КОРОНАВИРУСҚА дейін: Ең қауіпті індеттер ҚАЙДАН шықты?

0
4 397

Адамзат тарихында орасан зор шығынға ұшыратқан індеттер аз болмаған.


КОРОНАВИРУСҚА дейін: Ең қауіпті індеттер ҚАЙДАН шықты?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жуырда ғана Қытайда пайда болған «COVID-19» – коронавирус індетінің таралуын халықаралық маңызы бар пандемия деп жариялады. Бүгінгі таңда жер бетіндегі мемлекеттердің барлығы аты жаман аурумен күресіп жатыр. Дегенмен бұл дертке шалдыққандардың және қаза болғандардың саны күн санап өсуде. Адам өлімі көрсеткіші бойынша Италия алдыңғы қатарда тұрса, өкінішке қарай Қазақстанда да вирус жұқтырғандардың саны көбейіп жатыр... Енді тарихқа үңіліп көрелік.


Антонин обасы, 160-180 жылдар

Адамзат тарихындағы алғашқы ірі эпидемияға император Марк Аврелий Антониннің аты берілген. Өйткені, император бұл обамен соңғы демі қалғанша күрескен және осы індеттен қаза болған. Сонымен қатар, эпидемияны грек дәрігерінің есімі бойынша «Гален обасы» деп те атайды. Бірақ, аурудың қалай, қайда пайда болғаны әлі күнге дейін анықталмаған. Кейбір деректерде оны шешек немесе қызылша ауруына балайды.

Тарихта қалған деректер бойынша, обаны Римге Таяу Шығыстағы жорықтан оралған сарбаздар әкелген. Антонин обасы сол жерден Рейне өзеніне дейін тарап, бес миллион адамның өмірін қиған екен. Содан кейін, қала қаңырап, Рим империясының алтын ғасыры аяқталған деседі.


Юстинианов обасы, 541-542 жылдар

Ал мына эпидемияның өршуі Шығыс Рим империясының құлдырауына себеп болған екен. Ол Мысыр мен Эфиопиядан бастау алып, егеуқұйрықтар арқылы Константинопольге жеткен деген болжам бар. Түрлі деректер бойынша, індеттен 25-100 миллион адам қаза болған. Тіпті, Константинополь тұрғындарының 66 пайызы обаның құрбанына айналған деген деректер бар.

Сондай-ақ, бұл індет Византияны, әсіресе оның экономикасын едәуір әлсіретіп, император Юстинианның Шығыс және Батыс Рим империяларын біріктіруіне мүмкіндік бермеген. Сонымен қатар, індет кезінде орын алған ахуал христиан дінінің кең таралуына ықпал еткен.


Қара өлім, 1338-1353 жылдар

Тарихтағы ең танымал індет 1346-1353 жылдары орын алған екен. Әртүрлі деректерге сүйенсек, оба сол кездегі Еуропа халқының 30-60 пайызын, яғни шамамен 75-200 миллион адамның өліміне себеп болған.

Тарихи деректерге сүйенсек, оба Гоби шөлінде — қазіргі Моңғолия мен Қытайдың шектесетін жерінде пайда болған. Құрғақшылық әсерінен жануарлар арасында белең алған ауруды адамдарға егеуқұйрықтар жұқтырған. Көп ұзамай Ұлы Жібек жолындағы моңғол әскерлері мен саудагерлері обаға ұшырайды. Ал Шығысқа шамамен 1320 жылдары жетіп, Қытайдың Хэбэй провинциясы халқының 90 пайызын жойп, Үндістан мен Орталық Азияға, содан кейін Еділ мен Донның төменгі ағысына, Қырымға келіп, бірте-бірте бүкіл Еуропаны қамтиды. Соның әсерінен салықтар өсіп, инфляция күшейеді, жойылып бара жатқан шекара заңдары қайта күшіне еніп, медицина мен техниканың дамуына сеп болған.


Коколицтли, 1545-1578 жылдар

XVI ғасырда Жаңа Испанияда (Қазіргі Мексикада) пайда болған жұмбақ аурудан жиырма екі миллион адамның он бес миллионы өайтыс болған. "Коколицтли" деп аталған індеттің негізгі белгілері: температураның жоғарылауы, қан кету, галлюцинация, жара және бас ауруы болған.

Індет негізі тарихта аты қалған «ацтек» халқын жойып, испандықтарға олардың жерін жаулап алуға көмектескен. Қазіргі зерттеушілер "коколицтлиден" қаза тапқан адамдардың қаңқаларын зерттей отырып, ішек инфекциясын тудыратын бактериялардың іздерін тапқан. Ғалымдар бұл ауруды Америкаға испандықтардың өздері әкелген деп болжайды.


