Қазан айында ҚАНДАЙ елдерге саяхаттаған дұрыс?

0
3 868

Күздің екінші айы келгенде біздің елімізде ауа температурасы төмендеп, жауын-шашын басталатынын білеміз.


Қазан айында ҚАНДАЙ елдерге саяхаттаған дұрыс?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Саяхатқа шыққысы келген адам жылдың кез келген мезгілінде қолайлы бағыт таба алады. Соның ішінде қазан айында кейбір елдердегі туризм саласы тоқтағанымен, енді бір елдерде демалыс маусымы қызып тұрады. Мысалы, елімізде жауын-шашын, қара суық басталғанда, басқа мемлекеттерге барып, жағажайда жатып та демала аласыз. Ал, олар қандай елдер? Бірге танысайық.


ТҮРКИЯ

Қазан айының бірінші жартысында саяхаттайтын болсаңыз, Түркиядағы жағажайларға баруға болады. Мұнда бұл уақытта турист аз болатындықтан, демалуға қолайлы болады. Әрі су шамамен +27 °C дейін қызып, жүзуге де мүмкіндік болады. Оның үстіне баратын туристер азайғанкезде баға да төмендейді.

Түркиядағы ең элиталық демалыс орындарының бірі – Мармарис. Бұл жердегі баға күзге дейін қымбат болса, күздің ортасына қарай барлық адамға қолжетімді болады. Сонымен қатар, Бодрум, Анталия, Алания, Белек, Кемер, Сиде жағажайлары да демалуға оңтайлы. Одан бөлек, табиғат, ежелгі бекіністер, ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мұра нысандар, мешіттер мен ежелгі қалаларды тамашалай аласыз.



ТУНИС

Бұл мезгілде Тунисте де дәл Түркиядағыдай ауа райы жайлы, баға қолжетімді, жағажай демалысы белсенді болады. Оның ішінде Хаммамет, Монастир, Сусс, Мохдия және Джерба жаажайларында демалған қолайлы. Егер, жаныңыз тыныштықты қаласа, Мохдия мен Монастир, ал ойын-сауық ұнаса, Хаммамет пен Сусс қалаларына саяхаттау қажет. Сондай-ақ, қазанда Карфагенде музыка фестивалі басталып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен музыканттар жиналады. Одан бөлек, базар аралап, Карфагеннің ежелгі ескерткіштерін тамашалауға мүмкіндік туындайды.


КИПР

Кипр – қазан айындағы демалысқа қолайлы ең танымал бағыттардың бірі. Өйткені, бұл уақытта Жерорта теңізінің климаты ерекше болып тұрады. Оның үстіне, құжынаған туристердің қарасы азайып, жағажай демалысын қызықты ететін фестивальдер мен спорттық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Әсіресе, Ларнака, Пафос, Айя Напа, Фамагуста жағажайлары қызыққа толады. Сонымен қатар, Кирпде ғибадатханалар, су ойын-сауық саябақтары секілді көрнекті орындар да жеткілікті.


ГРЕКИЯ

Күздің орта тұсында көне қалалары, ашық аспан астындағы театрлары және тарихи нысандарымен әлемге танылған Грекияға да саяхаттаған дұрыс. Бұл кезде демалыс үшін ең қолайлы орындар Крит және Кос аралдары болады. Өйткені мұнда шомылу маусымы ұзаққа созылады. Мысалы, Критте су мен ауа температурасы бірдей болады және жауын-шашын болмайды. Оған қоса, күздің ортасында елде көптеген діни мерекелер, өнер фестивалі, шерулер мен мәдени шаралар өткізіледі. Демек, грек мәдениетімен де танысуға мүмкіндік тумақ.


ГРУЗИЯ

Қазан айында ауа райы өте қолайлы болатын Грузияға Ереван, Минск, Рига немесе Баку қалалары арқылы барған дұрыс. Егер барып жатсаңыз, міндетті түрде әлемге әйгілі «Боржоми» курортына барып, минералды сулармен емделіп, тыныштықтан ләззат алған жөн. Ал, қонақжай әрі қызықты Тбилиси – туристерді жылы шыраймен және көптеген көңілді іс-шаралармен қарсы алатын қала.


ЧЕХИЯ

Ал, Чехиядағы күз – ежелгі шіркеулерді, ортағасырлық сарайлар мен көне сәулет ескерткіштерін зерттеуге ең қолайлы уақыт. Одан бөлек, Прага қаласының табиғаты керемет атмосфераға айналып, күзге орнаған шаһарда ғажап кадрлар жасауға болады. Ол жаққа күзде барған туристердің көпшілігі «мұражайларда, тар әрі ескі көшелерде серуендеу, ашық террастарда кофе ішіп демалу керемет әсер сыйлайды» деген пікір білдірген. Сосын, сыралары немістердіңкінен кем түспейтінін айтып жатады. Ал, ол ұнамаса, минералды су көздерімен емделуге болады.


ЧЕРНОГОРИЯ

Черногроияда қазан айында жауын-шашын жиі болғанымен, шомылуға кедергі жасамайтын көрінеді. Сондай-ақ, рухани құндылықтарға қызығатындар елдің тамыры тереңге кеткен тарихы және мәдениетімен таныса алады. Сонымен қатар, күзде Черногорияға араналған турлардың бағасы әжептәуір төмендейді. Түсінген адамға бұл өте керемет мүмкіндік қой.



Әрине, күзде саяхаттауға қолайлы бағыттар бұлар ғана емес. Мысалы, Египет, БАӘ елдерін қоссақ болады. Сондай-ақ, табиғатты сүйетіндер еуропаның Германия, Испания, Италия секілді кез келген еліне барып, тұмса жаратылысқа тамсанып қайтса болады. Бастысы – баратын жерді зерделеп, шешімді ойланып қабылдаңыз. Сапарыңыз сәтті болсын!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Миллиардерлер мен олигархтар осындай жерлерде демалады


Өз бетінше саяхаттайтындар МЫНА КЕҢЕСТЕРГЕ құлақ асуы қажет!