Бұл табиғи құбылыстарды ӘР АДАМ өз көзімен КӨРУІ КЕРЕК!

0
4 330

Көрген де арманда, көрмеген де арманда.


 Бұл табиғи құбылыстарды ӘР АДАМ өз көзімен КӨРУІ КЕРЕК!

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Көптеген саяхатшылар сапар кезінде ақысыз-ақ көруге, гидсіз де танысуға болатын қайталанбас табиғи құбылыстар жайлы ұмытып кетеді. Әлбетте, оларды көру оңай емес. Өйткені, біз айтқалы отырған құбылыстарды жақыннан көру үшін түрлі жолдарды жүріп өтуге тура келеді. Бірақ, олар соншама күш жұмсап көруге тұрарлықтар дүниелер. Егер ол жерлерге жақын арада баруға мүмкіндік болмаса, біздің жазбамыздан таныса аласыз.


Солтүстік шұғыласы


Солтүстік шұғыласы — адамзатқа мәлім ең жарқын табиғат құбылыстарының бірі. Ол мыңдаған жылдар бойы адамдарды таңғалдырып келді. Деректерге сүйенсек, бұл полярлық шұғыла алғаш рет 30 мың жыл бұрынғы кроманьнон үңгірлеріндегі суреттерде бейнеленген екен. Бұл туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 2600 жылғы көне қытай жазбаларынан табылған. Аталған таңғажайып табиғат құбылысына 1619 жылы атақты ғалым Галилей "aurora borealis" деген ат берген. Сол кездегі ғалымдар солтүстік шұғыласын күн шыққанда пайда болатын құбылыс деп есептеп, Римнің "Таң құдайы" мен гректердің "Жел құдайы" аттарын біріктіріп берген деседі. Ал, 1749 жылы ғалымдар Күн циклдерін зерттеп, Күн бетінде дақтар пайда болғанда «Солтүстік шұғыласы» жарқырап көрінетінін анықтаған. Бүгінде бұл құбылыстың күн шыққанда пайда болмайтыны анықталғанымен, атауы өзгерген жоқ.

Ғажайып табиғат құбылысы кейде бұлт сияқты, кейде толқын, спираль және горизонт түріндегі түрлі пішіндерде көрінеді. Осыған байланысты әр халықтың өз наным-сенімдері бар. Мысалы, Финляндияда оларды "Отты түлкілер" деп атаса, Шотландияда "Періште", Скандинавияда оны балық аулаудың сәтті өтетінінен хабар беретін құбылыс ретінде қарайды. Инуиттер болса, оларды "Түнгі аспанда билейтін жануарлар" деп атайды екен. Ал, бұл құбылысты тамашалу үшін алысқа кетпей Ресейдегі Мурманск, Архангельск, Хатанга аумақтарына баруға болады. Сонымен қатар, Кола түбегіндегі Хибиндер, Коми Республикасындағы Воркута, Норвегиядағы Лонгйир және Шпицберген, Швециядағы Абиску және Лаппландия, Исландиядағы Акюрейри, Финляндиядағы Ивало атты жерлерге саяхаттау қажет.



Торнадо


Бақытымызға орай, жеткен жерін жермен-жексен ететін торнадо жиі орын ала бермейді. Себебі, ол дауыл үй-жай, қора-қопсық былай тұрсын, тіршілік иелерін де аямайтын табиғаттың өте қатал құбылысы. Яғни, торнадо тұрмайтын жерде мекендейтін адамдардың бағы бар деген сөз. Бірақ, қанша қорқынышты болса да, осы бір ғылыми түрде зерттелмеген, жәй адам түгілі ғалымдарға да беймәлім құбылысты көргісі келетін экстримді туризм табынушылары кездесіп жатады. Сондай-ақ, оны кез келген адам көре алады.

Егер сіз де солардың қатарынан болсаңыз, торнадо жиі көтерілетін Солтүстік Америка, әсіресе АҚШ-тың Орталық Штаттарына сапар шегу қажет. Ал, жер-жерді аралап тастаған саяхатшылар торнадо көруге болатын ең жақсы орын – шығыс жағалаудағы Флорида, Флоридадағы Кейс аралдары дейді. Ол маңдағы су үстінде күн сайын торнадо көтеріледі екен. Бірақ, нағыз жойқын торнадо өте сирек кездеседі және оларды көрудің өзі қиындау.


