Күз – 2019: әйелдер үшін қандай сырткиімдер сәнде?

0
270

Күздік сырткиім алу жоспарда болса, алдымен сәнді үлгілермен танысыңыз.


Күз – 2019: әйелдер үшін қандай сырткиімдер сәнде?


Күз – құбылмалы мезгіл. Ыстық, жылы, салқын, суық – әр күні түрлі шырай танытып тұрған ауа райына сай киінбесеңіз, ыңғайсыздыққа тап боласыз. Сондықтан, қамдану керек. Сіз күзгі қоңырсалқынға сырткиімді сайлап қойдыңыз ба? Былтырғы барыңызды киесіз бе? Әлде жаңасын алғыңыз келіп, дүкен жағалап жүрсіз бе? Соңғы сұраққа «Иә» деп жауап берсеңіз, алдағы күзде сәнді саналатын түрлер мен үлгілерді біліп алған артық болмас.

Жыл сайын айды аспанға шығарып, жаңа киім түрін таба беретін қиял қайда? 2019-дың күзінде де бұрыннан келе жатқан тренч-плащ, «косуха» күртешесі, джинс күртеше, пиджак, блейзер, жилет, кардиган және бомбер кие береміз. Бірақ кез келгенін емес. «Сәннен қалған» деген сынды естігіңіз келмесе, олардың осы жылы актуалды болатын үлгілері мен түстерін таңдаңыз. Түсініксіз болып кетті ме? Ендеше, төменге сырғыңыз. Ондағы мәлімет жеке және нақты.

Тренч/плащ

Түс: бейтарап (сарғыш, сұр, қоңыр, хаки) және жұмсақ (алқызыл, көгілдір, жалбызды) түстер.

Ұзындық: тізеден сәл ғана түсетін миди.

Матасы: кез келген материал, тек пішінді ұстап тұратындай қатты, тығыз болса болғаны.


Косуха

Түс: қара, сұр, қоңыр, қою қызыл (бордо), жасыл және жұмсақ түстер.

Ұзындық: белге дейін, жамбас сүйектің орта тұсына дейін.

Матасы: былғары, күдері, экобылғары, экокүдері, жасанды былғары.


Джинс күртеше

Түсі: көк, көгілдір, сұр, ақ және принт басылған үлгілер.

Ұзындық: ұзын, қысқа, тік пішімдегі және оверсайз (өлшемсіз, кең).

Мата: түрлі тығыздықтағы деним.


Пиджак

Түс: барлық түстер, жолақ және тор көзді принт басылған үлгілер.

Ұзындығы: ұзын, тік пішімде, аздап қынама бел.

Матасы: пішінді, жағалық қайырманы айқын ұстап тұратын қатты материалдар.


Блейзер

Түс: кез келген түс, тек ешқандай принтсіз, бір реңді болса болғаны.

Ұзындық: жамбас сүйектің орта бөлігіне дейін. Блейзердің ешқандай түймесіз, астарсыз болғаны дұрыс.

Матасы: мақта-мата, зығыр, полиэстер, аралас материалдар.


Жилет

Түс: ақ, қара, ақ сары және жұмсақ түстер.

Ұзындық: жамбастың орта шенінен келетін не санның орта тұсына жететін ұзын, түймесі бірқатарлы не екіқатарлы.

Матасы: кез келген материал, тек жейде пішінін ұстап тұратындай қатты, тығыз болғаны абзал.


Кардиган

Түс: кез келген түс, тек біртекті болса болғаны. Алдыңғы жылдары сәнді саналған аралас жіптер мен түстерді қайталамаңыз.

Ұзындық: қысқа да, орташа да, ұзын да жарай береді, тек тоқыма өрнектері ірі, пішіні кең болғаны жөн.

Материал: киім үлгісін айқын көрсетіп, пішінін сақтап тұрарлықтай тығыз.


Бомбер

Түс: металл сынды жылтыр, жылтырақ және принт басылған үлгілер.

Ұзындық: мықынға дейін, етегі резеңкелі, кең пішімдегі немесе жартылай қынамалы үлгі.

Матасы: синтетикалық материалдар.

Міне, сәнгерлер кеңес ететін қысқа да нұсқа нұсқаулық осындай. Қажетіңізге жараса, қуанамыз.

Дайындаған: Бек Керім,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет