Қымбат киімді жарты бағасына қашан және қалай алуға болады?

0
138

Жеңілдіктер маусымында қандай киімдерді алған тиімді болатынын біле аласыз.


Қымбат киімді жарты бағасына қашан және қалай алуға болады?


SALE! SALE! SALE!

Дәл қазір көптеген сауда нүктелерінде осы мәтін менмұндалап тұр. Атақты брендтердің интернет-дүкендерінде де солай. «Қашанғыдай өтірік жарнама, көзді алдау мен көңілді арбау әшейін» деп мән бермей өтсеңіз, қатты қателесесіз. Себебі, расында да жыл сайынғы жазғы жеңілдіктер маусымы басталып кеткелі қашан. Әсіресе, әр марканың өз интернет-дүкеніне бас сұқсаңыз, әділ де ауқымды жеңілдіктер легіне жолығасыз.

Маусым айының орта шенінен басталатын жеңілдіктер мерзімі шілдеде нағыз қызған шегіне жетіп, тамыздың ортасына дейін жалғасады. «Мен» деген атақты стилистер мен сәнқойлардың өздері осы жеңілдіктерді пайдаланып, гардеробын жаңғыртып алады. Сіз де құр жүрмей, өз үлесіңізді алып қалыңыз. Төмен бағаларды тиімді пайдаланып, гардеробыңызды сауатты түрде толықтырып алсаңыз, жыл бойы сәнді бикештер қатарынан табыласыз.


Бірақ... Арзан екен деп бағасы төменнің бәрін ала беруге де болмайды. Қажетсіз заттар қорын көбейтіп алу қаупі бар. Жоғарыдағы «сауатты» деген сөз жайдан-жай айтылған жоқ. Ол сөздің үдесінен шығу үшін жеңілдіктер маусымында қандай заттарды қармап қалу керек?


1.Бірінші кезекте соңғы жылдар сәнінің биігінен табылып жатқан классикалық үлгідегі, кең мол пішілген костюм-шалбар алыңыз. Футболка мен кроссовкимен үйлестірсеңіз – күндізгі образға, бір түсті классикалық жейдемен кисеңіз – іскерлік бейнеге, шілтерлі кеудеше мен биік өкшелі туфлимен кисеңіз – кешкі салтанатқа сай болып шыға келеді.

2.Қыстық киімдер, әсіресе, сырт киім мен аяқ киім сәні бір жылдық емес. Бірнеше жыл бұрын шыққан үлгілерді алдағы қыста да ұялмай кие аласыз. Сапалы болса болғаны. Бұл, әсіресе, пальто мен былғары аяқ киімдерге қатысты. Сондықтан, оларды да дәл қазір жарты бағасына алуға асығыңыз.

3.Таза былғары не қолтырауын терісі секілді қымбат материалдан жасалған сөмкелер де жиі өзгеретін сән талаптарына бағынбайды. Сондықтан, оларды да аз қаражат жұмсап қармап қалғыңыз келсе, таңдауға батыл кірісіңіз.


4.Былғары күртеше ешқашан «өткен жылдың жұрнағы» саналмайды. Оны кез келген жылдың күз-қыс және қыс-көктем маусымаралық кезеңдерінде киюге болады. Сондықтан, әрбір гардеробта жаздық жеңіл көйлекпен де, джинс шалбармен де, классикалық үлгімен де үйлестіруге болатын әмбебап бір былғары күртеше болғаны жөн.

5.Күннен қорғайтын көзілдіріктің сапалы да бренд маркалы түрлеріне қолыңыз жетпей жүр ме? Ендеше, мүмкіндікті қағып алыңыз. Дәл қазір алдағы бірнеше жылдың сәнінде сап түзейтін көзілдіріктер де төмен бағамен үлестірілуде.

6.Шомылатын киім сәнінде де қатқан қағидалар, әр жылдың өз үлгісі болған емес. Денеңізге қонымды болса болғаны. Сондықтан көптен көңілде жүрген суға шомылу киімін де төмен бағамен иеленіп қалу мүмкіндігі қолыңызда.

Ескерте кететін бір жайт – бағалар жиі, тіпті күн сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Ал сіз күнде дүкен аралай алмайсыз. Сондықтан, ең тиімдісі – онлайн сауда жасау. Алдымен, интернет-дүкен сайттарын қарап, өзіңіз ұнатқан, қажет деп тапқан үлгілерді кәрзеңкеге сақтап қоясыз. Сосын күн сайын кәрзеңкені ашып, заттардың бағаларын бақылап отырасыз. Көңіліңізге жаққан баға көрсетілген күні «сатып алу» тетігін бассаңыз болғаны.

Сәнді киімдер әлеміне сапарыңыз сәтті, саудаңыз тиімді болсын.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет