Әлемнің ең әйгілі 7 базары

0
8 561

Шет мемлекет шегінде жүргендер міндетті түрде естелікке бұйым алып қайтқысы келеді. Ал ең ерекше кәдесыйларды арзан бағада алу үшін міндетті түрде базар жағалау керек. Онымен қоса, қандай да бір елдің тарихымен тыныстап, дәстүрін бойына сіңірген у-шулы базарын аралай жүріп рахат бір сезімге бөленуге болады. Әсіресе, мына базарларға барып көрсеңіз...


Әлемнің ең әйгілі 7 базары

суреттер ашық дереккөзден алынды

Кез келген саяхат суға шомылу, тынығу, көрікті жерлерді аралаудан ғана тұрмайды. Шет мемлекет шегінде жүргендер міндетті түрде естелікке бұйым алып қайтқысы келеді. Өзіне ғана емес, туған-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс — бәріне сыйлық алу атты парыз да бар мойнымызда. Ал ең ерекше кәдесыйларды арзан бағада алу үшін міндетті түрде базар жағалау керек. Онымен қоса, қандай да бір елдің тарихымен тыныстап, дәстүрін бойына сіңірген у-шулы базарын аралай жүріп рахат бір сезімге бөленуге болады. Расында, саяхаттың мұндай түрінің де өзіне тән ләззаты бар. Әсіресе, мына базарларға барып көрсеңіз...

Хан-Эль-Халили базары, Каир


Хан-Эль-Халили — Африка құрлығындағы ең үлкен базар. Көне көшелер бойын жағалай созылған сауда қатарлары, сөрелерге сықита толтырылған дәстүрлі-тарихи бұйымдар, ығы-жығы халық — бәрі де Каирдің бүгінгі әрі жүз жыл бұрынғы көрінісі. Ғасырлар тезі мен жан-жақтан қаумалаған өркениет элементтері жергілікті жердің атмосферасына еш әсер ете алмағандай. Дәстүрлі мысырлық кәдесыйлар алғыңыз келсе, осы базардан артық жер таппайсыз. Папирус қағазы орамасы дейсіз бе, шыныдан жасалған қолөнер бұйымдары дейсіз бе, ежелгі перғауындардың сүйіктісі болған хош иісті эфир майлары мен ағаштан ойылған мүсіндер... Мұндай кәдесыйларды өзіңізбен елге әкетер болсаңыз, нағыз Мысыр атмосферасын қоса алып баратыныңызға сеніңіз.

Портобелло базары, Лондон


Лондондағы Портобелло-роад көшесі бойында бұл базардың жайылып келе жатқанына 300 жылдан асты. Ең жаңа өнертабыс та, ең көне жәдігер де осыннан табылатын. Үш ғасыр бұрын да солай еді, қазір де солай. Іздегеніңіз алдыңыздан шығатыны анық. Тіпті, сауда-саттық жасамағанның өзінде, әуелеген үндері үнемі шығып жататын көше әртістері көңіліңізді көтереді. Портобелло базарында болған саяхатшылардың бәрі бірауыздан бұл жердің ерекше энергетикаға ие екенін айтады. Сіз де сезініп көріңіз.

Сент-Уан базары, Париж


Париж көшелерінде тек әнді бутиктер мен сауда үйлері ғана емес, қарақұрым халық құжынап жататын қан базар да бар. Бүкіл әлемде жайма базарлардың ашылуына бастау болған — дәл осы сауда нүктесі екен. Бір кездері бұл жерде қатарынан 12 базар орналасыпты. Кейіннен барлығы біріктіріліп, үш мыңға жуық дүкені бар алып қан базарға айналады. Бұл базардан да қазіргі өндірісте бар бұйымдардан бөлек, жоғары құндылыққа ие антикварлық жәдігерлерді де көптеп табуға болады.

Эль Растро базары, Мадрид


Мадридте тынығып жүрсіз, жолдаманың аяқталар күні жақын, ал сіз әлі шопингпен өзіңізді еркелетіп, елде қалған туыстарға кәдесый алып үлгермедіңіз бе? Ендеше, атышулы жексенбілік Эль Растро базарына жол тартыңыз. Мұнда көптеген атышулы брендтік өнімдердің арзан бағадағы көшірмелерін таба аласыз. Әлбетте, егер түпнұсқасын аламын десеңіз, басқа бағытқа қарай жүруге тиіссіз. Ал егер әмияныңыз жұқалтаңдық жырын айтып тұрса, керегіңізді осыннан іздеуге тура келеді. Мұндағы сауда нүктелерінің сөрелерінде көшірме бұйымдардан бөлек, Марокко мен Үндістаннан әкелінген заттар да сіресіп тұрады. Сонымен қатар, өзіндік атмосфераға ие антиквариаттар да, әлбетте.

Арпордағы түнгі базар, ГОА


Арпор қаласының көшелері әр сенбінің кешінде қызылды-жасылды түрге еніп, түрленіп шыға келеді. Бұл кеш — жергілікті тұрғындар мен сырттан келген саяхатшылардың «түнгі жорыққа» шығатын шағы. Неге десеңіз, басқа күндері моп-момақан болатын көшелердің бойы у-шуға толы базарға айналады. Нағыз үнді шайы, дәмдеуіштер, дәстүрлі киімдер, төмен бағадағы кілемдер, кашемирден тігілген киімдер, күміс әшекейлер көздің жауын алады. Онымен қоймай, алыс-жақын шетелдік суретшілер мен дизайнерлер де сенбінің кешінде бұйымдарын буып-түйіп осында келеді. Базар — сауда орны ғана емес, көңіл көтеруге де таптырмайтын жер.

Гранд базар, Ыстамбұл


Базарлардың ұлттық құндылық ретінде бағалануы, назар аударарлық орынға айналуы — сирек кездесетін жағдай. Дәл осы жағдай Түркияның Ыстамбұл қаласында орын алған. Аталған елдің ғана емес, әлемнің ең ірі әрі ең көне жабық базары 61 көше аумағын қамтып жатыр. Ондағы дүкендер саны 3 мыңнан асып жығылады. Нағыз бір қала ішіндегі қала дерсің. Қан базардың тарихы Византия империясы кезеңінен бастау алады. Үлкендігі сонша, кез келгеннің адасып кетуі оп-оңай. Бір қызығы, жаныңа не керектің бәрі табылатын базарда адасқандарға ақылы түрде жол көрсетушілер қызметі қалыптасқан.

Чатучак базары, Бангкок


Чатучак — әлемдегі ең алып базарлардың бірі, шопоголиктер үшін жұмақпен тең орын. Жарияға жар салып шақыратын Тайланд жәрмеңкелері, орталықта орналасқан кәдесыйлар дүкені барлық заттарын осы базардан артынып-тартынып апарады. Содан соң қалталы туристерге қымбат бағамен сатады. Ал біз сізге алыпсатарға алданбай, Чатучак базарының тура өзіне тартуды ұсынамыз. Тіпті дизайнерлік дүкендегі эксклюзив деген тауардың өзін кездестіріп қалуыңыз ғажап емес. Бір емес, бірнешеуін...

Жексенбіліктерде базар аумағында 8 мыңнан астам дүкен жұмыс істейді.

Барлық елдің базарында саудаңыз сәтті, саяхатыңыз әсерлі болсын!

Дайындаған: А.Бектұрғанова

ERNUR.KZ