​Саяхатшы: Венеция СУ АСТЫНДА қалуы мүмкін

0
2 024

Ол әлемнің 20-дан астам еліне сапар шеккен


​Саяхатшы: Венеция СУ АСТЫНДА қалуы мүмкін

Жаңаөзеннің тумасы Іңкәр Сәдуақасова – бала арманы мен білім іздену жолын шебер ұштастыра білген жас саяхатшы. Осы уақытқа дейін әлемнің 19 елінің 45 қаласында болып үлгерген. Бүгінде өзі саяхаттап қана қоймай, қазақша трэвэл блогерлікті қолға алған. Отандастары үшін турлар ұйымдастырып, жат жерді жетелей жүріп таныстыртын қызметі тағы бар.

Дәл қазіргі уақытта өмірлік серігінің оқуына байланысты уақытша Германияда күн кешуде.

Саяхатшының қызыққа толы күнделігінің бір парасын өз аузынан тыңдап көріңіз.


- Іңкәр, ең алғаш ел шекарасынан асып, шет мемлекетке неше жасыңызда шықтыңыз? Қандай мақсатта?

- Ең алғашқы шетелге сапарымды айтатын болсам, 5-сыныпты бітірген жылы жазда шыққан болатынмын. Яғни, 11 жасымда. Әкемнің жұмыс орнынан үздік оқыған балаларға жолдама берілетін. Сол мүмкіндік маған бұйырып, Украинадағы «Қырым» түбегіндегі лагерьде жазғы демалысымды өткізгенмін.

Сол кезде менде саяхатқа, ел-жер көруге деген үлкен қызығушылық қалыптасты. Сол қызығушылықты 11-сыныпты бітіргенше ішімде арман етіп сақтап жүрдім. Кейін, студент атанған соң І курстан бастап стипендиямды жұмсамай, саяхатқа шығу мақсатында жинай бастадым. Ең алғаш өз күшіммен, өз қаражатыммен шыққан шет ел – Түркияның Стамбул қаласы болды. Ол кезде 21 жаста болдым.

Осы саяхатымда Түркия, оның ішінде әсіресе Стамбул мені өзіне айрықша колоритімен, мәдени мұраларымен, әдемі, көрнекі орындарымен ғашық етті. Сонда ой келді «Мен ғаламшарымыздың кішкентай ғана бір бөлігінде өмір сүремін. Әлемде мен көрмеген қанша ел, қаншама жер бар. Болашақта соның біршамасын көрсем ғой» деген. Ол бьылай тұрсын, тек саяхаттап қана қоймай, басқа елде біраз уақыт тұрып, өмір сүріп көрсем екен деген мақсат пайда болды. Шетелде оқуды армандай бастадым. Осы арман-мақсаттардың жетегімен ағылшын тілін ден қойып оқып, тілдік білімімді жетілдіруге көбірек көңіл бөлдім. Шетелде оқуға мүмкіндік беретін бірнеше бағдарламаларды қарап, құжат тапсырып көргенмен, нәтижесіз болған еді. Сонда да үмітімді үзбей, мақсатыма қол жеткізу үшін іздене бердім. Ақырында, 4-курста оқып жүргенде оқуға деген сүйіспеншілігім, талпынысымның арқасында Еуропада, дәлірек айтсам, Венгрияның Батыс Венгрия университетінде білім алу грантын ұттым.

Еуропадағы өмірім менің көзқарасымды түгелдей өзгертті деп айта аламын. Көптеген нәрселерді үйрендім. Көптеген жақсы адамдармен танысып, жақын достар таптым. Өмірге деген сүйіспеншілігім артты. Білімімді, таным көкжиегін кеңейтуге деген құштарлығым арта түсті.

Яғни, Венгрияда оқу менің қазіргі және болашақтағы мақсаттарыма қол жеткізуге алғашқы қадамдардың бірі болды. Еуропаға бір барған адам тағы да барғысы кеп тұрады. Маған да бір семестр Венгрияда оқығаным жеткіліксіз болып, тағы да өзімнің бағымды сынап көріп, 2016 жылы Италияда Болонский Университетінде оқуға мүмкіндік ұтып алдым.


- Осыған дейін 20-ға жуық мемлекеттің тыныс-тіршілігімен танысыпсыз. Әрқайсысының есіңізде қалған басты ерекшеліктері қандай?

- Иә, әрбір елдің, ондағы халықтың өзіне ғана тән ерекшеліктері болады. Мен оны байқауға және жақсы жақтарын өзіме алуға, бойыма сіңіруге тырысамын.

Мәселен, Италияда көшеде кетіп бара жатсаң, тіптен танымайтын адамдар жүзіңе күліп қарап, амандасып жатады. Бұрын көрмеген бейтаныс жан саған еш себепсіз комплимент айтады. Яғни, адамдары ақкөңіл, жайдары. Үнемі көңілді жүреді және басқалардың да көңілін көтеруге тырысады. Танымайтын кісі болса да.

