Әлемдегі ЕҢ СӘНДІ де стильді 7 ӘЖЕ

0
264


Әлемдегі ЕҢ СӘНДІ де стильді 7 ӘЖЕ

«Әже» дегенде кез келген қазақтың көз алдына жүзін әжім торлаған, ақ жаулығы арқасын, етегі толарсағын жапқан апаларымыз елестейді. Біздің ұғымымыздағы әже – ол ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ендігі өмірінде зейнетақысын талғажау қылып, немере-шөберенің шуылына шомып, ағайын-туыстың жиын-тойын түгелдеп жүрумен шектелетін жан. Бұл жаста оларға сұлулық пен сән туралы ойлаудың мәні жоқ секілді. Сондықтан да, төменде аты аталатын тұлғаларды әже ретінде қабылдау сіз бен біз үшін қиын болуы мүмкін.



Айрис Апфель – 97 жаста

2014 жылы оның өмірі жайлы «Айрис» аталған документалды фильм түсірілді. Оның Instagram желісіндегі парақшасын әлемнің әр түкпірінен жиналған 1,3 миллион жазылушы жіті бақылауда. Бәріне себеп – Айрис Апфельдің ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән стилін қалыптастыруы. Жасы 100-ге тақаған шағында да ол өзінің осы бір сұлулыққа құштарлығынан, әдемілікке ұмтылу әдетінен және айрықша стилінен айрылмаған. Қара жиекті үлкен көзілдірік, көлемді әшекейлер мен киіміндегі сансыз жарқын бояулар – әр образы бір өнер туындысы дерсің. Бұл оның стилін ерекшелеп қана қоймай, қандай көңілді, өмірге құштар жан екенін де білдіріп тұр. Сонысымен де сән әлемінде көпке үлгі болып келеді. «Өмір сондай іш пыстырарлық және жабырқау, ендеше неге адамдарды өз киіміңмен көңілдендіріп, өзің де көңіл көтермеске?!»-дейтін көрінеді Айрис әже.



Патшайым Елизавета ІІ – 93 жаста

Әлбетте, бір елдің патшайымына әдемі де сәнді киінбеу сын секілді. Алайда, осынша жасқа келіп жүзінен нұрын, көзінен мейрімін, бойынан қуатын жоғалтпау үшін үлкен күш керек. Елизавета ІІ-нің сырт бейнесіне сұлулық үстеп тұрған да осы ішкі қуаты секілді.

Патшайымның бай гардеробын негізінен эксклюзивті пальтолар, ерекше сәнді баскиімдер мен қолғаптар құрайды. Патша әулетіне дресс-код бекітілгеніне қарамастан, оның образдарын бірсарынды, жалықтырарлық деп айту қиын. Классика болып саналатын қара және ақшыл сары түстерге қарағанда, жарқын, батыл да қанық түстерге басымдық береді. Алайда, осындай түрлі-түсті жарқындыққа қарамастан, патшайымның образдары ұстамды, өзінің дәрежесін айшықтап тұрарлықтай ақсүйектік стильге шебер үйлестіріледі.


Дафни Селф – 91 жаста

Британ азаматшасы Дафни Селф 1950 жылдары сәнбикелік жолын бастаған. Арада біраз жылдық үзілістен кейін, 70 жасында подиумға қайта оралып, сән әлемін дүр сілкіндірді. Мүсіні бұзылмаған, талғамы төмендемеген Дафни әже сол көрсетілімде жас әріптестерінен кем түспей, дизайнерлердің қарша бораған ұсыныстарының астында қалады. Бүгінде ол әлемнің атақты дизайнерлерінің сән көрсетілімдеріне қатысады, сән туралы журналдардың мұқабасынан да жиі орын алады. Қазіргі мансап баспалдағы жас кезіндегісінен әлдеқайда биік деп бағалауға болады. Бәрі де Дафни әженің жасандылыққа бой алдырмай, табиғи қалпын сақтауының, жаратылыс заңы мен өз табиғатын қабылдап, жас көрінуге тырыспай, керісінше қай жаста да сұлу да сымбатты болуға болатынын көрсетуінің арқасында. Сонымен қатар, ол тек мансап пен атақ қуған карьерист емес, төрт немеренің сүйікті әжесі.