Негізі торнадо ондаған минутқа, ал ең жойқындары бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Мысалы, 1917 жылы 7 сағат 20 минутқа созылған торнадо 110 адамның өмірін қиған.



Гейзер


Гейзерлер — жер астынан оқтын-оқтын субұрқақ секілді атқылап шығатын ыстық бұлақтар. Гейзерді Камчатка түбегінен (Ресей), Исландиядан, АҚШ-тағы Йеллоустон ұлт паркінен, Калифорния, Канада мен Қытайдан, Жаңа Зеландияның солтүстік аралдарынан және Жапонияның кейбір жерлерінен көруге болады. Демек табиғаттың тылсым жаратылысын көргісі келген адамның қайда саяхаттауы керек екені белгілі. Енді оларды аз-кем сипаттап өтсек.

Ыстық су мен бу атқылап тұратын су көдері магма ошағынан үздіксіз жылу келіп тұратын жанартаулық әрекеті тоқтамаған немесе таяуда тоқтаған аймақтарда кездеседі. Гейзердің пішіні кішігірім қиылған конус, аласа, жайпақ шұңқыр, кейде ор түрінде болуы мүмкін. Олар минуттап, кейде сағаттап атқылағанымен, бірнеше күн бойы тым-тырыс болып қалуы бек мүмкін. Гейзерден атқылайтын су көбіне жауын-шашынның жерге сіңуінен пайда болады. Оның температурасы +100–1300С аралығында болады. Ең үлкен «Великан» гейзері ыстық суды 40 метр, ал буды бірнеше жүз метр биіктікке дейін атқылайды екен. Ең ірі атқылау 1904 жылы Жаңа Зеландияда болған. Ол кезде гейзердің суы 450 метр биіктікке дейін көтеріліп, әр атқылаған сайын сегіз жүз тоннаға жуық ыстық су шығып тұрған. Тіпті, кей елдерде гейзердің буы мен ыстық суы тұрғын үйлерді, ғимараттарды жылытуға және электр қуатын өндіретін қондырғыларда пайдаланылады екен.



Жанартау


Ал, жанартау торнадо секілді өте қауіпті құбылыс. олардың басым бөлігі тектоникалық тақталар өткен жерде қалыптасады екен. Егер екі географиялық платформаның түйіскен жерінде жер сілкінісі болса, міндетті түрде белсенді жанартаулар атқылай бастайды. Кейде жер сілкінісінен ұйқыдағы жанартаулар да оянып, қоршаған ортаға қауіп төндіреді. Алайда, "отты тозақты" өз көзімен көргісі келетін туристердің оған жетуі өте қиын. Сосын, тәжірибелі жетекшісіз жол тарту өте қауіпті болады. Дегенмен, жанартауды бір рет көру көптеген саяхатпен тең болатын сияқты.

Қазақстандықтар үшін жанартауды көруге болатын ең жақын жер – Камчатка мен Курилас. Қазірдің өзінде Камчаткада 29 белсенді жанартау бар екен. Жалпы алғанда, біздің планетамызда бүгінде мыңнан астам белсенді жанартаулар бар.


Соңғы 400 жылда 250 мыңға жуық адам жанартаудың атқылауы салдарынан қайтыс болған екен. Ал, қазіргі кезеңдегі ең қауіпті жанартау – Попокатепетль деп аталады. Мехикодан 51 шақырым қашықта орналасқан жанартау жыл сайын ауаға мыңдаған тонна газ бен күл шығарады екен. Ал, Аустралия тектоникалық платформаның орталығында орналасқандықтан аталған материкте белсенді жанартау мүлдем жоқ көрінеді.Иа, жанартаулар жайлы осындай деректер бар.


Жалпы, табиғат ана жаратқан таңғажайып құбылыстардың қай-қайсысы болмасын кемі бір рет тамашалауға тұрарлық.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Дайын тур немесе "ТӘУЕЛСІЗ" саяхат: артықшылығы мен кемшілігі қандай?


Күзде ҚАЙДА саяхаттаған дұрыс?