Ал, венгриялықтар қолынан келіп тұрса, ешкімнен көмегін, уақытын аямайды. Көшеде кетіп бара жатып жол сұрасаң, бар ынтасымен түсіндіреді. Тіпті, артық уақыты болса сенімен еріп баруға не көлігімен жеткізіп тастауға дайын. Сонымен қатар, қанағатшыл. Будапеште тамақтану көп Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзанға түседі. Қазір Германияда тұрып жатырмын ғой. Мұндағы адамдардың бойындағы ең ұнайтыны – тәртіп пен ережеге бекемдігі, ұқыптылығы. Уақытпен санасады, уақытымен жүріп-тұрады. Уәдеге берік. Нақты сөйлейді.

Негізінде әр халықтың осындай жақсы жақтарын өзімізге үлгі етіп алып отырсақ, жақсы жаққа қарай көп өзгеріс болар еді.

Испанияның Барселонасы – мен үшін ең әдемі қалалар тізімінде 1-орында тұрады. Қанша рет барсам да, жалықпаймын. Суды қатты жақсы көретін «балық адамдар» үшін Жерорта теңізі бар. Жағалауы қандай әдемі! Заманауи қонақүйлер мен кішігірім барлар, пальмалар мен жастардың ойын алаңдары керемет жарасым тапқан. Тұрғындарына қарап дүниедегі күліп жүретін жайдары адамдардың барлығы сонда жиналған ба деп ойлап қаласың.

Әсем қала Венецияны өз көзімен көруді, Гранд каналын гондоламен жүзіп өтуді армандамаған адам кемде-кем шығар. Бұл қалада үш рет болдым. Бірінші келгенімде мен бала кезден көруді армандаған ару қала үмітімді ақтамап еді. Мүмкін сол кезде ауа райының суық болғаны үшін шығар. Ал екінші сапарым өте жақсы әсер сыйлады. Венеция бар шуағын шашып, күліп қарсы алды. Осы саяxатымызда әлемдегі ең әдемі қала деп мойындалатын Венеция мен үшін жаңа қырынан ашылғандай болды. Қайталанбас әсер, еркше сезім сыйлады.

Өкініштісі, осындай ғажайып арал 30-50 жылдан соң, су астында қалады деседі ғалымдар. Бірақ, күндердің бір күні немерелеріме естелікке түскен суреттерімді көрсете отырып: «Біздің жас кезімізде осындай ғажап қала болған. Бұл шаһардың аты жер жаһанға әйгілі боп тұрған кезінде апаларың барып, өз көзімен көрген» деп, қызықтырып әңгіме айтып отыратынымды елестеткенде, көңіліме қуаныш сезімі ұялайды.

Ташкент қаласы дегенде есіме ең бірінші үш күшейтпелі сын есім түседі: тап-таза, жап-жасыл, жолдары теп-тегіс. Және асханасы, тағамдарының тіл үйірерлік дәмін еш ұмытпаймын.


- Бір постыңызда «Ешкім саяхаттан бәз баяғы қалпында оралмайды» деген мәндегі жазба қалдырыпсыз. Саяхат сізді қалай және қаншалықты өзгертті?

- Еуропаға шыққанға дейін мен өте ұяң, ұялшақ, тұйық Іңкәр болатынмын. Кейін, әлбетте, өзгердім. Оған жаңадан түскен орта, достарым көмектесті деп айта аламын. Ойымды ұялмай, ашық, еркін айта алатын болдым. Өз ойыңды еш қысылмай жеткізсең, адамдармен тіл табысу да, жетістікке жету де оңайырақ болатынын ұқтым. Осыны өзімдегі жақсы өзгерістердің бірі деп айта аламын.

Жалпы, мен үшін саяхат дегеніміз ол тек картадағы бір қаланы көрдім дегенге белгі қоюмен ғана шектелмейді. Саяхат – ол сіздің өміріңіздің тұтастай өзгеруі, айналаңыздағы құбылысқа басқаша көзқараспен қарап бастауыңыз.

Санаңызда сіңіп қалған «анау болмайды, мынау ұят» деген стереотиптердің тас-талқанын шығару, жеке өз ойыңыз қалыптасып не қалайтыныңызды ұғыну.

Күнделікті бір сарынды күйбең тірліктен шаршасаңыз, жаңа әдет бастауға жол табу, өз-өзіңізді жаңа қырынан тану, сүйікті ісіңізді тауып, содан шабыт алу, бұрын-соңды көрмеген жемістің дәмін татқан кездегі ләззат алу.

Әлемнің әр түкпірінен жаңа мақсаттарға жол ашатын, қызық жобаларының нәтижесімен бөлісетін көзі ашық достар табу.

Офлайн өмірдің рахатын көру. Бұл өмірдің инстаграм мен ұялы телефонсыз да керемет екенін ұғына білу, интернетке тәуелділіктен арылу.

Өз кәсібіңізді ашу. Шет елден қызықты бизнес идея таба білу. Өз аймағыңызда әлі жоқ, бірақ жерлестеріңіздің көңілінен шығатын, сол арқылы миллиондап табыс көзін әкелетін кәсіп түрін бастау.

