Инстаграмда аты шыққан алты жер

0
3 225

Инстаграм желісі Жер шары тұрғындарының жүректерін жауласа, Жер шарының көрікті орындары инста-әлемді жаулауда. Бұлай дейтін себебіміз — қандай да бір назарға ілігетін нысанның суретін бір мезетте бірнеше миллион желі қолданушылары жариялайды да, әп-сәтте әлгі орын танымал туристік нысанға айналып шыға келеді.


Инстаграмда аты шыққан алты жер

фото: getrewards.in

Инстаграм желісі Жер шары тұрғындарының жүректерін жауласа, Жер шарының көрікті орындары инста-әлемді жаулауда. Бұлай дейтін себебіміз — қандай да бір назарға ілігетін нысанның суретін бір мезетте бірнеше миллион желі қолданушылары жариялайды да, әп-сәтте әлгі орын танымал туристік нысанға айналып шыға келеді. Қазірге дейін дәл осындай жолмен инста-желіні жаулап, танымал туристік нысанға айналғандар саны бірнешеу. Тіпті, инста-әлемнің майталмандары арасында «Егер парақшаңда осы орындарда түскен суретің болмаса, блоггер болғаның бекер» деген пікір де қалыптасқандай.


фото: slavyanskaya-kultura.ru

Польша жеріне орын тепкен Залипье ауылын құдды сурет галереясы ма дерсің. Ондағы әрбір үйдің қабырғасы түрлі суреттермен айшықталған. Бір кездері жергілікті әйелдер сыны кетіп, күйелеш тартқан үй қабырғаларына гүл суреттерімен басқаша өң беруді бастапты. Кейін келе мектеп, шіркеу, тіпті, көше бойындағы ағаштарды да безендіруге бел шеше кіріскен. Нәтижесінде пайда болған ерекше ауыл көріністері Инстаграм желісінде вирусша тарады. Елдімекеннің 1000-ға жуық қана тұрғыны бар, алайда ол жайлы әлемнің миллиондаған тұрғыны хабардар.


фото: freeyork.org

The 14th Factory — Лос-Анджелес қаласындағы көркем инсталляция. Британ суретшісі Саймон Берчтің туындысы да Періштелер қаласына жол тартқан инстаграмшылардың сүйікті орнына айналған.

Көрме аумағындағы түрлі тақырыптық блоктар ең ерекше, ең әсерлі кадрлары үшін жоғары сұранысқа ие болып тұр.

фото: fw-daily.com

Лос-Анджелеске сапар шеккен инста-блоггерлердің соқпай өтпейтін тағы бір орны — Paul Smith дүкені. Әрине, қай елде болмасын туристер саяхат барысында сан түрлі дүкендерге бас сұғады. Сауда-саттық жасау үшін. Тек, Paul Smith-ге барудағы мақсат мүлдем басқа. Мұнда үнемі дүкен сөресінен қажетін іздеген алушыларға қарағанда, қабырғамен суретке түсіп жатқандар саны көп болады. Себебі, олар — Инстаграм арқылы аты шыққан «Пол Смиттің алқызыл қабырғасы» және «Кемпірқосақ-қабырға».

фото: cocokelley.com

Лондондағы Sketch шайханасын құдды бір қуыршақтарға арналған ойын үйшігі дерсің. Ашылғанына он шақты ғана жыл болыпты. Осы аз уақыттың ішінде ол қызмет бағасының жоғарылығына және келушілердің көптігіне қарамастан, Инстаграм қолданушыларының көңілінен шығып, сүйікті орнына айналып үлгерген. Бұған себеп — ашық түстерге басымдық берген дизайны ма әлде шайының дәмі ерекше ме? Ол жағы бізге белгісіз. Белгілісі — өзіне еріксіз тартатын бір магниті бар және ол көбіне инстаграм қолданушыларына қатты әсер етеді.

фото: turkoktail.ru

Швейцарияның жасыл желекке оранған Бергюн қаласы да Инстаграм таспасынан жиі көрінеді. Жиі болғаны сонша, жақында жергілікті билік елдімекенді суретке түсіруге, оны желіге жариялауға тыйым салыпты.

Тыйым салудың себебінің өзі қандай десеңші! «Әлеуметтік желіге жарияланған біздің өлкеміздің көркем пейзаждары оны өз көзімен тамашалай алмаған жандарды бақытсыз күйге душар етеді» дейді олар.

Десе де, бұл оның инста-қолданушылар арасында атағының кең тарауына кедергі болмай тұр.

фото: edinstvennaya.ua

Тағы да Лос-Анджелес... Тағы да алқызыл түс... Бұл жолы үйлер. Бар-жоғы үшеу-ақ. Жақында ғана боялды. Нәтижесі — танымалдылық. Идея авторы — суретші Мати Мо. Үш ғимаратты толықтай алқызыл түске бояудағы мақсат біреу-ақ — суретке түсіріп, Инстаграм парақшасында жариялау. Автордың мақсатына жеткені күмәнсіз.

Байқасаңыздар, инстаграм қолданушылары көбіне жарқын түстер мен ерекше көріністерді таңдайтын сыңайлы. Бұл олардың ашық-жарқын өмір сүруге деген ұмтылысының, әдемілікке құштарлығының бір белгісіндей.

Дайындаған: А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