Әлемдегі балаларға арналған ЕҢ ТАНЫМАЛ ойын-сауық саябақтары

0
7 336

Кез келген бала ойын-сауық орталығына барып, көңіл көтергісі келетіні жасырын емес.


Әлемдегі балаларға арналған ЕҢ ТАНЫМАЛ ойын-сауық саябақтары

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Балалар ойын-сауық пен аттракциондарды жақсы көреді. Ал олар әдетте үлкен саябақтарда болады. Сондықтан қандай да бір мереке кезінде ойын-сауыққа толы саябақтарға барушылар көбейіп, танымалдылығы арта түседі. Бүгінгі сөз кәрі құрлықтағы сондай танымал орындар жайлы болмақ.


Диснейлэнд, Франция

Парижден шығысқа қарай 32 шақрым жерде орналасқан Марн-ла-Вале қаласында әлемдегі ең танымал және Еуропадағы ең көп адам баратын ойын–сауық саябақтарының бірі – Диснейланд орналасқан. Онда Disneyland Park ойын-сауық саябағы мен аттракциондардан бөлек, Disney Village ойын-сауық паркі, Walt Disney Studios Park киностудиясы, тұрғын үй және бизнес кварталдары, қонақ үй кешені мен гольф алаңы бар. Сонымен қатар, Диснейлендте мектеп жасындағы балалар үшін "арман фабрикасы" деп аталатын танымал сахналарды шолуға арналған (Production Courtyard) экскурсиялар қарастырылған.

Диснейланд жазда күн сайын 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, қыркүйектен мамырға дейін кешкі сағат 20:30-ға дейін ашық болады. Сондай-ақ, Walt Disney Studios Park киностудиясы жазда күн сайын сағат 10:00–19:00 аралығында, қыркүйектен мамырға дейін сағат 10:00-18:00 аралығында жұмыс істейді. Десе де сол сәттегі ахуалға байланысты жұмыс уақытын нақтылап алған дұрыс.

Парижден Диснейландқа Марн-ла-Вале қаласындағы станциядан пойызға мініп жетуге болады. Саябаққа баратын жолға 35 минут уақыт кетеді. Оған қоса, Диснейлендтегі ары-бері жүріске қоғамдық көліктер қарастырылған. Әлбетте, бұл ақша үнемдегісі келетіндерге арналған ұсыныс. Шамаңыз жетсе, көлік жалдап алып, емін-еркін жүруге де болады.

Диснейлендке кіруге арналған билеттердің бірнеше түрі бар. Сіз 1 саябаққа кіруге арналған 1 күндік, 2 саябаққа арналған 1 күндік немесе 2 саябаққа да кіруге мүмкіндік беретін 5 күндік билет сатып ала аласыз. Сондай-ақ, ол билеттерде атракционда кезек күтпес үшін арнайы уақыты белгіленген. Билеттердің құны 39 евродан басталады.


Europa-Park, Германия

Еуропа ойын-сауық саябағы Германияның оңтүстік-батысындағы Баден-Вюртембергте орналасқан. Ол Еуропадағы танымал балалар саябақтарының рейтінгінде Диснейлендтен кейінгі екінші орынды иеленген. Жалпы аумағы 65 гектарды құрайтын саябақ 11 бөлікке бөлініп, Франция, Швейцария, Германия, Ресей, Италия, Голландия, Португалия, Ұлыбритания, Испания, Греция және Скандинавия елдерінің миниатюралық көшірмелері түрінде жасалған түрлі аттракциондар орналасқан.

Германиядағы Europa-Park 23 наурыздан 3 қарашаға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, 25 шілдеден 7 қыркүйекке дейінгі күн ұзарған кезеңде кешкі сағат 19:30-ға дейін, 23 қарашадан 6 қаңтарға дейінгі күн қысқарған мезгілде 11:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

Аталған саябаққа 4-12 жас аралығындағы балалар туған күнінде тегін кіре алады. Ал, 4-11 жасқа дейінгі балалар үшін Europa-Park билетінің құны қыста 28,50 евро, жазда 34 евроны құрайды. Ересектер үшін 33 және 39 евро.


Legoland, Дания

Данияда Lego конструкторының отаны, әлемдегі ең алғашқы және ең үлкен Леголэнд орналасқан. Бұл ойын-сауық саябағы 1968 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Онда барлық аттракциондар, аквапарк, ролик және аспалы жолдар бар. Саябақтағы нысандарды құрастыру үшін әр түрлі өлшемдегі 46 миллионнан астам лего текшелері жұмсалған. Саябақтың ауданы шамамен 100 мың шаршы метрді құрайды және 8 тақырыптық бөлімге жіктелген. Олардың әрқайсысы белгілі бір жастағы балаларға арналған.

Леголанд 23 наурыздан 27 қазанға дейін күн сайын жұмыс істейді. Саябақ жазда сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін, ал көктем мен күзде 18:00-ге дейін ашық болады. Саябақтың бас қақпасының жабылуына 2-3 сағат қалғанда аттракциондардың жұмысы тоқтатылады.

3-12 жас аралығындағы балаларға арналған Леголанд билетінің құны –шамамен 37 евро, ал ересектерге 40 евро тұрады. Егер билеттерге онлайн режимде алдын ала тапсырыс берсеңіз, 25% жеңілдікке ие боласыз.


Гардалэнд, Италия

Гардаленд – Италиядағы ең танымал ойын-сауық саябағы. Мұнда келушілерге жеті түрлі аттракциондар ұсынылады. Саябақтың жанында «Гардалэндтегі теңіз өмірі» аквариумы орналасқан. Оған келушілер 40 бөлімнен тұратын аквариумды тамашалап, теңіз жануарларының 100-ге жуық түрін көре алады.

Gardaland 28 наурыздан 29 қыркүйекке дейін сағат 10:00–18:00, ал 28 маусым мен 10 қыркүйек аралығында сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, қыста, яғни қазан-наурыз айларының аралығында тек мереке және кейбір демалыс күндері ашылады.


Linnanmäki, Финляндия

Финляндияның Хельсинки қаласындағы Линнанмяки ойын-сауық саябағы балалар қорғау қорына тиесілі. 1950 жылы ашылған кешен аумағында әр түрлі жастағы балаларға арналған 43 аттракцион бар. Соның ішінде 1896 жылы салынған ескі карусель де бар. Сондай-ақ, бұл саябақта да үлкен аквариум орналасқан.

Линнанмяки паркі мамырдан қазанға дейін ашық болады. Жұмыс уақыты 11:00-ден 20:00-21:00-ге дейін. Бір ерекшелігі – ойын-сауық саябағына кіру тегін. Ақысыз түрде Panoraama бақылау мұнарасына көтеріле аласыз. Ал, басқа да көрнекті орындарға бару үшін бір реттік билет сатып алу керек.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Өзге елдерде біздегідей ШЫНАЙЫ туристік орындар ЖОҚ – саяхатшы


Ұры-қарыдан осылай сақтану керек! Туристерге ӨТЕ ПАЙДАЛЫ лайфхактар