Кармен Делль Орефиче – 88 жаста

Иә, бұл тұлғаның алдыңғы аталғандарға қарағанда біршама кіші екені ақиқат. Алайда, 88 жастың өзінде заман көшінен қалыспай, сұлулығы мен талғамын жоғалтпай, жастармен жарыса жасану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ең алғаш рет Vogue жрналының бетіне 14 жасында шыққан Кармен әжей әлі де жиі жарияланып тұрады. Сән-салтанат, сұлулық, нәзіктік пен стиль – оның образдарында бәрі бар. Бір сөзбен КАРМЕН ДЕЛЬ ОРЕВИЧЕ есімі мен СӘН сөзі синонимдер деуге де болатындай. Сәнбикелік мансабы ең ұзаққа созылған тұлға ретінде аты Гиннестің рекордтар кітабына енген.


Софи Лорен – 84 жаста

Жас күнінде стиль иконы деп мойындалған, аты аңызға айналған киноактриса өзінің сүйкімі мен сұлулығын әлі де жоғалтпаған. Қазір де осыдан қырық, елу-алпыс жыл бұрынғыдай сән әлемінің бағыт-бағдарын бақылайды, өзіне күтім жасайды және киіну мәнеріне де айрықша мән береді. Кез келген кинофестивальдің қызыл кілемінде сән-салтанаты жөнінен жастардан қалыс қалған жері жоқ. Нәзік те сезімге толы, нағыз әйелге тән образдарымен көпшілік назарын өзіне аударып келеді.


Джойс Карпати – 84 жаста

Оны бүгінгі күннің ең сырбаз сұлуы деп бағалайды. Расында да, бір кездері опера әндерін шырқаған Джойс Карпати қашан да биік талғаммен көркем киінеді. Інжу тасына, айрықша пішімдегі қызықты жакеттер мен әдемі мойынорамалдарға деген махаббаты бірден аңғарылады. Әлі күнге көшеге, тіпті есік алдындағы дүкенге шықса да тұла бойында бір мін болмауына баса мән беретін бұл әжейді нағыз ханым деп атауға болады. Өзінен кейінгілерге Карпатидің жиі берер кеңесі: «Сен – 30 жасыңда қандай әйел болдың, 80 жасыңда да сол әйелсің. Сондықтан өзіңді барлық қалыпта қабылдап, әрқашан сұлулыққа ұмтыл»


Джейн Фонда – 81 жаста

Америкалық актриса, сәнбике, жазушы, продюссер қызметтерін қатар алып жүрген Джейн Фонда стиль иконасы деген атауға әбден лайық. Көпшілікке жиі паш ететін әйелге тән, нәзік образдары өзге қыз-келіншектерге үлгі. Оның үстінде кез келген киім көрнекті көрінеді. Оған Джейн әжейдің мінсіз мүсіні себеп. Сексеннің сеңгірінен асса да, оның дене сымбатына жас сұлулардың өзі қызыға қарайды.

Әлбетте, бұл аталған тұлғалардың сырт келбеті мен киіну үлгісінің астарында көптеген мамандардың еңбегі жатыр. Әйтсе де, негізгі шешімді олардың өздері қабылдайтынын және осы жасқа келіп сұлулық пен стиль жайлы ойлану, осы бағытта еңбектенудің өзінің ерен еңбек екенін ескеру керек. Әлемге «Әйел қай жаста да әдемі болуы керек» деген қағиданы ұғындырып жүрген бұл әжелер сіздіңше құрметке лайық па? Әлде, «қартайдық, қайғы ойладық» деп, ендігі өмірін ұл-қызының қамын ойлаумен, бар қызығын баласының жолына, бар тәттісін немеренің аузына тосумен өткізген дұрыс па?

Аударған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет