Қазақстандықтар ВИЗАСЫЗ-ақ мына елдерге бара алады

0
6 221

Шетелге шығуды жоспарлап жүрген адамдарға керек ақпарат!


Қазақстандықтар ВИЗАСЫЗ-ақ мына елдерге бара алады

Кез келген адам бос уақытын тиімді пайдаланып, қарбалас жұмыстан шаршаған миын тынықтырып, өмірдің осы бір сәттерінен ләззат алу үшін демалысын қандай да бір жерде өткізуді қалайды. Шама-шарқы жететіндер тіпті шетелге саяхаттауды жоспарлайды. Ал, шекара асып шетелге шығу үшін бірнеше құжаттарыңыз сай болуы тиіс. Оның ішінде ВИЗА аса маңызды болып есептеледі. Дегенмен, кей елдерге бұл құжатсыз да бара беруге мүмкіндік бар. Дәл сіз оқып отырған мақаладан сол мемлекеттерді және онда визасыз қанша уақыт жүруге болатынын біле аласыз.


• Мұндай мүмкіншілік қарастырылған елдердің тізімін таулы туризмі ерекше әсер қалдыратын Грузия бастайды. Онда визасыз бір жыл бойы жүре беруге болады.

• Одан кейін 180 күнге дейін визасыз жүруге болатын Армения тұр.

• Ал, 90 күн бойы визасыз саяхаттайтын ел іздесеңіз, Албания, Әзірбайжан, Беларуссия, Колумбия, Коста-Рика, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Намибия, Ресей, Түркия және Украинаны таңдауға болады.

• Сонымен қатар, Қазақстаннан шығып, мына елдерге 30 күнге визасыз кіруге мүмкіндік бар. Олар: Аргентина, Барбадос (28 күнге дейін), Бразилия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Ливан, Мальдив, Малайзия, Никарагуа, БАӘ, Сербия, Сейшел аралы, Тәжікстан, Өзбекстан, Филиппин және Эквадор.

• Дегенмен бұл нұсқалар ұнама, Гонконгқа 14 күн визасыз кіруге болады. Сонымен қатар, Черногорияға тек қана жаз айларынан бастап 31 қазанға дейін 1 айға, Туниске туристік жолдама болған кезде және жолдамада белгіленген күндерге ғана, Хайнань аралына туристік топ шеңберінде және жолдама мерзіміне, Египетке туристік жолдама болған жағдайда 25 АҚШ долларына 30 күнге бір виза сатып алып кіруге болады.


КЕЙ ЕЛДЕРГЕ ВИЗАНЫ ТІКЕЛЕЙ ӘУЕЖАЙДАН АЛУҒА БОЛАДЫ

Бұл жағдайда визаға әуежайда өтініш беріп, бірнеше минут ішінде иеленуге болады. Оған әдетте мынандай құжаттар қажет (Ескерту! Әр әуежайда қажетті құжаттар тізімі әртүрлі болуы мүмкін, оны әуежайдың сайтына кіріп, анықтап алған дұрыс!): жеке куәлік; фотосурет (кейде оны әуежайда жасатуға болады, бірақ бәрінде емес, сондықтан алдын-ала дйындағаныңыз жөн); егер сіз сапарды ары қарай жалғастыратын болсаңыз, басқа елдерге барып-келетін билеттер; туристік қолхат немесе қонақүйді брондау туралы анықтама; сізде ақша бар екенін растайтын анықтама (мысалы, банктік шоттан үзінді көшірмесі); анкета немесе көші-қон картасы; бажды төлеу үшін қолма-қол ақша.

Сонымен, әуежайдан мына елдерге, көрсетілген қаржыға, белгіленген мерзімге виза жасатуға болады:

Бангладеш – 50 АҚШ долларына 30 күнге дейін, бірақ көбіне виза ұшу күніне дейін беріледі.

Бурунди – 90 АҚШ долларына бір айға.

Бахрейн – 14 күнге 25 АҚШ долларын құрайды.

Вьетнам – виза алу үшін сізге аккредиттелген Вьетнам турагенттігнен шақыру хат қажет. Бір айлық виза үшін 25 АҚШ доллары.

Гренада – Қазақстандық туристеріне 90 күнге виза беріледі.

Доминикан – кіру кезінде 10, ал шығу кезінде тағы 20 АҚШ долларын төлеу керек болады. Бұл үшін туристерге 30 немесе 60 күнге виза беріледі.

Джибути – виза құны 30 АҚШ доллары, мерзімі — 30 күн..

Кабо-Верде – 30 күндік виза 25 евро тұрады.

Иордания – әуежайда шамамен 57 АҚШ долларына 30 күнге виза беріледі.

Лаос – 30 күнге 30 АҚШ доллары. Бұл визаны сол елде жүрген кезде ұзартуға болады.

Маврикий – 17 АҚШ долларына 60 күнге виза беріледі.

Шығыс Тимор – 30 күндік виза үшін 30 АҚШ доллары.

Мадагаскар – 90 күнге 65 АҚШ доллары.

Макао – Қазақстандық туристер 30 күндік визаны шамамен 12 АҚШ долларына алады.

Мозамбик – визасын тек Мапуту әуежайы арқылы кірген кезде алуға болады. 30 күндік визаның бағасы – АҚШ 25 доллары.

Непал – бір айға шамамен 30 АҚШ доллары, ал елден шығар алдында 17 АҚШ долларын төлек керек.

Палау – 50 АҚШ долларына 30 күндік виза.

Таиланд – 60 күн үшін 15 АҚШ доллары.

Ямайка – 30 күндік виза шамамен 100 АҚШ доллары және елден кетер алдында 20-25 АҚШ долларын төлеу қажет.

Ескерте кетейік, виза алып жатқанда қай күннен қай күнге дейін есептелетінін нақтылап біліп алыңыз!


ОНЛАЙН ВИЗА

Кезекке тұруды қаламайтындар визаны онлайн жасата алады. Қажетті құжаттардың нақты тізімін әр елдің елшілігінің веб-сайтынан таба аласыз. Барлық құжатты жинап, баж салығын төлегесн, бірнеше күн немесе бірнеше сағатта виза дайын болады. Сондықтан 1 ай немесе ең кемі 3 күн бұрын өтініш жасау қажет. Ал, онлайн визаны мына елдерге рәсімдеуге болады: Кения; Камбоджа; Габон; Мьянма; Кот-д ' Ивуар; Үндістан; Руанда; Уганда; Сингапур; Шри-Ланка және Танзания.


ҚҰЖАТҚА БАРЫНША МҰҚИЯТ БОЛЫҢЫЗ!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Әлемдегі ЕҢ ТАНЫМАЛ саябақ ХАЛЫҚ ҮШІН салынған


Саяхатшылар арасындағы ЕҢ ӨРЕСКЕЛ қателіктерді қайталамаңыз!