Холера, XIX ғасыр

Суықтың салдарынан Бенгалияда пайда болған тырысқақ пандемиясы қоздырғыштың мутациясынан басталды деген болжам бар. Ем қабылдамаса бірнеше сағатта өлімге ұшырататын аурудың алғашқы белгілері 1817 жылы анықталып, 1975 жылға дейін жалғасқан.

Дегенмен, Холера індеті эпидемиология мен медицинаның дамуына, түрлі ғылыми зерттеулерге, адамға зиян өнімдерді анықтауға, тырысқақ ошағы болған канализация мен су құбыры желілерін дамытуға түрткі болды. Түптің түбінде бұл індеттің көзі бір ғана су тарату колонкасы екені анықталып, оны өшіргеннен кейін оба бірден азайып кеткен.


Обаның үшінші пандемиясы, 1855-1910 жылдар

XIX ғасырда обаның тағы бір ірі індеті орын алып, құрбандар саны он екі миллионға жеткен. Ол Қытайдағы Юньнань провинциясында басталып, бірнеше онжылдықта бүкіл әлемге тарайды. Осы пандемия кезінде, 1894 жылы бактериолог Александр Йерсен оба таяқшасын тауып, көп ұзамай ауруды жеңуге көмектесетін антибиотиктер пайда болады.

1910-1911 жылдары індетке шалдыққандар саны азайып, бірте-бірте жойылып кеткен.


Испанка, 1918-1919 жылдар

1918 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиды. Ал "испандық" тұмаудың салдарынан қаза болғандар саны одан да асып кеткен. Ауру Бостон (АҚШ), Брест (Франция) және Фритаун (Сьерра — Леоне) секілді бірнеше портты қалаларда 1918 жылдың тамызында бірден таралып, вирусты бүкіл әлем бойынша 550 миллион адам жұқтырған және 50-100 миллион адам қаза болған. Бұл індет таралуы бойынша да, өлім саны бойынша да ең ауқымды оба ретінде тарихта қалған.


Азия және Гонконг тұмауы, 1957-1968 жылдар

"Азия" тұмауынан әлем бойынша екі миллионнан астам адам өлім құшқан. Ол Гуйчжоу провинциясында басталып, жабайы үйректер арқылы Қытай, АҚШ, Үндістан, Австралия, Филиппин, Ұлыбритания және континентальды Еуропаға тараған. Бұл тұмауға қарсы тиімді вакцина жедел әзірленген, алайда оның вирусы мутацияға ұшырап, 1968 жылы "Гонконг" тұмауы басталады. Ол бүкіл әлемге үш айда таралып, миллионға жуық адам қайтыс болды.


Эбола қызбасы, 2014-2015 жылдар

Эбола қызбасы сирек кездесетін, бірақ өте қауіпті ауру. Оны жұқтырғандардың шамамен жартысы қаза болған. Вирусқа қарсы вакцина дайындаумен көптеген зертханалар айналысқанымен, әзірге тек біреуі ғана сәтті шыққан. Ауру 2014 жылдың ақпан айында Гвинеяда басталып, Батыс Африка, АҚШ пен Испанияға тарайды. Батыс Африкадағы індет екі жылға созылып, он екі мыңға жуық адам қайтыс болған. Сондай-ақ, бұл індет Конго Демократиялық Республикасында әлі де жалғасуда.


ВИЧ немесе ЖИТС жұқпасы, 1980 жылдан қазіргі уақытқа дейін

Адам ағзасында ұзақ өмір сүре алатын және көрінбейтін вирус маймылдардын жұқты деген болжам бар. Ол ең алдымен 1920 жылдары Конго бельгиялық колониясында орын алып, бірте-бірте Африкаға тарайды, ал 1970 жылға қарай АҚШ-қа келген. 1981 жылы ауруды алғаш рет сипаттап, сол уақыттан бері вирус 32 миллионға жуық адамның өмірін қиыпты.

Бұл инфекциясы өте баяу дамиды, біртіндеп иммунитетті жояды және өлімге душар етеді. Сондай-ақ, бір жұқтырған адамды толық емдеуге медицинаның мүмкіндігі жоқ, тек дер кезінде емдеу инфекцияның дамуын баяулатуға көмектеседі және вирустың таралуына кедергі жасайды. Қазір әлемде АИТВ жұқтырған 40 миллионнан астам адам тіркелген.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ

дереккөз: ашық ғаламтор беттері


Тағы оқыңыз:


Мысыр пирамидаларын КІМ тонаған?


Ұлыстың Ұлы күнін ҚАЙ ЕЛ ҚАЛАЙ атап өтеді?