Жаз-Күз – 2019: екі маусымда да сәнді киінгіңіз келсе, киімді дұрыс таңдаңыз

0
539

Сәнді киіну – бұл жаңа шыққан үлгілердің бәріне жүгіріп, көлемді қаржы жұмсау емес. Көптеген сәнді образ жасауға болатын соңғы үлгідегі бірнеше киім ғана алып, соның өзімен көшке ілескен былай тұрсын, көш ілгері жүруге болады. Ал, бір ғана емес, бірнеше мезгілге қызмет ете алатын киімдерді алсаңыз, екі есе үнем. Ұтымды таңдай білсеңіз болғаны.


Жаз-Күз – 2019: екі маусымда да сәнді киінгіңіз келсе, киімді дұрыс таңдаңыз

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Жаңа маусымға – жаңа киім» ұранымен шопингке шығарда алды-артыңызды байқап, ойланып алыңыз:

«Гардеробымда не жетіспейді?»

«Дәл қазір маған қандай киім қажет?»


Бұл сұрақтарға жауап табу қиынға түссе, стилистер кеңесі бойынша әрекет етіңіз:

1. Құс қауырсыны тігілген бір бұйым қараңыз – көйлек немесе белдемше. Есте сақтаңыз – біреу ғана! Белдемше болса, тіптен жақсы, бір өзімен бірнеше образ жасап кие аласыз. Күз айларында да кәдеңізге жарап қалады.

2. Жиектері қайтарып тігілмеген, кең пішімді джинсы шалбар іздеңіз. Бұл материал ешқашан сәннен шыққан емес, тек, пішіні мен үлгісі ғана өзгеріп тұрады. Түсі классикалық ақшыл көк болғаны абзал. Ұзындығы өз қалауыңызға орай. Жаз күндерінде жеңіл жейде, футболка, кеудешелермен, ал күзде тоқыма жемпірлермен кие аласыз. Егер матасы тығыз болса, қыста киюге де жарап қалар.

3. Кюлот – кең, молынан пішілген бұл киім шалбар мен белдемшенің қосындысынан туғандай. Ең бастысы, тырысқан шалбардан тартынатын, ал белдемше киюді күнделікті өмірге ыңғайсыз санайтын төмен етектілер үшін таптырмас үлгі. Біреуін алып қойсаңыз, жоғарғы бөлігін өзгерту арқылы күндізгі қарапайым образға да, романтикалық бейнеге де, тіпті, той-жиынның салтанатты сәніне де айналдыруға болады. Жазда да, күзде де. Сәнді әрі ыңғайлы, әмбебап мұндай бір киім бір гардеробқа керек пе? Керек!

4. Осы жылдың трендтерінің бірі – барқыт. Бірақ, бұл материалдан тігілген киім алудың орнына, бір ғана әмбебап аксессуар алған әлдеқайда ұтымды. Ол бейсболка, сөмке, белбеу немесе сырға болуы мүмкін. Бұрыннан бар киімдеріңізді киіп, бір ғана трендтегі аксессуар қосу арқылы жаз бен күз, тіпті қыс бойы да сән көшіне сенімді ілесе аласыз.

5. Бұршақ түскен көйлегіңіз бұрыннан бар болса, осы жаз бен күзде жиірек киіңіз. Ал, жоқ болса, алып қоюға себеп бар – ол трендтер қатарына қайта кірді. Түс пен бұршақ көлемін, ұзындығын өз қалауыңызға қалдырдық. Ал, пішім үлгісінің кеңірек, жеңінің ұзынырақ болғаны жақсы. Сонда осы жылдардың сәнді аяқ киімдері – кроссовкимен, спорттық үлгідегі қалың табанды босоножкамен, күзде дөңес те кедір-бұдырлы бәтіңкелермен керемет үйлеседі.

6. Дене бітіміңіз бен реңіңізге үйлесетін бір комбинезон артықтық етпейді. Керісінше, гардеробыңыздың артықшылығына айналады. Сәнгерлер 2020 жылы сәннің ең биік шыңына комбинезон шығады, ол тіпті көйлектің орнын басуы мүмкін деген болжам айтуда. Ал әзірге ол ыңғайлы (бір ғана ыңғайсыздығын айтпағанда) да ықшам киім ретінде сұранысқа ие. Базбіреулер оның құр өзін, енді біреулер ішінен не футболка киіп, беліне сан алуан белбулер тағып түрлендіріп киюде. Күзде жеңсіз жейде орнын жұқа свитермен алмастыруға болатыны айтпаса да түсінікті шығар.

Міне, осы кеңестерге құлақ асып, жүзеге асыра алсаңыз, сәніңізге де сын келмейді, қалтаңызға да аса көп салмақ түспейді.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Киімнің АРҚА, КЕУДЕ мен ҚОЛТЫҚ тұсы суланып тұрса - Жазға арналған ЛАЙФХАКТАР


Қымбат киімді жарты бағасына қашан және қалай алуға болады?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет