Эко-туризм ЕҢ МАҢЫЗДЫ мәселеге айналды! НЕГЕ?

0
4 419

Эко-туризмнің кеңінен таралуына адамдардың өздері әсер етіп жатыр.


Эко-туризм ЕҢ МАҢЫЗДЫ мәселеге айналды! НЕГЕ?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Экологиялық туризм – салыстырмалы түрде алғанда әлемдік туризм саласындағы жаңа бағыт. Яғни, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, зиянын тигізбейтін адамдардың тұмса табиғатты аумақтармен саяхаттауы.


Туризмнің бұл түрі аумақтардың тұрақты дамуына ықпал етіп, жергілікті халықтың қызмет көрсетуге қатысуын қамтамасыз етеді және қоршаған ортаны қорғауға үндейді. Мұндағы мақсат – адамдарды табиғатты сүюге шақыру және сол әрекеттерінен ләззат алуға ұмтылдыру. Егер, туризмнің осы бағыты сізге де ұнайтын болса, әлемдегі экотуризмге қолайлы ең үздік бағыттармен таныса отырыңыз.


Палаван аралы, Филиппин

Маржан рифтеріне бай Филиппин аралдары сүңгуірлерді ғана емес, жасыл табиғатты ұнататын экотуристерді де қызықтырады. Ал, жергілікті билік жағажай демалысын кеңейту үшін ну орманды шетінен жойып жатыр. Бірақ, мұнда әлі күнге дейін өзінің бастапқы күйі сақталған Палаван атты арал бар. Ол жерге бірнеше жылдан бері экотуризм жанкүйерлері көптеп барып, қоршаған ортаның сақталуына ықпалын тиігізп жатыр. Егер, сіз де табиғатта демалып әрі үлгілі іске үлес қосқыңыз келсе, осында баруға болады.


Ибради-Аксеки орманы, Түркия

Экотуризмнің ең танымал бағыттарының қатарына Түркиядағы Куре тауларының ұлттық паркі, Крагус тауы, Дата түбегі және Бозбурун шығанағы кіреді. Одан бөлек, Анталияда, Оңтүстік жағалауда орналасқан ормандар мен Ироды-Аксекиді атап өткен жөн. Бұл аймақ жергілікті экожүйе үшін ерекше маңызға ие. Соған қарамастан, экобелсенділер орманды кесіп, баға жетпес ландшафттарды жойғысы келетіндермен күресіп келе жатыр. Ибради-Аксекидегі ең танымал орындардың бірі – тереңдігі 40 метрді құрайтын көлі бар Алтынбешік үңгірі.


Финка Беллависта, Коста-Рика

Коста-Риканы туристер арасындағы ең танымал аймақтың бірі деп атауға болады. Жергілікті бюджетке түсетін қаржының арқасында жыл сайын мұнда экоқонақүйлер, орталықтар мен кешендер салынады. Мысалы, онда Finca Bellavista атты бірегей эко-қонысы бар. Мұнда барған саяхатшылар ну орманның ортасындағы ағаш үйлерде мекендейді. Оларды дайын түрде жалға алуға немесе өзіңіз салуға болады. Ал, сізге қызмет көрсететін мамандар үй салудың техникасын үйретіп, қажетті материалдарды табуға көмектеседі.


Норвегиялық фьордтар

Көптеген турист Норвегиядан экологиялық демалыс іздейді. Сондықтан ел билігі жағалау маңын зиянды әсерден қорғау үшін балық аулау, өнеркәсіп және аң аулауға қатаң бақылау жасау сынды барлық шараларды қабылдап жатыр. Мұнда барған саяхатшылар велосипедпен, қайықпен серуендеп, айналадағы ауылдарға экскурсия жасай алады.


Керала, Үндістан

Үндістанның жақсы ең дамыған Штаттарының бірі — Керала болғандықтан онда баруға көптеген адам асығады. Сондықтан, бірнеше жылдан кейін мұндағы туристер ағыны айтарлықтай артады деп жоспарланып отыр. Бірақ, біраз жылдан кейін мұндағы ерекше флора мен фаунаға қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті, қазір жоғарыда айтылған қауіптердің алдын алу үшін мұнда спа-салондар, йога және медитация орталықтары эко-қағидаларға сәйкес салынуда.


Галапагос аралдары

Эквадор туристердің сүйікті елдерінің тізімінде жиі кездеседі. Ал, ондағы ең танымал эко-бағыттардың бірі – атақты Галапагос аралдары. Өйткені, Галапагос билігі жергілікті жануарлар мен табиғатты қорғау жөніндегі қатаң заңдар мен шаралардың арқасында қоршаған ортаны сақтауға қол жеткізген. Сондықтан аралдардың көптеген қорықтары туристер үшін жабық болып саналады. Сонымен қатар, онда барған туристер жергілікті билік қабылдаған қатаң ережелерге бағынуы қажет. Атап өтсек, саяхатшылар тек туристерге арналған нұсқаулық бойынша жүре алады. Сосын, баратын аумаққа қандай да бір затты сырттан кіргізуге қатаң тыйым салынған.


Бүгінде эко-туризм барша адамзаттың басты мәселесіне айналды. Сондықтан сіз де саяхат барысында адами қасиеттерге сай әрекет етіңіз. Қоршаған ортаға жасаған қамқорлығыңыз - өзіңізге жасаған қамқорлығыңыз!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Қысқы серуенге шықпас бұрын мына кеңестерді ОҚЫП АЛЫҢЫЗ!


Швейцария саяхатшыларды несімен қызықтырады?