Колготка киюдің қаншалықты зиян екенін білесіз бе?

0
840

Денсаулыққа қаншалықты зиян екенін білсе де, елең қылмайтындар жетерлік.


Колготка киюдің қаншалықты зиян екенін білесіз бе?

Киімдерінің арасынан колготки табылмайтын әйел кемде-кем шығар. Көбісінде капрон түрлері. Денсаулыққа қаншалықты зиян екенін білсе де, елең қылмайтындар жетерлік. Бекер-ақ.

Жарайды, кимеске болмайды делік. Ендеше, еңболмағанда зиянды емес, емдік түрлерін таңдап-талғап алыңыздаршы. Иә-иә, колготканың пайдалы, емдік түрлері де бар. Бұрын білмесеңіз, осыннан таныса аласыз.


Алдымен қандай зияны болуы мүмкін екендігін айта кетсек:

Қарапайым колготканың басты кемшілігі – құрамында синтетиканың көп болуы. Табиғи жіптерге синтетикалық талшықтар неғұрлым көп қосылған сайын, зияны да соғұрлым арта түсетіні айтпаса да белгілі. Колготка қаншалықты жұқа әрі әдемі болса, соншалықты денсаулығыма соншалықты зардабы тиеді деп біліңіз. Терісі сезімтал жандарда қышу, түлеу, тіпті, экзема пайда болуы мүмкін.

Колготканың денеге жабысып тұруы да айтарлықтай зиянды. Иә, жиырылып кең болып тұрғаны көзге қораш. Сол себепті жабысып тұратынын таңдаймыз. Осының салдарынан интим аймақтарында ауа айналымы болмайды, түрлі инфекциялар тез дамиды, бактериялар оңай өршиді.

Синтетикалық материалмен қапталған, оның сыртынан тар аяқкиім киілген кезде табан да өзін жайсыз сезінеді. Мұндай жағдайда аяқ зең аурулары да көп күттірмейді.


Міне, осындай зияндары тимеу үшін колготканы дұрыс таңдау, дұрыс кию маңызды.

  • Интимді аймақ тұсына мақта-матадан қиынды қойылған түрін алыңыз.
  • Теріңіз сезімтал болса, синтетикалық колготканы аптасына 2 реттен артық кимеген дұрыс.
  • Мақта-мата ғана емес, микрофибрадан тоқылған өнімдер де зиянсыз. Шаштан да жіңішке айрықша бұл талшықты қазір колготка, шұлық, імкиім мен спорттық киім өндірісінде кеңінен қолдануда. Бағалауға тұрарлық қасиеті – теріге ауа өткізіп, демалдырады ылғал өткізбейді және жылу ұстайды.
  • Құрамында синтетикалық талшығы бар колготкиді күні бойы кимеуге тырысыңыз. Үйге келе салысымен шешіп,душ қабылдаған абзал.
  • Колготканы жуғанда антистатик құралдар қолданыңыз немесе антистатик-спрей себезгілеңіз.

Оқи отырыңыз:

Аяқкиім аяқты қажамауы үшін кимес бұрын «моншаға түсіріп» алыңыз


Сатылымдағы колготкалардың барлығы бірдей зиянды емес. Олардың кей түрлері денсаулыққа пайдалы болып келеді:

  • Компрессиялық – варикоз бен тромбофлебиттің алдын алу үшін кию ұсынылады. Тіпті, аяғыңызда бұл сырқаттар бар болған күннің өзінде компрессиялық колготка кисеңіз, одан әрі ушықпауына ықпал етеді әрі симптомдарын басады. Қалай дейсіз бе? Олар аяқ сыртынан тамырларға тірек болатын қосымша қаңқа құрады. Осы арқылы артық созылудан сақтайды. Мұндай емдік колготкалар тек медициналық мекемелерде ғана сатылатынын ескерте кеткен жөн болар. Алдымен дәрігермен кеңесіп, рұқсат берсе содан соң барып сатып алуға болады. Таңертең төсектен тұрмай жатып, аяқ тамырларына әлі қан бармай, кеңімей тұрғанда киіп алған абзал.
  • Жүктілерге арналған – мұндай колготкалар жұмсақ микрофибрадан жасалады. Жоғарғы жағында аяғы ауыр ананың құрсағы өскен сайын үлкейтіліп отыратын қосымша бөлігі болғандықтан, олармен ана жүктіліктің қай айында болса да өзін жайлы сезінеді. Аяғы ауыр әйелдердің көбісінде варикоздың кездесетіні белгілі. Осыны ескеріп жоғарыда аталған компрессиялық қасиеті әрі құрсақ тұсын кеңітетін бөлігі бар колготкалар да табылады.
  • Антицеллюлиттік – сан мен жамбастағы жылдар бойы қалыптасқан «артық майлар ізін» бір колготка киіп кетіру мүмкін дегенге сену қиын әрине. Әйткенмен, әлі целлюлит түсе қоймаған денені осындай колготки кию арқылы сол қалпында сақтауға болады деген құлаққа қонады. Сондықтан, «қару-жарақтың» сан түрін қамдап, целлюлитпен күрескенше, қарапайым колготка орнына антицеллюлиттік әсері барын алдын-ала киім қорғануға кеңес береміз. Олардың жамбас бөлігіндегі трикотажды айрықша әдіспен тоқып дайындайды. Соның арқасында аяқ пен жамбасқа үнемі микро-массаж әсерін беріп тұрады.
  • Жылытқыш әсерлі – бұл колготка түрі полиэстер, полипропилен, жүн, мақта материалдарынан жеке-жеке немесе араластырылып жасалады. Жүн мен мақта талшықтары күнделікті киюге ыңғайлы болуы үшін қосылады. Мұндай матадан өткен ауа денемен жанасқанда жайлы температураға дейін жылиды. Нәтижесінде тері мен сыртқы суық орта арасында жылы ауадан қорғаныс қабаты қалыптасады. Міне, сіздерге жылу сақтау әсері.

Көріп отырғаныңыздай, аздап ізденсеңіз, дұрыс таңдау жасасаңыз, қарапайым колготканың өзін денсаулыққа зияны тимейтіндей, керісінше, пайдалы бола түсетіндей етіп киюге болады екен. Әсіресе, «сұлуынан жылуы» дейтін қағиданы басты орынға шығаратын күз бен қыс мезгілінде бұл аса маңызды.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет