Өзге елдерде біздегідей ШЫНАЙЫ туристік орындар ЖОҚ – саяхатшы

0
5 786

"Туристер тарихи жәдергерлерді бүлдіріп, алып кетуден аулақ болса..."


Өзге елдерде біздегідей ШЫНАЙЫ туристік орындар ЖОҚ – саяхатшы

Өмір болғасын кез келген салада жетістік пен кемшілік қатар жүреді. Сондықтан, түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан мен киелі өлкедегі туризм жайында жұртшылық табиғат жанашыры, қорғаушысы, эколог, саяхатшы ретінде танитын, Сырдария-Түркістан МӨТП туризм бөлімінің меңгерушісі Ғани Назарбекпен сұқбаттасуға бел будық.


- Өзіңіз Түркістан өңіріндегі қандай көрікті, киелі, тарихи орындарда болдыңыз? Солардың арасынан үздік бестікті атай аласыз ба?

- Облыстың барлық нүктелерінде болдым деп айта аламын. Ал, үздік бестікке тоқталар болсақ, Сайрам-Өгем мен Ақсу-Жабағылыны біріктіріп жіберсек болады. Одан кейін, Отырар-Арыстан баб-Түркістан-Сауран-Үкаша ата бағыты. Үшінші – Қарабура әулие, Баба түкті Шашты Әзіз жатқан, қойнауы тарихқа толы Қаратау етегіндегі қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ. Сосын, экотуризмдік бағыт – Сырдария өзенінің бойы. Сондай-ақ, көптеген туристер Түркістан өңіріндегі Шұбайқызыл секілді жерлерге қызғалдақты тамашалау үшін арнайы келіп жатады.

- Жалпы, күнгейдегі туризмнің қазіргі деңгейі қандай? Туристердің қай жерлерге қызығушылығы басым?

- Дәл қазір Түркістан облысындағы туризмге баға беру қиындау. Соншалықты жоғары деңгейде деп айтуға болмайды. Туристердің басым бөлігі Қ.А.Ясауи және Әзірет Сұлтан кесенелеріне келеді. Одан әрі қарай Арыстан баб, Үкаша ата кесенелеріне барып жатады. Сондай-ақ, зияратшылық туризммен бірге Отырар, Сауран секілді көне қалалар туризмінде де ілгерілеушілік бар. Яғни, зиярат етуге келгендердің көбі сол көне орындарға да баратынын жиі байқаймыз. Сонымен қатар, еліміздің өзге өңірлерінің, тіпті шетел тұрғындарының арнайы іздеп келіп көретін жері – Ақсу-Жабағылы қорығы.


- Бұрынғы туризм мен қазіргі туризмнің қандай айырмашылығы немесе ерекшелігі бар?

- Бұрынғы және қазіргі дегенде, бәрі бір туризм. Ешқандай ерекшелік те, айырмашылық та жоқ. Бұрынғы қалыпта, бір сарында келе жатырмыз.

- Сонда, саяхатшылардың қызығушылығын қандай тың туристік бағыттармен арттыруға болады?

- Тап қазір «экотуризм» бағыты бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Ол бастама әсіресе күн жылы мезгілде жақсы нәтиже көрсетуде. Осы орайда бір күндік турлар ұйымдастыратын туристік компаниялардың еңбегін атап өту керек. Негізі, біздің өңірде туристерді қызықтыратын бағыттар өте көп. Мысалы, ең алдымен тарихи-мәдени ескерткіштер, Қаратау, Тянь-Шань сынды биік және орта биік таулар, Мойынқұм, Қызылқұм шөлдері, Бетпақдала, Сыр өзенінің бойындағы тоғайлар және т.б. Қазіргі уақытта туристердің қызығушылығына байланысты түрлі маршруттар жасалып жатыр. Әр адам талғамына қарап таңдай береді. Сондай-ақ, туристерді қызықтыратын ең басты нәрсе – бұл түрлі бағыттағы туристік орындарды бір-бірімен байланыстыру. Сонда, қай турист болмасын зиярат жасап қана қоймай, мәдени-тарихи ескерткіштерді, тау мен шөл, тоғай мен көл – барлығын бірдей көріп кете алады. Көптеген елдерде мұндай бағыттар қарастырылмаған. Біз соны пайдалансақ, тиімді болар еді.


- Сіз туристермен тікелей баланыс орнататын адам болсаңыз, маршрутты қалай сызар едіңіз?

- Қазір көптеген туристік маршруттар сызылған. Бірақ, қазақтың тарихын көрсете алмай жатырмыз. Созақ, Түркістан, Отырар секілді көне орындардағы тарихымызды дәріптеу қажет. Біз көбіне діни бағытқа бұрылып кетеміз де, тарихты кейінге ысырып тастаймыз, тіпті кейде айтылмай да қалады. Сондықтан, осы бағытты дамытуға көңіл бөлер едім.

- Біздегі туризм саласына не жетіспейді? Егер, сіздің сөзіңізді іске асырамыз десе, қандай ұсыныс айтар едіңіз?

- Біздегі туризмге жетіспейтін – қызмет көрсету, яғни сервис. Одан кейін көптеген гидтердің сауаты мен тәжірибесінің толыспағаны. Сосын, көрікті орындарға тиіспеу қажет. Табиғи парктің немесе кесененің аумағына қонақүй салып, ойын-сауық орталығын ашып тастау сияқты әрекеттерден аулақ болған дұрыс. Өйткені, Түркістан өңіріне туристер шынайы тарих пен табиғатты көру үшін келеді. Көптеген сервисі мықты елдерде біздегідей шынайы туристік орындар жоқ екенін және сол тұрғыдан ұтатынымызды біліп жүрген абзал. Одан бөлек, саяхатшыларды жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрі, мәдениеті мен шаруашылығы қызықтыратынын ескеру керек.


- Әлемдегі қандай танымал туристік орындарда болдыңыз?

- Ондай жерлерге бармағам. Өз өңірімізде және ел аумағындағы 5-6 жерде болғам.

- Сізді Гималайдың шыңына шыққан дейді. Сол рас па?

- Бұл асыра айтылған сөз. Ол шыңға әлі шықпадым. Бірақ, Тянь-Шаньның біраз шыңын бағындырдық. Әзірге сол жеткілікті. Бұйыртса, ол шыңды да бағындырамыз. Дегенмен, Гималайдың небір шыңдарына шығып, қазақтың атын танытып жүрген Мақсұл Жұмаев сынды ағаларымыз бар.


- Қазіргі уақытта туристерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Бүгінгі күннің басты мәселесі – коронавирустан сақтану. Сонымен қатар, туристерге тарихи орындардағы жәдігерлерді бүлдірмеуге және өзімен бірге алып кетпеуге кеңес берер едім. Одан кейін, қай жерге бармасын, жеке бас пен өрт қауіпсіздігін, қоқыс тастамау ережелерін сақтаған жөн. Жалпы, адам апта сайын болмаса да, айына бір рет саяхаттау керек, ұялы телефон мазаламайтын жерлерге барып рухани демалу қажет. Өйткені, саяхат адамның еңбек қабілетін қалпына келтіретін дүние.


Сұқбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Туристер НЕ ҮШІН Дубайға саяхаттағысы келеді?


Ұры-қарыдан осылай сақтану керек! Туристерге ӨТЕ ПАЙДАЛЫ лайфхактар