Ең қызықты естеліктер. Сіздің өміріңіздегі көңіл көтеру тек өз қалаңыздағы кинотеатр мен клуб деңгейінен әрі аспаса, бұның да орнын толтырасыз. Диснейлендтегі ең қорқынышты аттракционда болу арқылы өз фобияңызды жеңу, Барселонада футбол матчын көру, сүйікті әлемдік өнерпаздың жанды үнін жақыннан естіп, тыңдау секілді естен кетпен сәттер арқылы өміріңізді ең жарқын сәттермен толтырасыз. Кейін есіңізге алғанда еріксіз езуіңізге күлкі жиналатын естеліктер жинау.

- Саяхат пен оқуды, одан қалса, жұмысты шебер ұштастыра біліпсіз. Қазіргі уақытта турлар ұйымдастырып, табыс көзіне де айналдырдыңыз. Саяхатқа қатысты жоспарыңыздың келесі баспалдағы қандай болмақ?

- Жоспарларға келсек, дәл қазір әлем бойынша көп жерлерде карантин. Соңғы кездері біз күтпеген жағдайлар көп орын алуда. Сондықтан, нақты мақсатым мынау, жоспарым мынадай деп ештеңе айта алмаймын. Бірақ, жағдай тұрақталып, бұрынғы қалпына келсе, саяхатымның жалғасатыны анық. Сондай-ақ, тур ұйымдастыруды да қайта қолға аламын. Ол енді Еуропа елдері ішінде болады, ол да айқын.

Негізі мен тек қана шет елдің емес, Қазақстанның да туризміне өз үлесімді қостым деп мақтанышпен айта аламын. Өйткені, Қырғызстаннан 4 досым, Өзбекстаннан – 1, Ресейден 1 құрбым, 2 итальяндық құрбым мен 1 неміс досымды Қазақстанға шақырып, Алматының әдемі жерлерін көрсетіп, аралаттым. Алдағы уақыттарда бұдан да көп шетелдік достарыма Қазақстанды көрсетемін деп ойлаймын. Ол да жоспарда бар.

- Сіздің турдың артықшылығы неде? Шетелге шыққысы келгендер не себепті сізді таңдауы керек?

- Турымның артықшылығын айтар болсам... Негізі, шетелге келетін адамдар екі түрлі болады. Біріншісі – туристер болса, екіншісі – саяхатшы деп айтар едім. Туристер көбіне атақты жерлерге барады. Туристер тамақтанатын орындардан табылады. Яғни, арнайы туристер үшін жасалған жағдайларды ғана көреді. Оның ішінде шындық пен жалған араласып жүруі мүмкін. Ал, саяхатшы – жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен, өмірімен тереңірек танысады. Менімен келгендер – саяхатшы болады. Өйткені, оларды жергілікті халық өміріне етене жақын жүргіземін. Тұрғындар тамақтанатын орындарға апарамын. Әрине, жер жүзіне аты шыққан көрнекті орындарда да боламыз. Онымен қоса, екінің бірі біле бермейтін әсем де атмосфералы орындармен де таныстырамын. Осылайша қарапайым туристке қарағанда көбірек нәрсе көріп, көбірек сіңіріп, біршама білім алып,рухани демалып қайтады.

- Өз отандастарыңызға айтар сәлеміңіз болса, мархабат!

- Күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда «Бәрі жаман» деп, қолды бір сілтеп, барлық кінәні басқаларға үйіп-төгудің қажеті жоқ.

Өмірде тек өзіңізге ғана сеніңіз! Өзіндік «меніңізді» жоғалтпай, әр уақыт сайын дамуға бар күш-жігеріңізді салыңыз! Деградацияға ұшырауға жол бермеңіз! Қазіргі кезде депрессияның жетегіне еріп кету оп-оңай, әрине. Бірақ Сізге Жаратушымыз ұлы күш берді, деніңізге саулық берді, өзіңізге ғана тән ерекше қасиеттер берді. Сол өзгешелігіңіздің арқасында айқын мақсаттарға жете аласыз. Сіз армандадыңыз ба, демек, сол мақсатқа жетуге Сіз лайықтысыз! Жер шарында ұялы телефон мен интернетке телміріп отырғаннан да басқа қызықты дүниелер бар екенін ұмытпаңыз! Ел аралап, жер көріңіз! Ол Сіз ойлағандай орындалмас арман немесе қиын шаруа емес. Тіл үйреніңіз! Жан-жағыңызды көп жақсы жандармен қоршаңыз! Заттарды емес, қызықты сәттерді жинаңыз!

Әсеріңізбен бөліскеніңізге рахмет!

Әңгімелескен: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


"10 жылдық арманым": ДУБАЙға сапар шеккен АУЫЛ КЕЛІНІ қызықтарымен бөлісті


ҰШАҚТА ҰЙЫҚТАУдың соңы АУРУға соқтыра ма?