-құдағилардың араға түсуіне, араздасуына әкеледі.
  • «Келінді бастан» дегенді ұстанатын ата-ене кейде тым қаталдық танытады. Әр сөзін, әр басқан қадамын аңдып, тірлігінен мін іздеп отырады. Әрине, бұл тәжірибесіз келіннің білмегенін үйретумен астасса жақсы. Ал үйретудің орнына тек ұрса берсе, бұл келін мен ұлдың арасындағы сезімге салқындығын тигізбей қоймайды.
  • Ата-ана көбіне бірге тұратын ұлының сөзін, жағымсыз әрекеттерін жақтайды (мысалы: түнімен достарымен қыдыруы, әйеліне қол көтеруі т.б.). Ененің келініне «Еркектер сондай қауым. Отбасы болған соң ондай-ондай болады» деген бір ауыз сөзінің өзі кейбір күйеуді есіртіп жібереді.
  • Еркектер әйеліне үй тірлігінде көмектесуге, айтқанын орындауға, еркелетуге, жылы-жұмсақ сөйлеуге әке-шешесінен «ұялады» немесе қорқады.

Осындай болмашы нәрселердің тағы да бірнешеуін жазуға болады. Дегенмен бұндай болмашы жағдайлар екі жастың ажырасуына себеп болуы әбден мүмкін дейді психологтар. Олардың айтуынша, үлкендерден бөлек тұратын ерлі-зайыптылар арасында бір-бірінің ақыл-кеңесін тыңдап, сезімдерін емін-еркін жеткізіп, жаманын жасырып өмір сүретіндері көп екен.



Ұлдың отағасы болуына бөгет

Ұл бала әке-шешесінің алдында әрқашан перзент боп қалады. Үйленген соң ол ата-анасынан оңаша кезде ғана өзін отағасы, бір үйдің бас иесі ретінде сезіне алады. Ал отағасы болу – үлкен жауапкершілікті арқалау.

Мысалы, отағасы бір отбасын асырауды, әйелі ауырып қалса қамқор болуды, мәселе туындаса оны шешуді ойлауы керек делік. Қара шаңырақта тұрса бұның бәрін, я болмаса жартысын әке-шешесі орындайды. Біреуге қарызданып қалса, әке-шешесі салады. Жұмысынан шығып қалса екінші жұмысты іздеуге асықпайды. Өйткені ол бірге тұратын әке-шешесінің жалақысына немесе зейнетақысына сенеді. Ата-анасына сеніп-сеніп бір күні ол өзіне деген сенімін жоғалтады. Осылай ұл біртіндеп отбасының жауапкершілігін әке-шешесінің мойнына қалай ілгенін ешкім байқамай қалады. Ал жауапкершілігі жоқ күйеу әйелінің үлкен ұлына айналады, оны отағасы деп айтуға болмас.



Өмірлік тәжірибе жинауға кедергі

Психологтар жас жұбайлар өмірдің ащы-тұщысын көргенде ғана шыңдалады дейді. Ал отбасылық қиындықтармен, мәселелермен тәжірибе жинайды.

Мысалы, қалаға келіп пәтер іздеу, пәтер иесімен келісу, пәтерден-пәтерге көшудің өзі тәжірибе. Пәтер иесі бір күнде-ақ «Басқа пәтер іздеңдер» дегенде қайтадан тұратын жай іздеу шаршатқанда еркек өз баспанасының болуын ойлай бастайды. Үй салуға, алуға әрекет жасайды.

Су құбыры бұзылып қалса сантехник шақыру, газ колонкасын жөндету сияқты мәселелерді өз бетінше шешіп үйрену де еркектің тәжірибесін, жауапкершілігін арттырады. Ал отбасылық, тұрмыстық мәселелердің әрбірін шешкен сайын еркектің өзіне деген сенімі арта береді.

Бөлек тұрудың тағы бір пайдасы – коммуналдық шығындарды төлеп, үйіне азық-түлік тасыған ұл ақшаның, жұмыстың қадірін түсінеді, үнемдеуді үйренеді.



Сезімдер салқындауы

Мықты әртістің өзі бір фильмде екі рөлді ойнай алмайды. Босаға аттаған жас қыздың жар мен келін рөлін бірдей жоғары дәрежеде орындауы екіталай. Ол не сүйкімді келін, не сүйікті жар ғана болады. Екі рөлінің біреуі міндетті түрде ақасайды. Бұл ененің келініне немесе күйеудің әйеліне көңілі толмауына әкеледі.

Көңіл толмаушылық біртіндеп адамдар арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, мейірімділік сезімдерді суытады. Ал суыған сезімнің қайта жылуы қиындау.

Психологтардың пайымдауы осындай. Әрине, бұл ата-анамен бірге тұратын жұбайлардың некесінің ғұмыры қысқа болады деген сөз емес. Немесе үлкендерден бөлек тұрғанның бәрі бақытты болады деген де емес. Тек үйленген соң бірден бөлек шығып кеткендердің отбасылық қиындықтарды жеңуде «иммунитеті» қалыптасады. Осы тұста бір мысал келтірейінші.

МЫСАЛ: Асқар мен Талғат бір сыныпта оқиды. Екеуі де судан қорқады, жүзе алмайды. Асқарды анасы суда жүзуге үйретпекші боп, тренер жалдайды. Аптасына бір рет өзі ертіп барады. Тренерге «Тым қатал болма, ережелерді жайлап үйрет» дейді, ал ұлына «Абайла, тұншығып қалма» деп қадағалап отырады. Арада үш жыл өтеді, бірақ Асқар суда әлі де жақсы жүзе алмайды. Ал Талғаттың жүзу курсына қатыспайды. Бір күні ол көлге барады. Қайықпен көл ортасына келгенде абайсызда суға құлайды. Құтқаратын ешкім жоқ, ол бір тұншығып, судың бетіне бір шығып қол-аяғын серемй береді, сермей береді. Жағалауға шығады. Осылай ол жүзуді бір-ақ күнде үйреніп алады.

Ата-анамен бірге тұратын және бөлек тұратын жас отбасылардың өмірін осыған ұқсатуға болады. Әрине жас отбасына өмір-өзенінде жүзуді өзіңіз үйретесіз бе, әлде өздері үйрене ме, бұл сіздің таңдауыңыз. Қайсысын таңдасаңыз да өзіңіздің де, өзгенің де өмірін қиындатпауды ойлаңыз деп кеңес береді психолог мамандары.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


40 жаста "Ата-анам айтса болады ғой" десеңіз, Сіздің әлі де АҚЫЛЫҢЫЗ КІРМЕГЕН

Балам АҚЫЛДЫ болсын десеңіз, осыны орындаңыз!